қоғамдық жүйенің, мемлекеттік құрылымның тарихи ұйымдасу түрі. Кез келген мемлекеттің билігі, басқару жүйесі белгілі бір саяси сипатта қалыптасады. Яғни, ол тарихи тұрғыда демократиялық, немесе антидемократиялық үлгіде көрініс беруі мүмкін. Ал Т. көбінесе биліктің бір қолға, басқарушы мемлекеттік күшке барынша жинақталуын, біртұтастануын білдіреді. Ол қоғамның барлық саласын қамтитын тұтастанған, антидемократиялық биліктің көрінісі. Т. жүйе көбінесе халықтың рухани дамымаған әлеуметтік қабатының мүддесін қорғауды, жалпыхалықтық мүддені барынша жоғары деңгейде алдына мақсат еткен сипатта өрбиді, ол сонымен қатар осы алдамшы құндылықтарын жүзеге асыру кезеңінде қарулы күштерге, тегеуірінді органдарға барынша арқа сүйейді, оларды өз мақсаттарына барынша қолданады. Шын мәнінде Т. принципті бағыт ретінде ұстанған қоғам жалған құндылықтарды қоғамдық санаға тереңдете орнықтыруға тырысады, адамдарды бір–біріне жау етіп, оларды бір–бірінен қашықтата түседі. Мәселен, осындай әлеуметтік–саяси жағдай ХХ ғасырдың ортасында фашистік Германия мен коммунистік КСРО–да орын алды. Сонымен қатар өткен ғасырдың екінші жартысындағы Чилидегі Пиночеттің басқару кезеңіндегі диктатуралық режимі әлеуметтанушы ғалымдар арасында Т. қоғам деп бағаланады. Осындай сипаттағы мемлекеттік жүйелер адамзат тарихында талай рет көрініс берген. Кез келген қоғамның өзінің ішкі тұтастығын бекіте түскен сайын тарихи субъект ретінде мықтырақ болатынын байқайды. Бірақ бұл тұтастықтың қалыптасуына антигуманистік тәсілдер мен әдістер қолданылады. Тіптен, Т. жүйенің іргетасы нығая түсуі үшін кейбір мемлекеттерде ұлттық идеяның өзі де тетік ретінде пайдаланылады. Кезінде Германияда ұлттық идея ретінде немістердің басқа ұлттардан ерекше биік тұратын халық ретінде артықшылығы танылды. Әрине, бұндай мемлекеттік идеология қоғамдағы ұлтшылдық отын маздата түсті, кәдуілгі сананың ең төменгі қабаттарына қоздырғыш фактор ретінде әсер етті. Еврейлер мен орыстар ең теріс мағынадағы этникалық таптаурындық сипатта бейнеленді. Осындай психологиялық қайшылықтар қоғамдағы дүниетанымдық бұрмалануларды туғызды. Ол түбінде әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына әкеліп соқтырды. Ал коммунистер болса алдарына жаңа қоғам құру мақсатын қоя отырып, сол жолға кедергі болғанның барлығын өздеріне жау санаған болатын. Сондықтан “халық жауы” айдары талай азаматтардың кеудесіне тағылып, оларды жалындаған жас шағында қыршынынан қиылуға әкеліп соқтырды. Бір отбасында тәрбиеленген екі азамат, көрші тұрған ауылдас, бірге жұмыс істейтін әріптес жандар бір–біріне сенбейтін, жау ретінде қарайтын күйге жеткен болатын. Т. жүйе сонымен қатар қоғамдағы ең алдыңғы қатарлы азаматтарды, озық ойлы жандарды құрбандыққа шалуға ұмтылды. Өйткені, ойлы азаматтар Т. қоғамдағы еркіндіктің жоқ екенін, ұлт өзінің ең негізгі рухани байлығынан айрыла бастайтындығын халыққа бірте–бірте жеткізе бастайды. Т. билік мұндай бостандықты, дүниетанымдық алуандықты қаламайды. Сондықтан авторитарлық режим қудалаудың бастауын ең озық тұлғалардан бастайды. Өйткені, олар тіптен басқа