11. «Аза тұту» ұғымы
Қай уақытта, қай жерде болмасын, дүниеден өткен адамды қастерлеп шығарып салу, ақырғы сапарға аттандыру тірілер алдындағы міндет болып саналған. Қазақ фольклорында өлгенге арнап оның соңынан жасалатын бірнеше кезектен тұратын амал – аза тұту деп аталады. Тұтастай алып қарағанда аза тұту адам сезімін құрметтеу, қайғы қалжыратқан жанның көңілін бөлісу, өзгенің жан дүниесіне үңіле білу сияқты міндеттерінен көрініс тапқан. Аза тұту, жоқтау тарихи даму жолынан өтіп, формасы өзгеріп түрлі көріністе болғанымен мазмұны бір болып қала бермек.
Аза тұту дәстүрі қазақ халқына тән фольклор негізінде ғасырлар бойы жергілікті дала мәдениеті қалыптастырылып, ұлттық құндылықтардың ажырамас бөлігі болып қаланды. Атадан балаға үйретіліп, мұра болып келген аза тұту – адамдар арасында өлім үстінде өкпе-ренжісті ұмытуды, қайғы түскен үйге ауыртпалық түсірмей өлі артынан жасалатын міндеттерді өзара бөлісіп әкетуді, азаға жиналған халықты даурықпастан бет-жүзбен ұғысу тәрізді амалдарды үйретеді. Өлген адамның артынан жоқтау айтылмаған жағдайда халық түсінігінде «сұраусыз өлу» деген ұғым қолданылған.
Аза тұтуға қатысты айтылатын ұғымдардың ішінде жоқтау, жылау, жоқтаған жыр, дауыс шығару, зар, теріс өлең деген атаулар дүниеден өткен адамның туылғаннан бастап өліміне дейінгі кезеңдегі барлық жақсы қадір-қасиеттерін естіртіп хабардар етуді білдіреді. Аза тұтып, жоқтау айтудың өзінде бір өзгеге ғибрат аларлық өнеге жатыр, ол – тірі жүрген пенделерге жарық дүниенің қадір-қасиетін сезіндіру, ел үшін елеулі істер істеуге үйрету, адамгершілікке сай өмір кешуге үндеу, амалдардың таразыға тартылар тұсы бар екендігін аңғарту тұрғысынан тәрбиелік мәнге ие.
Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымына байланысты атқарылатын аза тұту ғұрпы шартты түрде екіге бөліп қарастырылады, ол – адам қайтыс болып, жерленгенге дейінгі атқарылатын шаралар және адамды жер қойнына бергеннен кейінгі кезең. Адамның дүниеден өтуі түрлі жағдайда болатындығына байланысты, азалау жосыны да әр типті болып келеді. Себебі, өлік жөнелту салтында міндетті жоралармен қатар, ерікті түрде орындалатын жоралар болады. Бұл жөнінде Ш. Уәлиханов: «Өлген адамның о дүниедегі хал-ахуалы жерленгендегі, жерленгеннен соңғы ырым-жоралардың салт-санаға тән бұзылмай орындалуына байланысты еді. Егер өлімнен кейінгі ырым-жоралар дұрыс орындалса, өлген адамның рухы жайбарақат күйге түсіп, өз үрім-бұтақтары мен туған-туысқандарына шапағатын тигізіп, жебеп жүреді, ал олай болмаған жағдайда жауығып, аруағы қарғап-сілейді» дейді.
Қазақ түсінігінде, әдетте жасы келіп немесе ұзақ аурудан сарылып, ажал сәтінің жеткенін сезген зерделі жандар туыс-жақындарын, таныс-жолдастарын жинап алдын ала қоштасады. Қоштасу кейде алыстағы арманда кеткен адам аузымен де айтылуы мүмкін. Өмірден өткен адамды о дүниеге жөнелтудің дәстүрлі шарттары қатаң сақталып, бұлжытпай орындалуы қадағаланған. Алдымен иман кәлимасы айтқызылып, жанның тәннен шығуы үшін қолайлы жағдайлар жасалады. Атап айтқанда, аузына су тамызып, басынан жастығын алу, көзін жабу, марқұмды оқшаулау сияқты т.б. амалдар. Өлгелі жатқан адамның маңында толық тыныштық сақталады. Жан шыққаны белгілі болған соң әйелдер қатты дауыс шығарып жылайды. Бұдан кейінгі жасалатын әрекет қазаны жақындарға естірте отырып көңіл айту, жұбату. Содан кейін барып қаза болған адамның туыс-жақындары, таныс-жоралары да дүниеден өткен жанға арнап жоқтау айтады. Тиісті жөн-жосықтар толығымен атқарылған адам мұсылманшылықта қайтқан «иманды» болып танылады. Қайтыс болған адамның артынан тіленетін игі тілектердің мазмұны оның иманды болуы туралы ой-сөздерден құралады.
