13. «Зиярат» дегеніміз не?
Адамзат қоғамындағы әрбір халықтың дүниетанымының, болмысының, ділінің (менталитет) ерекшеліктеріне сәйкес тарихи дәуірлерде қалыптасқан өзіне тән рухани-мәдени құндылықтары бар. Осындай құндылықтардың елеулі бөлігін зиярат орындары құрайды.
Зиярат орындары – адамдар түсінігінде қасиетті, киелі деп саналатын орындар. Бірақ зиярат орындары құлшылық, табыну нысаны (объектісі) емес. Яғни зиярат орындарына құлшылық етілмейді, керісінше, осындай орындарда дін қағидаттарында белгіленген дағдылы құлшылық (Жаратушыға табыну) рәсімдері жасалады.
Зиярат орындарында құлшылық ету тәжірибесі яғни зиярат ету исламда айтарлықтай кеш қалыптасты. Зиярат ету үрдісін исламға дейін және исламдық емес құлшылық элементтерімен сабақтасуы халықтық ислам деп сипатталатын феноменді дүниеге әкелді. Зиярат етудің мақсаты — аурудан жазылу, күнделікті болып жатқын мәселелердің аман есен шешілу, өмірлік таңдау жасау және т.б. құндылықтар.
Қазақ және басқа да Орта Азия халықтарында қасиетті рухқа құлшылық ету рәсімі зиярат орнында дұға ету, Құран сүрелерін оқу, сағат тіліне қарама қарсы бағытта зиярат орнын айналу (тауап), молаға, құлпытасқа, есікке, табалдырыққа, қабірдің қоршауына, мазар кіреберісіне, шамдарына, ағаштарға қол тигізіп кейіннен бетін сипау, ағаштарға киімнен кесіндіні байлау, қасиетті құдық пен бұлақтан алынған суға жуыну, дәрет алу, жануарларды құрбандыққа шалу элементтерін қамтиды.
Түн қараңғысында сапарда жүрген жолаушы дәстүрге сеніп моланың маңында түнеген. Себебі ол жерде ешкімнің оған зорлық жасауға дәті бармаған. Егер де жолаушының аңсаған арманы болса, ол сонда жерленген адамның рухынан арманының орындалуына дәнекер (тәуассул) болуын сұраған. Ислам дінінің таралуына орай қазақтарда мұсылман қабірлерінің қасынан өтіп бара жатқанда, тоқтап дұға оқу салтқа айналған.
XVII-XIX ғғ. қазақтардың санасының ерекшелігін біржақты қарастырған Мәскеулік А.Харузин: «Шынында, қырғыздарда (қазақтарда) не шатыр, не мешіт, не дәстүрлі үйлері жоқ, бірақтан барлық архитектуралық қабілеті мен құлшынысын әкелері мен бабаларының басына құлпытас тұрғызуға жұмсаған… Қырғыздың (қазақтың) болмысында өзінің бабаларының моларын қатты құрметтегенін, кейбір жағдайда құдайға секілді сиынғанын байқаймыз… осымен бабаларының және олардың жерленген орнынан артық қасиетті, қадірлі нәрсе жоқ екенін көрсетеді» деген.
Кенесары ханға қарсы жазалаушы экспедициясының мүшесі Барон Услар қазақ жол көрсетушілерінің молаға деген құрметтеу қасиетін атай отырып тіпті әскери операциялар кезінде де кездескен моланың басына культтік жораларды орындағандарын жеткізеді. «Біздің қырғыздар (бұл жерде және ары қарай қазақтар жайлы айтылады) даланың салтын мүлтіксіз орындайтын, мәселен атты жолаушы атынан түсіп, бір жерге киімінің кесіндісін немесе атынан бір тал шашын алып байлаған».
Ешбір жолаушы Қорқыт моласынының қасынан өтіп бара жатып тағзым етпей кетпейтініне байланысты Ар.Грен қасиетті Қорқыт мазарына қатысты және басқа да молаға зиярат ету құбылыстары бар аңыздарды мысал келтіреді.