құндылықтық, мағыналық бағыттағы қоғамның қалыптасуын көксейді. Осы сәйкессіздікті Т. қоғам күшпен шешуге тырысады. Міне, осындай қара күшке сүйенген Т. сипаттағы жүйенің қалыптасуына қандай тарихи, мәдени, әлеуметтік, дүниетанымдық себептер негіз болады. Оған ең алғашқы себеп болатын нәрсе – әрбір адамның ішінде отырған рухани жетілмеушілік, тереңде жатқан пендешіліктің өзімшілдік құрылымдары. Яғни, әрбір пенденің көбінесе әлеуметтік жүйеде өзінің жеке басының ғана мүддесін үнемі жоғары қоюға бейімділігі жатады. Т. қоғамды бекіте түсушілер, тұтастанған билікті мызғымас күйге жеткізушілер адамның бойындағы осы осал жерді үлкен шеберлікпен қолданып отырған. Сондықтан Т. іргетасын әлеуметтік дүниеде, мемлекеттік құрылымда адамдардың өздері нығайта түскенін байқамай да қалады. Әйтпесе, өзінің жеке басын қорғау үшін отандастарын, қандастарын сатып кету Т. қоғамда көптеген пенделер үшін күнделікті әдетке айналмас еді. Т. қоғам деп теріс сипаттама берілгенмен кез келген қауымдастық, мемлекет өзінің әлеуметтік дамуын тоқтатпайды, яғни ол да тарихи процесте белгілі бір жетістіктерге қол жеткізеді. Білім беру, сауда–саттық, мәдени ошақтар кейде біршама өркендеуі де мүмкін. Шығармашылық жолындағы азаматтар Т. қыспақтың өзінде керемет дарынды туындылар жасауға тырысады. Мәселен, М. Әуезов өзінің “Абай жолын” ХХ ғасырдың бел ортасында жазған еді. Еркін ойды қудалай отырып авторитарлық сипаттағы қоғамды орнықтыра түсу үшін, антидемократиялық принциптерді бекіте түсу үшін Т. қоғамға экономикадағы біршама жеңістер ауадай қажет екені белгілі. Сонда қарапайым халық та әлеуметтік жағдайдың біршама түзелгеніне малданып басқарушы биліктің жақтасына айналады. Шындықты айтуға ұмтылған бірен–саран азаматтардың үні әлеуметтік жағдайын біршама түзей бастаған көпшіліктің шуылына көміліп кетеді, рухани құндылықтардың маңыздылығын айтқан тұлғалардың сөздері ұлтшылдықты алға тартқан тобырдың көлеңкесінде қалады. Т. қоғамның ең теріс жақтары да осы тобырлық сананың барынша мемлекеттенуінде, тұрпайы идеологияның басымдық танытуында. Міне, осыны шебер пайдаланатын билік жүйесі экономиканы өте қатал тәртіптің күшімен дамытуға ұмтылады. Болмаса Т. жүйе қоғамды барынша қыспақта ұстай отырып басқа елдердің жетістіктерін теріске шығаруды идеологиялық қаруға айналдырады. Сондықтан, ондай ортада ақпараттық бұрмалаулар, шектеулер, цензура, адал жандарды қаралау қоғамның негізгі идеологиялық қаруына айналады. Тарихта Т. бағдарлар белең алған мемлекеттерде демократиялық институттардың дамуына мүмкіндіктер жоқтың қасы болған деуге болады. Т. қоғам дінге деген қатынасын барынша екіжүзділікпен ұстайды. Өйткені, Т. режим өздерінің билігін жүзеге асырып отыруға қажетті дінбасыларды ғана ұстауға тырысады, басқаларын қудалайды. Шынайы діншілдік, руханилық этикалық құндылықтарды жоғары ұстайтын болғандықтан Т. принциптердің дүниетанымдық негіздерімен үнемі қайшылықта болады. Сондықтан, ешқандай діннің этикалық принциптері, адамгершілік нормалары Т. жүйеде ашық мойындалмайды. Кейде формальды түрде мойындалса да, олардың шынайы сипатының