12. «Аруақ» түсінігі ислам шариғаты мен қазақ танымында
Аруақ – араб тіліндегі «рух» (жан, белгі, өмір, эссенция) сөзінің көпше түрінен (аруах) шыққан. Құран Кәрімнің «Исра» сүресінің 85-аятында: «Олар сенен рух туралы сұрайды. «Рух Раббымның әмірінен. Сендерге өте аз мәлімет берілді» деп бұйырылған.
Осы тақырыпқа талдау жасаған ибн Хажар әл-Асқалани ибн әт-Тинге сілтеме жасай отырып, Құранда «рух» сөзінің бірнеше жерде әртүрлі мағыналармен берілгенін мынадай мысалдармен көрсетеді: «Оны (Құранды) сенімді Рух алып түсті» («Шуъара» сүресі, 193), «Сол сияқты біз саған Өз әмірімізден Рух уахи еттік», «Ол (Алла) Өз әмірінен рух түсіреді» («Ғафыр» сүресі, 15), «Алла оларды Өз тарапынан бір рухпен қолдады» («Мужәдәлә» сүресі, 22), «(Сол) күні Рух және періштелер сап түзеп тұрады» («Аълә» сүресі, 38), «Онда періштелер және Рух түседі» («Қадыр» сүресі, 4). Ибн әт-Тиннің пайымдауынша, бірінші аятта – Жәбірейіл періште, екінші аятта – Құран Кәрім, үшінші аятта – уаһи, төртінші аятта – күш-қуат, бесінші және алтыншы аяттарда Жәбірейіл немесе басқа туралы айтылған. Сондай-ақ Құранда «Алланың рухы» деген сөз Иса пайғамбарға да қолданылғанын да ибн әт-Тин айтып өткен.
Көптеген ислам ғалымдары рух туралы кеңінен сөз қозғаудан және жазудан тартынған. Рух ақиқаты жайлы таным – Алла Тағала білімін жасырған жайт. Оны жасырудағы хикмет – адамның өзі түсініп жете алмайтын жайттарды білуге шарасыз екенін көрсетіп, сынау, шексіз білімді Аллаға телуге мәжбүр ету. Өз бойындағы жанының ақиқатын білмесе, онда адамның Алланың ақиқатына жетудегі дәрменсіздігі тіпті шарасыз. Рух жөнінде көп пікір қозғаудан тыйылу және Пайғамбардың әдебін ұстану жөн болмақ. Алла Тағала рух жайлы жаратқандарынан ешкімге білдірмеген. Сондықтан ол жайлы қолда бар мәліметтен артық сөз қозғауға болмайды деп білген. Осы пікірді ибн Баттал, әл-Қуртуби, Әбул Қасим, Жунайд, ибн Атия секілді көптеген ғалымдардың ұстанғанын Асқалани атап көрсеткен.
Қазақ даласында кеңінен тараған «Кимйиаи-саъадат» («Бақытқа жету ілімі») кітабында имам Ғазали рух жайлы былай деп жазады: «Рух – адам жаратылысы болмысының асылы болар. Барлық дене құрылысы соның қызметшісі. Біздің рух асылы дейтініміз – Алла Тағаланың бізге сыйлаған білім орны. Хайуандарда бұл рух жоқ. Рух – дене емес, бөлінетін де емес, нәзік бір жауһар десе болады. Періштелер осы жауһар жынысынан болар. Бұл рух – ең бір нәзік ақиқаты, оны талдауға рұқсат жоқ».
Қазақ дүниетанымындағы «аруақ» сөзіне келсек, қазақтардың көшпелі тұрмыс кешкен ата-бабаларының сенім-нанымдарына қатысты анықтамаларда жиі айтылатын жалпылама мәнді «ата-баба культі» ұғымының өзі іс жүзінде осы ұғымымен сабақтасып жатыр.
Ата-бабалардың, аруақтардың дәстүрлерін құрметтеу, қастерлеуден тұрады және оның рулық – тектілік формасы патриархальдық – тектілік эпохасынан туындады, мұндай элементтер патриархальдық әдет-ғұрыптарды сақтап қалған халықтарда кездеседі. Кезінде Ш. Уалихановтың өзі қазақтар туралы «өмірдің қиын – қыстау кезенінде, мұсылмандар секілді олар өздерінің әруақтарының есімдеірін ардақтап, мойындаған». Әруақтарды құрметтеу − негізі қайтыс болғандардың рухтарына, олардың о дүниедегі өміріне, жер бетінде қалған отбасы-туыстарының тұрмысына әсер ету секілді сенімдерден тұрады. Әруақтардың жатқан жерлерін ардақтау үшін оларға құрбан шалып, дұғалар оқылады. Әрбір қиын – қыстау мерзімінде қазақтар өз әруақтарына, ата-бабаларының рухтарына сиынып, «Әруақтарым, менің қолымнан ұстандар және қанатымның астынан алындар», «Өлі разы болмай, тірі байымайды» секілді сөздер айтылған. «Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясының материалдары» (1905 ж.) және тағы бір мақалада «Албыртты инерттік, құлшылықтық, тәуелсіз көшпенді ата – бабаларымыздың культі араласты. Қырғыз қайғыға тап болып: «Әруақ ұрды», яғни ата – бабасының рухы оған әсерін тигізгенін айтқан.