М.Михайловтың айтуынша «жақын туыстардың немесе батырлардың қабірлерін үлкен қорған ретінде жерлейтін болған, ал көміндінің астында қалған қабір иелерінің қалдықтары қасиетті болып саналды. Егер мәйіт тірі кезінде байлығымен немесе баршылығымен әйгілі болып, қайтыс болғаннан кейін артынан үлкен байлық қалдырса оның басына әр түрлі үлкен құрбандық шалынады». Келесі автор Н.Зеланд. «Қырғыздардың зиярат етуі діни культ дәрежесіне дейін жеткен» деп айтады. Ал А.Харузин Е.Мейерге сілтеме жасай отырып: «Қырғыздардың діни салт жоралардың арасынан ерекшесі әйгілі бабалардың қабіріне деген құрмет пен молаларға зиярат ету болып табылады» деген пікір білдірген.
Қазақстандағы исламның ерекшелігінің бірі қасиетті орындардың (мазарлардың) өте көп болуы, олармен байланысты аңыздар, салттардың да көп болуы. Қайтыс болған адамдарға деген құрмет белгілі уақыт өткен сайын, қазіргі «тәуап ету» деген ұғымды қалыптастыра бастады. Бұған мысал ретінде Шақпақ ата үңгірі, Оңтүстік Қазақстандағы Бәйдібек ата батырының моласы және оның ақылды әйелі Домалақ ана, Қожа Ахмет Йассауи, Арыстан баб кесенесі, Түркістандағы Йассауидің қызы Гаухар ана және т.б. Мұны қазақтардың күнделікті өмірінде көруге болады. Әрине, қазіргі таңда көптеген адамдар Меккеге қажылық жасайды. Ал, халықтың көпшілігі Түркістанға зиярат жасайды. Сондықтан олар онда керуенмен барып, құрбандық шалып түнейді және рұхтарды құрметтейді.
Зиярат орындарын қадірлеп-қастерлеу адамзат тарихының ежелгі дәуірінен үзілмей келе жатқан рухани дәстүр болып табылады. Қазақстан жерінде мұндай орындарға зиярат етіп, арнайы рәсімдерді іске асыру арқылы құрмет білдіру исламды қабылдаған түркілер кезеңінен осы күнге дейін жалғасын тауып келеді.
Көшпелі далалықтар ерекше қастерлеген мазар мәдениеті мен зиярат әдебінің тоғысуы да ислам діні мен ұлттық дәстүрлер үндестігінің көрінісі болып табылады.
Жалпы алғанда зиярат етілетін «киелі орындар» қоғамдық маңыздылығы жағынан алты факторға негізделе отырып, белгілі бір функцияларды атқарады:
1) шоғырландырушы фактор (халықты белгілі бір орталыққа, аумаққа шоғырландырады);
2) медиаторлық фактор (адамды Жаратушысымен немесе басқа да тылсым күштермен байланыстырушы қызметін атқарады);
3) коммуникативтік фактор (халықтың өзара рухани байланысын қамтамасыз етеді);
4) протекторлық фактор (адамды жебеп, зиянды тылсым күштер мен сиқырдың кесірінен қорғайды);
5) емдік фактор (науқастардың емделуіне септігін тигізеді);
6) табиғатты қорғау факторы.
Қазіргі таңда зияратшылар көп жағдайда киелі орындарға дертіне шипа немесе рухани медет іздеп барады. Зияратшылар киелі орындардың қалыптасқан рәсімдерін жасағаннан кейін қарапайым физиотерапиялық тәсілдермен дауаланады (минералды су ішу, шомылу, ысыған құмда жату, минералды тұздарға бай балшықтармен емделу және т.б.).
Сонымен қатар бірқатар көрнекті зиярат орындары тарихи-мәдени мұра ретінде қорғауға алынып, қорық-мұражайларға айналдырылған. Мұндай зиярат орындарының тарихи туризм нысаны ретінде мемлекеттік деңгейдегі маңызы зор. Олар өз кезегінде қоғам өкілдері үшін тарихи-танымдық және рухани-тәрбиелік қызмет атқарады.
Зиярат орындарының ел тарихында ерекше орын алатынын Қазақстан аумағындағы көптеген зиярат орындарының тарихи-мәдени құнды мұра ретінде танылып, мемлекет тарапынан қорғауға алынғаны айғақтайды.
Рухани тұрғыдан алғанда халық тарапынан ерекше қастерленген, киелі саналған зиярат орындары ұлтты ұйытушы, ынтымағын арттырушы, рухын байытушы құт-мекен қызметін атқарады.
Сондықтан зиярат орындары ұлт мәдениетінің, тарихы мен танымының ажырамас бөлігі ретінде рухани-материалдық құндылықтар қатарында қорғауды қажет етеді.