ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНДАҒЫ ҮШТІЛДІЛІК: ӘЛЕУМЕТТІК СҰРАНЫС ЖӘНЕ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ
Студент: Өнербек Равия, Ғылыми жетекшісі: Ермекәлі.Б.Е.
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің
2 курс студенті
Ақмола облысы, Көкшетау қаласы
Аңдатпа. Бұл мақалада Қазақстандағы үштілділік саясатының қалыптасу негіздері, қоғамдағы әлеуметтік сұраныс деңгейі және білім беру жүйесінде жүзеге асу тетіктері қарастырылады. Үштұғырлы тіл идеясының мемлекеттік саясаттағы орны, оның әлеуметтік-мәдени маңызы, қарым-қатынастағы орынын айқындайды. Жаһандану жағдайында бәсекеге қабілетті, білімді тұлға қалыптастырудағы рөлі талданады. Сонымен қатар үштілді білім беру барысында туындайтын қиындықтар мен оны жетілдіру жолдары ұсынылады. Зерттеу нәтижесі үштілділік Қазақстан қоғамындағы тілдік үйлесімділікті нығайтуға, көптілді тұлға қалыптастыруға бағытталған маңызды стратегиялық бағыт екенін көрсетті.
Түйін сөздер: үштілділік, мемлекеттік тіл, білім беру, әлеуметтік сұраныс, тіл саясаты, көптілді білім.
Қазақстан көпұлтты, көпмәдениетті мемлекет ретінде тілдік саясатты заман талабына сай жүргізуді негізгі стратегиялық міндеттерінің бірі ретінде айқындап келеді. Елдің жаһандану жағдайындағы даму бағыты көптілді коммуникация мен халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауды талап етеді. Осыған байланысты «Үштілділік» немесе «Үштұғырлы тіл» жобасы мемлекеттің ұзақ мерзімді даму тұжырымдамасының маңызды бөлігі ретінде ұсынылды [1].
Қазақстандағы үштілділік саясатының мәні – қазақ тілін – мемлекеттік тіл ретінде меңгерту, орыс тілін – ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде пайдалану, ағылшын тілін – халықаралық ғылым мен инновация тілі ретінде оқыту. Бұл бағыт білім берудің барлық деңгейінде іске асырылып келеді.Алайда үштілділік тек білім беру саласының міндеті ғана емес, ол – қоғамның әлеуметтік сұранысынан туындаған, экономикалық, мәдени және геосаяси қажеттіліктерге жауап беретін кешенді саясат. Сондықтан үштілділіктің тиімді жүзеге асуы үшін оның әлеуметтік негіздерін, қоғамның қабылдау деңгейін, білім беру жүйесіндегі тетіктерін жан-жақты зерттеу қажет [2].
Мақаланың өзектілігі – үштілділік саясатының әлеуметтік сұраныспен байланысын талдау және оның білім беру саласындағы практикалық іске асуын қарастыру. Сонымен қатар үштілділіктің болашақтағы маңызын айқындап, жастардың үштілді меңгеруге ынтасын ашуды көздеу.
Қазақстандағы үштілділік идеясын дамытудың тарихи, әлеуметтік және саяси неніздері бар. Тарихи негізді алып қарайтын болсақ, біз тәуелсіздігін алғаннан кейін тілдік саясатта қазақ тілінің мәртебесін күшейтуге басымдық берілгенімен, қоғамның полиэтникалық сипаты орыс тілін қолдануды сақтап қалуды талап етті. Ал XXI ғасырдағы жаһандық үрдістер ағылшын тілінің маңызын арттырды.
Мемлекеттік бағдарламаларда үштілділік стратегиялық міндет ретінде қарастырылып, білім беру жүйесінде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді [3].
Үштілділіктің әлеуметтік сұранысы: Зерттеулер көрсеткендей, Қазақстанда үштілділікке деген сұраныс бірнеше факторға негізделеді:
- еңбек нарығының жаһандану талаптары;
- отбасылардың көптілді білімге деген қызығушылығының артуы;
- ақпараттық және ғылыми кеңістіктің ағылшын тіліне ауысуы;
- көпмәдениетті қоғамда тиімді коммуникация қажеттілігі.Қазіргі жастар үшін көптілділік — тек білім элементі емес, кәсіби табыстың негізгі шарты
Үштілділіктің білім беру жүйесіндегі іске асуы: Балабақшаларда үштілділіктің бастапқы элементтері енгізілсе, мектептерде қазақ, орыс және ағылшын тілдері жеке пән ретінде оқытылады. Жоғары сыныптарда жаратылыстану пәндерінің бір бөлігін ағылшын тілінде оқыту тәжірибесі кеңеюде. Бұл CLIL (Content and Language Integrated Learning) әдістемесі арқылы жүзеге асады. Университеттерде ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламалары, шетелдік серіктестік жобалар, халықаралық академиялық мобильділік кең таралған [4].
