адамның тұлғалық қалыптасуының менмендікпен, немқұрайлықпен байланысты теріс келбеті. Ол негізінен адамның рухани құлдырау жолында болғанының белгісі және ол пенденің тоңмойындыққа толы өзімшілдігін танытады. Адам өзінің осындай жағымсыз қасиеттері бар екенін зердемен саналы түрде пайымдауы да мүмкін немесе оның теріс құбылыстық негізін жете түсінбеуі де мүмкін. Қалайда ол адами қалыптасудағы көптеген теріс мағыналы: сараңдық, өзімшілдік, топастық сияқты қасиеттерімен қатар тұрады және олардың бір қырын танытатыны анық. Т. негізінен нашар тәрбие мен жеке даралылықтың кейбір осал тұстарының бірігуінен туындайды. Ешкім дүниеге келгеннен бастап Т. болмайды. Оны Т. итермелейтін бірнеше факторлар жүйесі болуы мүмкін. Алдымен Т. қақпанындағы адам осындай принциптерді басшылыққа алатын отбасында, әлеуметтік ортада қалыптасуы мүмкін. Тағы бір маңызды нәрсе – пенденің өз нәпсісін тежей алмай, тіптен, оның бірте–бірте құлына айналуы бақытсыздығының белгісі. Үнемі құлқынның мүддесін ғана көздеушілігін әлеуметік практикада әдетке айналдырса Т. адамды толық меңдеп алуы мүмкін. Яғни Т. әлеміне пенде кездейсоқ тап болмайды, ол әлеуметтік тіршілікте табиғи қажеттіліктердің негізінен қамтамасыз етілуін өмірде басшылық, басымдылық етуден туындайтын құбылыс. Оған қарсы тұратын, адамды хайуандық әдеттерден арылтатын бірден бір күш – рухани жетілу екені анық. Өкінішке қарай, Т. жолындағы азамат басқа жандардың мүддесін елемейді, оларды көбінесе жете ескермеуге тырысады, өйткені оның дүниедегі мүдделік кеңістігі өзінің жеке басының, одан артып кетсе қасындағы туысқандық мағынадағы жақын–жуығының ғана қажеттілігі, сұраныстары болып шектеледі. Кейде оларға да барынша опасыздық жасауы да мүмкін. Сөйтіп, ол өзінің нәпсілік ғаламында барынша пендешіліктің шырмауына мықтап түскенін де байқамайды. Сондықтан, Т. рухани болмыс, рухани мәдениет тұрғысынан алғанда шын мәнінде рухани кембағалдық, бақытсыздық болып табылады. Т. жолына түспеудің негіздері отбасында, мектепте, барлық тәрбиелеуші, ақпарат беруші органдардың жүйесінде қалануға тиісті. Тіптен, бұл маңызды істе әртүрлі діндердегі этикалық қағидалардың сипаттамасын қолданғанның артықтығы жоқ. Өйткені, адам көбінесе әр түрлі білімдерді жинақтап, өзін сауатты маман иесімін дегеннің өзінде күнделікті өмірде өзімшілдіктің шеңберінен шыға алмайтын нағыз Т. болуы да мүмкін. Сөйтіп, қазіргі дарашылдықты, жеке бостандықты күйттеген батыстық бұқаралық мәдениет Т. отына май құя түсетін руханисыздықтың бастауына айналуда. Ал оған қарама–қарсы қоятын күштерді ұлттық болмыстағы қордаланған нағыз рухани–адамгершілік принциптер мен моральдік тағылымдардан іздеген жөн. Т. тамырына балта шаба алатындай қауқар халықтың мәдени құндылықтарында жеткілікті. Тек соны баршамыз рухани байлық ретінде Т. қарсы қоя білуіміз керек. Сонда ұлттағы Т. жолындағы азаматтарға шынайы көмек беруге мүмкіндіктер туындайды және аралық маргиналдық жолда жүрген ұлт өкілдерінің руханилыққа қарай бетбұрысын байқаймыз.