Адамзат баласы рухтардың материалдық әлемді, сонымен қатар олардың жеке өмірін басқаратындығына сенген. Олар өз беттерімен өмір сүріп, әртүрлі бейнелерге айналып, барлық салаға араласып, қоршаған әлемге белсене қатысады.
Қазақтар рухты екі үлкен категорияға бөліп қарастырады: біріншісі – қайырымды, яғни болысушы, қолдаушы, қорғап – жебеуші «таза» рух, ал екіншісі – «таза емес», яғни жауыз, жындардың рухы.
Қайырымды және қорғап-жебеуші рухтарға: аруақтар (ата-бабалардың рухы), пірлер, ғайып-ерен, шілтендер жатады. Ата-бабалардың культі өзінің бастапқы бабаларын қастерлеп, қадірлеу және өлгендердің рухтарына сенумен байланысты. Шоқан Уалиханов өз кезегінде, қазақтар «барлық өздерінің ырыс-берекелерін әруақтар тарапынан жүзеген асатындығына сенеді» деп жазады.
Тілдік-фольклорлық материалдарға қарап, «аруақ» ұғымының бойында әp замандағы діни, мифологиялық келтірімдердің қабаттасып жатқандығын аңғаруға болады, бүгінгі қазақы «де-факто» сенім-нанымдағы «аруақ» сөзінің кем дегенде төрт түрлі анықтамасының бар екендігін, осындай ала-құлалықтың көп ғасырлық түсініктердің мидай араласуы нәтижесінде қалыптасқандығын айта аламыз.
Бірінші, ең қарапайым мағынасындағы аруақ – өлген адамның жаны немесе адам жанының өлгеннен кейінгі тіршілік ету формасы; яғни, адам өлгенде аруаққа, сүлдеге айналады, «аруаққа айналды» деген сөз тіркесінің ауыспалы мағынасы да «өлді» дегенді білдіреді. Бұл жердегі «аруақ» сөзі «жан» (душа) категория ауқымында қарастырылып тұр.
Екінші, тағы бір қарабайыр мағынасындағы аруақ – халықтық демонологиядағы (жын-перілер туралы хикаялардағы) «тірі өлік» (мертвец) және «жын-пері» (рух, бұл жерде «рух» сөзі позитивистік мифтанудағы арнайы категориялық термин, ол «рух» ұғымына бір жақты қате сипат береді). Осы екі нұсқалы мағыналық түрлеп-түстеулердің байырғы сенім-нанымның қарабайырлануы мен мидай араласып кетуі нәтижесінде пайда болған қателесулер деп ұғыну керек, «өлген адамның жаны» мен «аруақ», «жын-пері», «тірі өлік» деген ұғымдар, өзара кейбір сипаттамалық ұқсастықтарға ие болғанына қарамастан, бір-біріне шендес бола алмайды.
Үшінші мағыналық деңгейдегі аруақ – өлген ата-баба рухы; «ата-баба культі» деген сенім-нанымдық, ғұрыптық комплексі де осы түсінікпен сабақтасып жатыр, тек осындай анықтаманың да алдыңғы екеуі сияқты бастапқы түсінікті толық бере алмайтындығын еске салып өтеміз.
Төртінші мағыналық деңгейдегі аруақ – өз алдына жеке, дербес «өмір сүретін», адамға, оның жаны мен тәніне тікелей қатысы жоқ, көзге көрінбейтін тіршілік формасы, астам текті күш. Оны «рух» деген сөзбен де атай береді (тек, бұл жерде, «рух» деген сөздің өзінің көп мағыналы екендігін ескеріп, кейбір сипаттары жағынан «аруақ» пен «рухтың» сәйкес келе бермейтіндігін де естен шығармаған жөн). Бұл жағдайда аруақ дегеніміз «Рух-Қамқоршы» дегенге сәйкес болып шығады. Осы анықтама әзірге ең қисынды анықтама болып табылады.
Киелілікті қастерлеуде халықтың қолданысында діни синкретизм ізі көрініс табады. Мұсылмандар арасында исламға дейінгі сенімнің қалдықтары да сақталып қалған. К. Бейсембаев былай деп жазады: «… ислам, Қазақстанда таралып, шамандық сенімді түпкілікті бірден ығыстырып шығара алмады, формалық және мазмұны жағынан біршама мұсылмандық өзгерісті қабыл етті. Шамандықтың басымдылық кезеңінде қазақтар әруақтар мен ата-бабаларының рухтарына сенсе, мұсылмандықты қабылдаумен, олар перілер мен жын-шайтандарға да сене бастады. Яғни, періштелер мен жындар туралы ойлар исламмен бірге игеріліп, табысқа жетіп отырған. Ғибадат үстінде тек өздерінің киелі санаған ата-бабаларымен шектеліп қана қоймай, мұсылман халифалар рухтарына, шамандар және сондай-ақ мұсылман қожаларының рухтарына сеніп, табынған болатын.