өркендеуіне жол берілмейді. Тіптен, Кеңес үкіметі жағдайында атеистік идеология күшпен енгізілгені, қалалар мен ауылдардағы шіркеулер мен мешіттердің жаппай қиратылғаны, нағыз дінге сенушілердің қудаланғаны белгілі. Міне, сондай нәубаттың құрбандарының қатарына қазақ халқының көрнекті тұлғасы Шәкәрімді жатқызуға болады. Т. қоғамның тағы бір зобалаңына ұлттың ішкі құрылымын ыдыратуға тырысуды жатқызуға болады. Кеңес үкіметінің билігі кезеңінде қазақтардың біршама бөлігі өзінің тарихи отанынан басқа елдерге көшуіне, қазақ диаспорасы құбылысын қалыптастуына әкеліп соқтырды. Міне, осы тарихи дүрбелеңге толы заманның салдарлары әлі күнге дейін рухани мәдеиетте білінеді. Мәселен, қазақ халқының үштен бір бөлігі өзінің тарихи отанынан тыс жерлерде өмір сүруде, қазіргі кезеңде ата–бабасының туған жеріне жетуді арман етеді. Осы тарихи әділетсіздікті жөндеу үшін, үйлесімділікті қалпына келтіру үшін тек қана мемлекет немесе оның кейбір органдары ғана емес жалпы қандастар, отандастар болып барлығымыз да ат салысуымыз керек. Онсыз Т. қоғамның бүлдірген дүниесін жөндеу өте ұзаққа созылады. Осындай әрекеттерді, игілікті істерді диаспоралары бар барлық алдыңғы қатарлы елдердің көбісінен байқаймыз. Бұл талпыныстар нағыз ұлтжандылықтың, этноәлеуметтік кеңістіктегі әділеттілікті орнатудың әрекеттері болып табылады. Сөйтіп, Т. қоғам кездейсоқ орнай қалмайтын, өзінің тарихи, психологиялық алғышарттары бар тарихи құбылыс болып табылады. Оның тарихи уақыты біткеннің өзінде салдарлары ұзақ мерзімге созылады және ол бірнеше ұрпаққа жететіндей мұра тастап кетеді. Міне, сондай мұралардың қатарына басқаша ойлауға бейімділік танытқандарды қудалау жатады. Яғни, ресми түрде Т. деп бағаланбаған қоғамдардың өзінде кейде билік пен оппозицияның арасындағы кикілжің өзара тартыстарға толы болады және ол қоғамдағы әртүрлі саяси ойындардан көрініс беруіне әкеліп соқтырады. Осы қақтығыстардың нәтижесі кейбір жекелеген тұлғалардың тағдырына барынша кері әсерін тигізуі де мүмкін. Міне, осындай үрдістер адамзат тарихының көптеген кезеңдерін қамтиды. Бұл процестердің пайда болуы мен қайта–қайта көрініс беруін тежеу үшін оның болмыстық іргетасын жою керек. Сондықтан, әрбір адамның дүниетанымындағы құрылымдарды рухани жетілдіру арқылы ғана жалпы қоғамдағы ахуалды биік деңгейлерге көтеруге болады. Бұл әрекеттердің нәтижесінде адамаралық сенім, келісім тереңдей түседі, қорқыныштардың орнына өзара түсіністік қатынастар орнығады. Яғни, бұндай жағдайды қалыптастыру үшін мемлекеттегі адам құқығын қорғаудағы әрекеттері де пәрменді болуға тиісті. Сонымен қатар, Т. жүйенің санадағы қалдықтарын жою үшін қоғамдағы демократиялық институттардың жұмысын жетілдіре түсу керек. Ал бәрінен де маңызды нәрсе қоғамдағы азаматтардың басым бөлігінің руханилыққа, рухани мәдениетке қарай бет бұруын атауға болады. Ал руханилық ұстанымдары отбасында, мектеп пен әр түрлі оқу орындарында, кез келген мәдени ошақтарда, жалпы әлеуметте қалыптаса бастауы тиіс. Сонда ғана Т. құбылысының тамырына балта шабылады, қоғамның келбеті гуманистік, өркениеттенген сипат алады.