Үштілділікті қолдаудың негіздері және оның мемлекет пен жастарға пайдасы:
- халықаралық білім алу мүмкіндігі (академиялық мобильділік; Erasmus+, Mevlana, Bolashaq бағдарламалары);
- шетелдік ақпаратқа, ғылыми деректер базасына (Scopus, Web of Science) тікелей қол жеткізу;
- көптілді жұмыс нарығында жоғары жалақылы қызметке орналасу мүмкіндігі;
- цифрлық және ІТ салада ағылшын тілінің қажеттілігі;
- когнитивтік дамудың артуы — жады, логикалық ойлау, тілдік икемділік.
- Үкіметтің стратегиялық құжаттарында («Білім беруді дамытудың 2020–2025 жж.» бағдарламасы) үштілділік бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудың негізгі бағыты ретінде көрсетілген [5].
Қазақстан үшін үштілділік саясатын қолдаудың бірнеше стратегиялық, әлеуметтік және экономикалық себептері бар. Біріншіден, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеру мен қоғамдық өмірдің барлық саласында қолдану аясын кеңейту – ұлттық саяси-мәдени тұтастықты сақтаудың негізгі шарты. Үштілділік бұл процесті әлсіретпей, керісінше қазақ тілін ядролық тіл ретінде орнықтыруға ықпал етеді. Екіншіден, орыс тілі — Қазақстандағы көпұлтты қоғамды біріктіретін маңызды коммуникативтік құрал. Оның ғылыми, техникалық әдебиеттердегі үлесі де жоғары. Сонымен қатар көршілес елдермен экономикалық, мәдени байланыстар орыс тілін меңгеруді әлі де қажет етеді. Үшіншіден, ағылшын тілі — әлемдік ғылым, инновация, жоғары технология тілі [6]. UNESCO және OECD зерттеулері бойынша, ағылшын тілін еркін меңгерген мемлекеттердің адам капиталының деңгейі жоғары, инновациялық өнімдердің саны көп, экспорттық әлеуеті анағұрлым дамыған [7].
Қазақстанда үштілді білім беруді енгізу барысында бірнеше жүйелік, лингвистикалық және психологиялық кедергілер байқалады.
- Педагог кадрлардың жетіспеушілігі — Ағылшын тілін жетік меңгерген физика, химия, биология, информатика пәні мұғалімдерінің тапшылығы әлі де өзекті. ҚР БҒМ мәліметі бойынша, 2023–2024 оқу жылында мұндай кадр тапшылығы 27% құрады.
- Аймақтар арасындағы білім берудің әртүрлілігі — Қала мектептерінде үштілділік жақсы жолға қойылғанымен, ауыл мектептері техникалық база, интернет, кадр және оқулық жетіспеушілігін бастан кешуде.
- Оқу жүктемесінің көптігі — Оқушылар мен колледж студенттері үшін бірден көп пәндерді қатар меңгеру — когнитивтік жүктемені көбейтеді. Психолингвистикалық зерттеулер тілдік интерференция, шаршау, мотивацияның төмендеуі сияқты әсерлер болуы мүмкін екенін көрсетедіяғни бізде аса маңызды емес пәндерді шетке ысыра тұрып үштілді саясаттқа көңіл бөлуіміз керек.
- Әдістемелік материалдардың тапшылығы — CLIL-әдісімен сапалы оқу материалдарының жетіспеушілігі, қазақ тіліндегі ғылыми терминологияның тұрақтанбауы оқыту процесін күрделендіреді [2].
Үштілді оқыту өте тиімді болғаныменде оларды дұрыс әдіс-тәсілдермен үйрету маңызды. Осы орайда біз үштілді оқытудың фундаментін жақсы құю керекпіз, ал бізге онлайн қосымшалар көмектеседі. Толықтай жеке сабақ ретінде тек ғана 4 сыныптан қосылуы керек себебі бала ең бірінші ана тілінде толықтай меңгеру керек, бұл ұлт болашағы үшін маңызды деп есептейміз. Жаңа айтып өткенімдей үштілділік бағдарламасын жетілдіруде біз онлайн қосымшаларға жүгінеміз. Мысалы: “Duolingo”, “Pingo Al”, “Babbel”, “HelloTalk” қосымшаларын айта аламыз. Бұл қосымшалардың 116700000 – 1500000 аралығында тұтынушылары бар және бұл қосымшаларды қолданған 75% адам В1 деңгейіне жетті деген статистика ( 2024-2025 жылғы статистика) бар. Келесі кезекте тіл үйрену жолдарын қолжетімді ету. Қазіргі кезде біздің елімізде барлық тіл үйрену курстары ақылы әрі бағалары тиімді емес, сол себептіде біз білімді педагогтарды мектепкк жұмысқа тартуымыз қажет және мектептен тыс іс-шаралар жүргізуіміз керек [8].