Аза тұтудың міндетті компонеттерінің бірі болған жоқтау айту — халық арасында кеңінен тараған дәстүр. Академик Ə. Марғұлан: «Жоқтау – əдебиеттің ескі түрі. Оның шығуы үй ішінде, қауым ортасында болған игі адамдардың дүниеден көшкеніне өкініп, оларды еске түсіру ретінде айтылған жыр» деген анықтама берген. Ертеден бері келе жатқан адам сезімінің ауыр сәттерін бейнелейтін жоқтау жанрының үлгілері де әр аймақта әр алуан. Бірақ оның барлығының мақсаты бір – адамның табиғатына тән ажал ұғымына қарсы күрес тәсілінің бірі тәрізді. Зерттеуші Т. Арынов жоқтаулардың үш түрін көрсетеді. «Біріншісі, өлген азаматтың балалары (көбінесе қыздары) шығарған, екіншісі, өлген адамның анасы не жұбайы шығарған жоқтаулар, үшіншісі, белгілі бір ақындар, жыраулар шығарған жоқтаулар». Жоқтау айту бір жағынан дүниеден өткен жанның сөзбен сомдалған тұлғасын танытса, екіншіден арнайы айтылған сөздер арқылы тірілердің жан жарасын емдеу мақсатын көздейді. Бүгінгі жоқтау айту бұрынғы көп сипаттарынан айырылған, адамның ішкі шерін шығару қызметімен ғана шектелген. М. Әуезов жоқтау айту жайында: «Көздің жасы, жүректің жалынымен шығатын қаралы өлең әшейіндегі қызық, жұбаныш үшін айтылатын өлеңнен бөлек болу керек» деп жазған.
Жыл бойы азалы үй ел назарынан тыс қалмаған. Жерлеуге келмегендер келіп, көңіл айтып, жұбатқан. Дүниеден өткен адамның жасына, жынысына, қоғамдағы орнына байланысты естіртудің, көңіл айтудың, жұбатудың, жоқтаудың мазмұнында өзгешеліктер болады. Тіпті, аза болған үйдің жанынан өтіп бара жатқан жолаушының өзі сапарын үзіп, азалы үйге тоқтап көңілін сұрамай жолын жалғастырмайтын. Ал үйдің азалы екендігін үйдің сыртқы көрінісінен, үйге кіріп-шығып жүрген адамдардың жай-күйінен-ақ біліп қоятын. Мәселен, азалы үйде ер адам дүниеден өткен болса, қара ту іліп қоятын болған. Әрі-бері өткен өзгелер үйде кім қайтыс болғанын, жас па кәрі ме, ер ме әйел ме, тігіп қойылған туға, үйдегі қыз-келіншектердің шашына, киген киіміне қарап анықтайтын еді. Азалы шаңырақ бір жылға дейін күнделікті кешкісін, күн батқан шақта жоқтау айтып, марқұмның жақсы қасиеттерін еске алып отыратын. Жетісін, қырқын, жылын жасап, мал сойып құрбан шалатын болған. Аза тұту уақытының біткені үй үстіндегі қара тудың алып тасталынуымен, үйдегі жанұя мүшелерінің көңіл-күйі және қыз-келіншектердің шаш өруі мен киім кию үлгісінің өзгеруінен аңғарылатын.
