АҚЫН ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ ПОЭЗИЯСЫ ТІЛІНДЕГІ ТЕҢЕУДІҢ СТИЛЬДІК ҚЫЗМЕТІ
Омарқызы Қ.
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің ІV курс студенті
Көкшетау қаласы, Ақмола облысы
Қайыржан Т.С.
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі, педагог-модератор
Аңдатпа: Бұл ғылыми мақалада поэтикалық мәтіндердегі теңеулердің қолданыс ерекшелігі қарастырылады. Жұмекен Нәжімеденовтің шығармаларындағы теңеу өрнектерінің көрінісі талданып, олардың қазақ тіл біліміндегі зерттелу жайына қысқаша шолу жасалады. Сондай-ақ теңеулердің ұлттық дүниетанымды, авторлық қолтаңбаны ашудағы қызметі нақты мысалдар арқылы дәлелденеді. Мақалада поэтикалық тілдің стильдік қырлары сараланып, теңеу тәсілдерінің мәтін құрылымына әсері көрсетіледі.
Аннотация: В данной статье проанализированы особенности употребления сравнений в поэтическом языке Ж. Нажимеденова. Раскрываются ключевые стилистические функции сравнений, а также их роль в создании образности и выразительности текста.На основе примеров показывается, что сравнительные конструкции усиливают эмоциональную насыщенность произведений и углубляют их художественный смысл. В статье также приведён краткий обзор исследований, посвящённых сравнительным структурам в казахском языке.
Abstract:The article examines the stylistic specificity of comparisons in the poetry of Zh. Nazhmedinov. It explores how comparative structures contribute to the expressiveness and imagery of poetic language. Through selected examples, the study demonstrates that comparisons enhance emotional depth and enrich the artistic texture of the poems. The paper also provides a brief overview of linguistic research on comparisons in the Kazakh language.
Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары терең мазмұнымен, оқырманды баурап әкететін ой тұңғиығымен қазақ поэзиясының асыл қазынасына айналған. Ол сөздің мәнін тереңінен ашып, мүмкіндігін толық пайдалана білген шебер ақын. Поэзия әлеміндегі биікке көтерілген, табиғи дарынымен ерекшеленген ақынды халық әрдайым ерекше құрметтеп келеді.
Сымбатты тұлғасы мен биік талғамы бар Жұмекен Нәжімеденов – қазақ әдебиетіндегі өзіндік орны айқын, поэзияға жаңаша өрнек әкелген, өлеңнің табиғатына өзгеше көзқараспен қараған қаламгер. Ол қазақ өлеңінің мазмұны мен құрылымына тың серпін беріп, өзінің мол шығармашылығы арқылы ұлттық әдебиетті жаңа кезеңге көтерген тұлға.
Әр халықтың көркем әдебиеті басқа халықтардан ең алдымен өзіне тән бейнелеу жүйесімен және сөз арқылы образ жасаудың өзгеше тәсілдерімен ерекшеленеді. Әдебиеттегі образдар табиғаты мен бейнелеу амалдары – ұлттық мінез бен ұлттық дүниетанымның басты белгілерінің бірі. Бұл элементтерсіз бірде-бір ұлттық әдебиеттің дамуы мүмкін емес. Әлбетте, көркем шығарманың қалыптасуында ұлттық тілдің рөлі ерекше.
Әдеби түрлердің де өзіндік көрініс беру жолдары, табиғатына тән заңдылықтары бар. Сол көркемдік тәсілдердің ішіндегі ең маңыздысы – теңеу. Теңеу – бейнелеу құралдарының ішінде ең қуаттысы әрі ең кең таралғаны. Басқа көркемдеу тәсілдерінің көбі өз бастауын дәл осы теңеуден алады.Теңеу арқылы суреткер заттың не құбылыстың ерекше қасиеттерін тікелей атап көрсетпей, оны басқа бір объектімен салыстыра бейнелейді. Осындай салыстыру нәтижесінде оқырманның көркем образ туралы танымы кеңейіп, эстетикалық қабылдау деңгейі тереңдей түседі.
Теңеуді оның пайда болу табиғатынан бастап стилистикалық қызметіне дейін жан-жақты қарастырған А.Г. Рубайло, А.Н. Веселовский, Б.В. Томашевский секілді орыс зерттеушілерінің еңбектерінің ғылыми құндылығы жоғары.
Қазақ тіл білімінде де теңеу мәселесі кең көлемде сөз болған. Қазақ лингвистикасының негізін салушылардың бірі А.Байтұрсынов: «Теңеу құбылыстың ерекше сипаттарын тура көрсетпей,оны өзге затпен салыстыру арқылы бейнелейді»деп анықтама береді.