XXI ғасырда үштілділікті дамыту тек дәстүрлі педагогикалық әдістермен шектелмейді. Соңғы жылдары цифрлық технологиялардың, соның ішінде жасанды интеллекттің (AI) дамуы тілдерді меңгерудің жаңа мүмкіндіктерін ашты. Әсіресе колледж студенттері үшін бұл бағыт өте тиімді, себебі олар мобильді қосымшаларды, онлайн-платформаларды, интеллектуалды чатботтарды белсенді қолданатын буын ретінде ерекшеленеді. Цифрлық тіл үйрету жүйелерінің басты артықшылықтары:
- жеке дара траектория құруы, яғни студенттің деңгейіне қарай тапсырмаларды автоматты түрде өзгертуі;
- мультимодальды үйрету – мәтін, видео, аудио, интерактивті ойын элементтері арқылы тілдік ортаны имитациялау;
- үздіксіз қолжетімділік – студент кез келген уақытта, кез келген жерде тілдік тәжірибе жинақтай алады;
- жасанды интеллект негізіндегі талдау – қателерді автоматты анықтау, сөйлеуді тану, нақты тілдік түзетулер ұсыну.
ChatGPT, Gemini, Claude сияқты генеративті AI құралдары студенттердің жазылым және айтылым дағдыларын дамытуға айтарлықтай мүмкіндік береді: олармен диалог құрып, түрлі рөлдік жағдайларды симуляциялауға, эссе түзетуге, аударма сапасын жақсартуға болады. Бұл үштілді білім берудің сапасын жаңа деңгейге шығарып, нақты қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық орта мәдениаралық коммуникацияны күшейтеді. Студенттер әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдармен ағылшын, қазақ немесе орыс тілдерінде онлайн сөйлесе алады. Бұл олардың тілдік құзыреттілігін бірден арттырып қана қоймай, мәдениетаралық түсінігін кеңейтеді.
Зерттеулер көрсеткендей, үштілділік — Қазақстанның болашақ адами капиталын қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын стратегиялық саясат. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін сақтай отырып, орыс және ағылшын тілін меңгеру — жастардың білім сапасын арттырып, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді. Үштілділік колледж студенттеріне кәсіби ақпаратқа тікелей қол жеткізу, халықаралық бағдарламаларға қатысу, жоғары жалақысы бар жұмысқа орналасу, дүниетанымын кеңейту және мәдениаралық қарым-қатынас құзыреттілігін дамыту сияқты көптеген артықшылық береді. Сонымен қатар үштілді білім беру жүйесінде кадр тапшылығы, әдістемелік ресурстардың жеткіліксіздігі, аймақтық теңсіздік, мәдениаралық коммуникациядағы қиындықтар байқалады. Бұл мәселелерді шешу үшін CLIL технологиясын жетілдіру, мұғалімдерді кәсіби дамыту, цифрлық оқулықтар енгізу, ауыл мектептері үшін бейімделген модель құру қажет. Жалпы алғанда, үштілділік – мемлекеттік тілді дамытумен бірге елдің инновациялық, экономикалық және мәдени әлеуетін арттыратын маңызды фактор.
Қолданылған әдебиеттер
- Назарбаев Н.Ә. «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде». — Астана, 2012.әә
- ҚР Білім және ғылым министрлігі. Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.
- Жұбанова Н.Ә. Үштілді білім беру үдерісінің әдіснамалық негіздері. — Алматы: Қазақ университеті, 2020.
- Қазақстан жоғары оқу орындарының халықаралық бағдарламалары жөніндегі ресми мәліметтер, ҚР БҒМ.
- Baker, C. Foundations of Bilingual Education. London, 2017.
- ҚР Тіл саясаты туралы концепция. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, 2017.
- OECD Education at a Glance (2022).
- Duolingo Research Team. Language Learning Report 2024–2025. Duolingo Inc., 2025. Pingo AI. Annual User Statistics Report 2024. – 2025.HelloTalk. Community Language Exchange Annual Review 2024–2025. – Tokyo, 2025.