Кез келген кәсіпорынның құрылысы оны қайта құру немесе техникалық қайта жабдықтау жобалаудан басталады, яғни керекті жобалық-сметалық құжаттарды дайындау процесінен басталады.
Жобалауды тек қана мамандырылған жобалау-ізденіс ұйымдары қатаң түрде қолданылып жүрген нормалық ережелерге сәйкес орындайды.
Жаңадан салынатын, ұлғайтылатын, қайта құрылатын және техникамен қайта жабдықталатын жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың ғимараттардың және құрылыстардың жобалық-сметалық құжаттарының құрамы, дайындау тәртібі, келісілуі және бекітілуі ҚР ҚНжЕ 1.02.01-2001 (кұрылыстық нормалар және ережелер) қағидаларымен анықталады.
Сондай-ақ, жоболық-сметалық құжаттарды дайынағанда мемлекеттік заңдарды, үкімет қаулыларын және басқа да нормалық құжаттарды (мемлекеттік үлгі қалыптарды, технологиялық жобалау нормаларын, т.б.) басшылыққа алады.
Жобалық және ізденіс жұмыстары тапсырма беруші мен жобалаушы ұйым (бас жобалаушы) арасында бекітілген келісім-шарт негізінде орындалады.
Келісім шартқа, оның ажырамайтын бөлімі ретінде: орындалатын жұмыстар сметалары, жұмыстарды финанс жағынан қамтамасыз ету туралы тапсырма берушінің анықтамасы, тапсырма берушінің жобалауға қажетті бастапқы мәліметтерді беру мерзімінің графиги, келісілген жұмыстарды аяқтау мерзімінің графигі,келісім-шарт қарым-қатынастарының ерекше шарттары қосылады.
Жобалауға тапсырма дайындауға барлық жағдайларда да жобалаушы ұйым қатысады.
Қағида бойынша, жобалау-ізденіс жұмыстары қазіргі экономика-математикалық әдістерді, есептеу және ұйымдастыру техникасы құралдарын, басқа да прогрессивті әдістерді қолдана отырып орындалуы керек.
Тапсырма беруші жобалауға және құрылысқа арналған ақша қаражатының иесі және реттеушісі болады. Ол жобалаушы ұйыммен жобалау жұмыстарын орындауға келісім-шарт жасайды, жобалаушы үйымға қалыптасқан тәртіп бойынша бекітілген жобалау тапсырмасын береді, жобалаушs ұйымнан техникалық құжаттарды қабылдап алады және олардың сапасын, нұсқаулардың талаптары мен келісім шартқа сәйкестігін тексереді.
Тапсырма беруші және бас жобалаушы бүкіл жобалау және құрылыс жүргізу мерзімдерінде салынатын кәсіпорындардың,ғимараттардың және құрлыстардың бекітілген техника-экономикалық көрсеткіштерін сақтауға, жобалық-сметалық құжаттардың сапасына жауапкер болады, сондай-ақ белгіленген мерзім аралығында экспертиза қорытындысында ұсынылған өзгерістерді жобалық-сметалық құжаттарға енгізуге жауапты.
Жобаның барлық тарауларындағы материалдардың жазылу және өнделу сапасымен бірыңғайлығына жауапкершілікті бас жобалаушы көтереді.
Конструкторлық құжаттаудың біртұтас жүйесі (КҚБЖ)
Қазіргі қолданып жүрген конструкторлық құжаттаудың біртұтас жүйесі (КҚБЖ) көптеген конструкторлық және жобалық ұйымдардың қатысуымен 1968 жылы дайындалып бекітілген еді.
КҚБЖ үлгі қалыптары мынадай принципті ережелерді басшылыққа ала отырып дайындалды:
-өндірістің кез келген заты (тетік, құрастыру бірлігі) аяқталған конструкторлық құжаттардың жинағымен анықталған өз алдына дербес бұйым ретінде қарастырылады, әр бір ұйымға, оның бүкіл ел көлемінде бір мәндес оның анықталуын қамтамасыз ету үшін бірыңғай классификатор бойынша дербес белгі беріледі;
-конструкторлық құжаттардың барлық түрлерін (сызбалар, сұлбалар, текстік құжаттар) дайындау бірыңғай ережелер бойынша жүргізіледі;
-конструкторлық құжаттардың мазмұндарының бірлігі, олардың барлық айналым және пайдалану өрістерінде қамтамасыз етіледі.
Бұл жайларды жүзеге асыру тек қана конструкторлық құжаттауды жетілдіре түсуге бағытталып қоймаған, сонымен бірге бұйымдармен олардың элементтерін үйлестіруді (унификация) және үлгі қалыпқа келтіруді кеңінен жүзеге асыру негіздерін жасауға, конструкторлық құжаттардағы мәліметтерді өндеуге есептеу техникасын пайдалануға бағытталған.