Ал М.Серғалиев өз еңбектерінде «Теңеудің стильдік қызметі сан алуан, кей жағдайда аз сөзбен мол мағына жеткізуге арналса, енді бір орайда авторға ойды тұспалдап, астарлы түрде айтуға жол ашады. Мұндай астарлылық көбіне жинақылыққа негізделеді» деп, теңеудің көркем әдебиет тіліндегі мән-маңызын нақтылайды [1].
Қазақ тіл білімінде теңеу табиғатын терең әрі кешенді түрде талдаған көрнекті ғалымдардың бірі – Т. Қоңыров. Оның «Қазақ теңеулері» атты монументалды еңбегі бұл көркемдік тәсілдің лингвистикалық болмысын жан-жақты ашып көрсетеді. Зерттеуші теңеудің жасалу арналары мен синтаксистік құрылымын, түрлік жүйесін егжей-тегжейлі қарастыра отырып, мынадай тұжырым жасайды: «Теңеу – ортақ не ұқсас белгілерге сүйене отырып, бір затты екінші затқа салыстыру арқылы сипаттың көркемдік, бейнелілік, эмоциялық-экспрессивтік қуатын күшейтіп, нысанды тың, поэтикалық қырынан танытатын әрі стильдік амал, әрі танымдық тәсіл».
Қазақ тілінде теңеулердің грамматикалық табиғатын арнайы жүйелеп зерттеген жұмыстар тым аз. Соған қарамастан, бірқатар оқулықтар мен монографиялық еңбектерде жекелеген ақын-жазушылар шығармаларындағы теңеу қолданысы, оның дара жасалу жолдары жөнінде айтылған құнды пікірлер кезедеседі.Белгілі ғалым Қ. Жұмалиев қазақ тіліндегі теңеулерді жасаудың үш негізгі тәсілін көрсетеді: бірінші – –дай, –дей, –тай, –тей, –дайын, –дейін, –тайын, –тейін қосымшалары арқылы; екінші – –ша, –ше жұрнақтарының көмегімен; үшінші – секілді, сияқты, тәрізді сөздері арқылы жасалатын үлгілер. Зерттеушінің бұл жіктемесі қисынды болғанымен, теңеудің барлық жасалу мүмкіндіктерін түгел қамтып бітірмейді.
Қолдағы мол тілдік материалдарды саралай келе, қазақ тіліндегі теңеулердің жасалу жүйесі мынадай тармақтарға жіктелетіні байқалады:
- –дай, –дей, –тай, –тей, –дайын, –дейін, –тайын, –тейін жұрнақтары арқылы;
- –ша, –ше жұрнақтарының көмегімен;
- Шығыс септік тұлғасы (–нан, –нен, –дан, –ден, –тан, –тен) арқылы;
- Секілді, сияқты, тәрізді, іспетті сөздерімен жасалатын үлгілер;
- Бейне сөзінің көмегімен жасалатын теңеулер;
- Тең сөзі арқылы жасалған салыстырулар;
- Ұқсас сөзі арқылы жасалатын теңеулер;
- Аралас тәсілдер (бейне + –дай/–дей; бейне + секілді, т.б.);
- Параллелизм тәсілі арқылы жасалған құрылымдар;
- Қосалқы тәсілдер.
Теңеудің синтакcистік құрылымына келсек, олар мынадай түрлерге бөлінеді:
- Жалаң теңеулер
- Күрделі теңеулер
- Толымды теңеулер
- Толымсыз теңеулер
- Бірыңғай теңеулер
- Болымсыз теңеулер
Жалаң теңеулер – тек теңеуді құраушы негізгі мүшелердің қатысуымен ғана жасалып, зат пен құбылыстың қарапайым, айқын суретін береді. Онда ой да, образ да аса күрделенбейді.
Күрделі теңеулер – құрылымы жағынан әлдеқайда басым, жалаң теңеуге қарама-қарсы сипат. Бұл үлгіде образ да, суреттелетін зат та күрделі ұғымға негізделеді. Соның нәтижесінде ой тереңдеп, көркемдік қуаты жоғары, сезімдік-эмоциялық әсері күшті бейнелер пайда болады.
Бірыңғай теңеулер – бір сөйлем аясында бірнеше теңеудің тізбектеле келіп, бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқаруы арқылы көрінеді.
Толымды теңеулер – теңеудің құрылымдық үш элементі: салыстырылатын зат, оған ұқсатылатын образ және ортақ белгі – барлығы толыққанды қамтылатын бейнелеу үлгісі. Бұл терминді алғаш ғылыми айналымға енгізген Б.В. Томашевский.
Толымсыз теңеулер – толымды үлгіге қарама-қарсы, онда үш компоненттің бірі айтылмай түсіп қалады.
Болымсыз теңеулер – бір ұғымды екіншісіне теңей отырып, болымсыз мағынаны білдіретін құрылым [2].
Мысалдар:
- Күн көзімен жалт етті де, құшты кеп,
Алатаудай кәрі шалды әлгі қыз.
