әдеп–ғұрып дәстүрі әрі өнер мен өнегенің ашық жүйесі; халық көп жиналатын салтанатты мереке, қуанышты мейрам, өткендегі ізгіліктер мен жақсылықтарды, озық дәстүрлерді жаңғыртып, жалғастырып отыратын тәлімі мол мереке; аға ұрпақ пен бала ұрпақтың арасындағы сабақтастыққа дәнекерлік, бүгінгі барды бағалау, келелі істер жайында ақыл қосу, тәлім–тәрбиенің ашық сабағы, адам танудың өнегелі мектебі, адам қабілет–қасиеті мен еңбегін қастерлейтін салауатты орта. Т.–тамашада көпті көрген көне көздер, ел ардақтылары, өнер мен ғылымның әйгілі де ардагер бетке ұстары, күміс көмей шешендер, бұлбұл әсем дауысты әншілер жиналады.
Т. көне заманнан толассыз, кең таралып келе жатқан ойын–сауықтың таусылмас көзі; әр халықтың бірлескен тіршілігінің айғағы, қалай өмір сүріп, демалып, көңіл көтерудің қалыптасқан салт–дәстүрі. Т–сыз бірлескен өмір сүрудің мәні, сәні бола бермейтіні хақ. Әлемде қанша халық болса, шамасы, Т–ды ұйымдастырудың, өткізудің, қызықтап тамашалаудың сонша алуан салт–дәстүрлері, осы мерекеге берген өз атауы бар. Мысалыға, солтүстік Үндістанда Т–ды тамаша дейді. Қазақ халқының мәдени өмірінде Т. ежелгі заманнан орын алады. Халықта қыз ұзату, үй болу, шілдехана, наурыз, ұрын беру Т. аталып жатады. Патриархат кезінде қызды күйеуге, яғни бір елден басқа елге, күйеудің үйіне шығарып салу ырым–салты қалыптасқан. Бертін келе ұрын Т. ұмыт қалған. Күйеудің алғаш рет ресми түрде қалыңдықты көру мақсатымен қайын жұртына баруын халық «ұрын бару», қайың жұрты болса бұл сапарды «ұрын келу» деп атаған. Осыған байланысты ұйымдастырылған думанды, тамашаны – ұрын Т. деп атап кеткен.
Т. өткізу бір әулеттің ғана басына түскен салмақ емес, жеке елдің беделін көтеретін не кір келтіретін ірі оқиға санатына жатқызылды. Той–тамаша көңілден шығардай, ұмытылмай есте ұзақ қалардай етіп өткізу үшін талай нәрсені алдын ала білу қажет еді. Т–а ойын–сауықты жөнімен, ұлттық сипатта, кәсіби деңгейде өткізу – ұйымдастырушыларға жүктелген үлкен жауап. Әдет–ғұрып ойындары әдетте арнаулы жырмен, болмаса айтыспен басталады. Әдет–ғұрып ойындарына, алдымен қыз ұзатар және үйлену тойында болатын ойын–сауықтар жатады. Мысалыға, жер–жерде үйлену тойының мынандай ойын–сауықтары таралған: “тоғыз аяқ”, “тоғыз табақ”, “жар–жар”, “бет ашар”, “құда тарту”, “қол ұстатар”, “шаш сипар”, “неке қияр”, “кемпiр өлдi”, “шымылдық байлар”, “сақина салар”, “есiк ашар”, “ат байлар”, “түндiк ашар”, “ит ырылдатар”, сондай–ақ “тоқым қағар”, “қынаменде”, “қыз кәде” сияқты ырым–жоралар. Бұл әдет–ғұрып ойындардың бас кейiпкерлерi – қыз бен жiгiттiң жеңгелерi мен құрбы–құрдастары болса да, сауық өткiзу рәсiмi жер–жерде бiрдей емес, түрленiп жатады. Т–дағы әндер мен жырлар, күйлер мен билер көңiл көтеретiн, қуанышты бiлдiретiн, ой тербететiн, шабыт келтiретiн қабiлет–қасиет сайысы, дәстүрлердiң тоғысы. Т–сыз халықтық дәстүр өнімді өрістемейді. Бірақ тойдың озығы, тозығы бар екенін жалпылама білсекте, жиі айтып жүрсекте, оның күнделікті тұрмыс–салттағы құндылығын саралап, зерттеп жүрген жайымыз көмескі.
Қазақты думаншыл–сауықшыл халықтың санатына жатқызады. Тегін айтылмаған. «Той десе, қу бас домалайды» деген қазақ айтып қана қоймай, өз болмысын соған икемдеген. Барын аямайды, тірсектеп жинағанын тойға жаратады. Қазақ үшін Т. өткендегі ізгіліктер мен жақсылықтарды, озық дәстүрлерді жаңғыртып, жалғастыратын мерекелі де елеулі оқиға. Тойда әр дәулет, әр ұрпақ тіл табысып жарасқан, өз берекелерін бағалап, келелі істер туралы ақылдасқан, біріне–бірі ақыл қосып, өзара демеген.