КҚБЖ үлгі қалыптары 10 топқа бөлінеді:
— 0 топтық үлгіқалыптары – «Жалпы жағдайлар» (ГОСТ 2.001-70…ГОСТ 2.034-83). КҚБЖ үлгі қалыптары кешенінің міндетін, таралу аймағын, құрамын анықтайды;
— 1 топтың үлгіқалыптары – «Негізгі жағдайлар» (ГОСТ 2.101-68…ГОСТ 2.124-85) конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыру тәртібін, конструкторлық құжаттауды дайындау сатыларын, жобалайтын бұйымды құрама бөлшектерге бөлуді, конструкторлық құжаттардың — сызбалардың, сұлбалардың, сан-сипаттық тізімдердің, мәлімет тізімдердің, конструкторлық құжаттардың сипаттама жазуын және тізімдерін орындаудың жалпы талаптарын анықтайды;
— 2 топтың үлгіқалыптары — «Конструкторлық құжаттарда бұйымдарды топтастыру және белгілеу» (ГОСТ 2.201-80…ГОСТ 2.203-68) іс жүзінде қолданылатын классификаторға сәйкес тиісті ережелерді анықтайды;
— 3 топтың үлгіқалыптары –«Сызбаларды орындаудың жалпы ережелері» (ГОСТ 2.301-68…ГОСТ 2.321-84) сызбалар пішімінің (форманың) шамасын, ұлғайту және кішірейту көлемдерін, сызбаларда көрініс (вид), кескін, қима жасау ережелерін, мөлшер, белгілер, таңбалар көрсету ережелерін анықтайды;
— 4 топтың үлгіқалыптары –«Машина жасау және аспап жасау бұйымдарының сызбаларын орындау ережелері» (ГОСТ 2.404-68…ГОСТ 2.430-85) жалпы машина жасауда қолданылатын бұйымдардың – серіппелердің, тісті доңғалақтардың, бурандалы тісті доңғалақтардың, шлицалық қосылулардың сызбаларын орындау ережелерін анықтайды;
— 5 топтың үлгіқалыптары –«Конструкторлық құжаттардың айналым ережелері» (ГОСТ 2.501-68…ГОСТ 2.506-84) конструкторлық құжаттарды сақтаудың, есепке алудың, қайталудың және беріп жіберудің жалпы ережелерін анықтайды;
— 6 топтың үлгіқалыптары –«Эксплуатациялық және жөндеу құжаттауларды орындау ережелері» (ГОСТ 2.601-68…ГОСТ 2.609-79) эксплуатациялық және жөндеу құжаттауларын орындау, оларға өзгерістер енгізу ережелерін және олардың жинақтылығын анықтайды;
— 7 топтың үлгіқалыптары –«Сұлбаларды орындау ережелері» (ГОСТ 2.701-84…ГОСТ 2.797-81) сұлбалардың топтасуын және сызбаларда электрлік, гидравликалық, пневматикалық,кинематикалық сұлбаларды орындау ережелерін, сондай-ақ сұлбалар сызғанда қолданылатын шарттылықтарды және женілдіктіктерді анықтайды;
— 8 топтың үлгіқалыптары –«Құрылыстық және кеме жасау құжаттарын орындау ережелері» (ГОСТ 2.801-74…ГОСТ 2.857-75) макеттік жобалау әдісінің және тау-кен сызбаларын орындаудың жалпы ережелерін анықтайды.
Тоғызыншы топқа, басқа топтарға кірмеген үлгі қалыптар жиналған.
КҚБЖ үлгі қалыптары мынадай болып белгіленеді: 2-цифры берілген үлгі қалыптық КҚБЖ үлгі қалыптар кешеніне жататынын көрсетеді; келесі цифрлар –нөмерлер нақты үлгі қалыпты сипаттайды,және де олардың ішіндегі бірінші цифр үлгі қалыптық КҚБЖ қайсы тобына жататынын көрсетеді, соңғы екі цифрлар үлгі қалыптың бекітілген жылын анықтайды.
Жобалау сатылары
Жобалаудың екі түрі қалыптасқан: бір сатылы жобалау және екі сатылы жобалау.
Бір сатылы жобалауда бір мезгілде объектінің құнын жинақты сметалық есептеумен жұмысшы жобаны құрастырады.
Екі сатылы жобалауда құны жинақты сметалық есептеумен анықталған жоба (бірінші саты) және сметалары бар жұмыстық құжаттарды (екінші саты) құрастырылады.
Жобалау үшін бастапқы мәліметтер
Жобаны дайындау үшін бастапқы мәліметтер ретінде нұсқаушы және нормалық материалдар, жобалау объектісін зерттеу нәтижелері, үлгілік жобалар мен шешімдер пайдаланылады.Электрлендіру жүйелерін жобалауда нормалық материалдар ретінде мынадай құжаттар қолданылады: СНиП құрылыстық нормалар және ережелер (ҚНжЕ); СН құрылыстық нормалар (ҚН); НТП технологиялық жобалау нормалары (ТЖН),ПУЭ электр қондырғыларын құру ережелері (ЭҚҚЕ), ПТЭ иПТБ тұтынушылардың электр қондырғыларын техникалық эксплуатациялардың ережелерімен тұтынушылардың электр қондырғыларын эксплуатациялағандағы қауіпсіздік техникасының ережелері (ТЭҚТЭЕ, ТЭҚҚЭҚТЕ), РУМ жоғары тұрған ұйымдардың шығарған жетекші материалдары (ЖМ), ГОСТ мемлекеттік үлгі қалыптар (МеҮлҚ), нормальдар, ТУ әр саладағы техникалық шарттар.