(«Баурай бұлтты жаңа кешті баяулап»)
Алатау – басын қар мен мұнар басқан, қысы-жазы ақ шапанынан айрылмайтын қасиетті тау. Тау басын қар жапса, қарттың самайын шер мен жылдар ақтандырады. Ақын «Алатаудай кәрі шал» деген теңеуі арқылы кейіпкердің парасатын, айбатын, өмірлік тәжірибесінің биіктігін тау бейнесімен шендестіріп көрсетеді.
- Сырындай мына даланың ашылып келем,
Ашылып келем.
(«Шомылып мөлдір өзенге»)
Дала – тылсымға толы, үнсіз әлем. Оның сыры бірден ашыла қоймайды, уақыт өте келе ғана сыр алдырады. Ақын өз жан дүниесін дала табиғатымен астастыра, ішкі әлемінің біртіндеп ашылып келе жатқан сырын табиғат тынысымен үйлестіре суреттейді.
- Жас өмір гүлдей көктеді,
Бұлбұлдай сайрап ұш өлең.
(«Сол бір кеш тілге келгенде»)
Жаңа көктеген гүлдің жұпары мен әсемдігі қандай тамаша болса, жастық шақ та дәл солай шуақты, көңілге шаттық сыйлайды. Ақын «гүлдей», «бұлбұлдай» деген теңеулер арқылы жас өмірдің қызығын, шабытты шақтың қуанышын нәзік әрі әсерлі бейнелеп береді.
- Ақша бұлттай үлпілдейді тамағы,
Аузын ашса – отырасың ән күтіп.
(«Күлімдеудің жоқ секілді керегі»)
Ақша бұлт – қиялды тербететін, үлбіреген, жұмсақ көрініс. Ақын әншінің тамағын сол ақша бұлтқа теңей отырып, оның даусындағы нәзіктік пен әуезділікті айрықша көрсетеді. Ән де дәл сол бұлттай жеңіл, жұмсақ, тыңдаған жанды еркелетіп өтеді.
- Ақтарыла қап кейде қақырап кеп,
Сынды кейде шөлмектей шатынап кеп.
(«Жақсы десе – жылынып жүрек жібіп»)
Ақын өмір жолындағы ауыр сәттерді шөлмектің тарс етіп сынуымен салыстыра сипаттайды. Кейде көңілдің сынығы жиналып, жан дүниесі шөлмектей шытынап кеткендей күй кешкен сәттері болғанын меңзейді. Үміттің үзілген, көңілдің қалған мезеттері дәл осы теңеу арқылы әсерлі ашылады.
- Тоқымдай ғана көлеңкем,
Төсіңде жатсын, қарайын.
Тоқым – шағын, ат әбзелінің кішкентай бөлшегі. Ақынның «тоқымдай ғана көлеңкем» деуі — өзінің қарапайымдылығын, кішілік пен төзімділігін білдіретін образ. Тыныштық іздеген жанның көңіл саясын осы шағын көлеңкеге балауы өте нәзік бейнелеу.
- Мағына бар әр басқа,
Кемпірқосақ секілді сан құбылған, арбасқан.
(«Махаббат пен қара тас»)
Кемпірқосақ алыстан қарағанда құбылып көрінгендей, сөздің мағынасы да түрлі жағдайға қарай өзгеріп, әрқалай реңк береді. Сөздің табиғатын игермеген кісі оңай қателесуі мүмкін. Ақын осы арқылы тілдің күрделі бояуын нәзік жеткізеді [3].
Қорытындылай келе,жасөспірімдердің дүниетанымын қалыптастыруда, олардың бойында ізгілік пен отаншылдық сезімін орнықтыруда Жұмекен Нәжімеденовтей ұлы ақындардың өшпес мұрасы ерекше рөл атқарады. Ақынның терең философияға толы, бояуы қанық поэзиясын жас оқырман жүрегіне жеткізу — бүгінгі күннің басты талабы.Қазақтың көрнекті ақыны Әбділда Тәжібаевтың сөзімен айтқанда:«Жұмекен поэзиясы – біздің ұлттық мақтанышымыз, ашылмаған алтын сандығымыз. Ақынның әрбір жолы – жаңалыққа толы қазына. Сол қазынаны ашуға талантты жас сыншыларды шақырамын»-деген ой бүгін де өзекті.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Қабдолов З. Сөз өнері. — Алматы: «TST-company», 2006.
- Қоңыров Т. Қазақ теңеулері. — Алматы: «Мектеп», 1978.
- 3. Нәжімеденов Ж. Өлеңдер мен поэмалар. — Алматы: «Ан Арыс», 2010.
- Нәжімеденов Ж. Таңдамалы шығармалар: Өлеңдер, поэмалар. – Алматы: Жазушы, 1985.
5.Нәжімеденов Ж. Менің Қазақстаным: Өлеңдер жинағы. – Алматы: Өнер, 2006.