Қазақ халқының қоғамдық өмірінде бөлек орны бар Қазыбекті, Жәңгірді, Кенесарыны, Наурызбайды жоқтауларда әлеуметтік сарын басты мәнге ие болған. Ол жоқтауларда олардың өмірлерінде атқарып кеткен ізгі амалдары баса көрсетіледі. Сондықтан, жоқтаудың өзегі – байлық пен хандықты дәріптеу емес, көнеден бастау алған жеке тұлғаның қаһармандық қасиеттерін дәріптеу. Қазақ асылы да ардақтысынан айрылғанда ең бір жақсы қасиеттерін ажарлы сөзбен жеткізіп отырған. Мəселен, Шоқанды жоқтағанда «Ақылға диқан кемеңгер», Мұса Шормановты жоқтағанда «Жақсылық іске бар болған, Жамандарға қас болған», Əбдірахманды жоқтағанда «Тұла бойың ұят, ар едің» деген жолдар жоқтау өлеңінің қуатын байқатады. Сонымен қатар, ауыз əдебиетіндегі жоқтауларда «Асыл гауһар болатым», «Жапырағы алтын шынарым» тағы басқа теңеулер бар. Хан емес, бай да емес, қарапайым адамды жоқтаудың өзінде оны ең биік дәрежеге жеткізу – жоқтау жанрының өзіндік ерекшелігі. Демек, өлген адамның тек жақсылығын айту – жоқтаудың негізгі нысанасы. Дүниеден озған жанды жоқтап жылау, аруағын құрметтеп аза тұту қазақ салтында өзінің бастапқы мазмұнын сақтай отырып, заман өзгерісіне қарай формасы өзгешеленіп келеді.
Халық санасында өлімнен қорқыныш жоқ, өмір мен өлімнің аражігі бір күйден екінші күйге ауысу деп ұғынылған. Ел арасында өлген адамға қатысты айтылатын «ажалы келді» деген сөз бар. Ажал – ол да бір өмір, бірақ басқаша өмір. Өлген адам жоғалды деп саналмай, басқа өмірге көшті, алғашқы қалпына қайтып оралды деп түсінілген. Адам өмірмен қош айтысып, жанын тапсыра салысымен марқұмның туыстары мен жақындарының қатты дауыс көтеріп айғайлап жылауы бүкіл дүние жүзі халықтарына ортақ рәсім. Бұның қайғы күйінішін білдіруден бұрынғы мағынасы – өлген адам бұл өмірден мүлдем қол үзген жоқ, бәрін естіп біліп, сезінеді, әлі оған әсер етуге болады деген көне түсінік.
Тарихта аза тұтудың қайталанбайтын дербес үлгісін Қ.А. Ясауи көрсеткен еді. Ол 63 жасында дүйсенбі күні түс көріп, түсінде «Құл, жерге кір» деген аян қабылдайды. Сонда Қ.А. Ясауи Мұхаммед пайғамбардың дүниеден өткені үшін аза тұтады. Қ.А. Ясауи бұл әрекетті пайғамбар Мұхаммедке арнап өзі үшін істеді. Ясауидің соңынан ерген шәкірттері арасында, ұстазының істегенін қайталауға тырысқандары да болды. Алайда, олардың ешбірі аза тұтудың осындай үлгісін қайталап жасай алмады. Сондай-ақ, аза тұтудың осы түрі халық арасында дәстүр болып қалыптаспады.
Атақты би, шешен Мұса Шорманұлы дүниеден өткенде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қайғыға түсіп, оған арнап 28 бет жоқтау өлең жолдарын жазып шыққан. Абай Құнанбаевтың да бірнеше жоқтау өлең жолдарын жазғаны әдебиет тарихынан белгілі.
Ислам дініне дейін араб түбегінде жоқтау айту, аза тұту кеңінен тараған еді. Ежелгі араб дәстүріндегі аза тұту үлгісі жоқтау айтып, әйелдердің өздерінің бет-қолын тырнауы, киімін жыртуы, қатты айқайлап дауыс көтеру сияқты шектен шыққан сипатта орын алған. Кейіннен ислам келуімен, арабтарға бұдан былай жоқтау айтып, аза тұтқанда шектен шығатындай әрекеттер жасауға шариғатпен қатаң тыйым салынды. Тіпті, бастапқы кездері қабір басына баруға да рұқсат етілмейтін жағдай да болды. Уақыт өтіп барып, ислам түпкілікті орнаған соң, халық санасы діни қағидаттарды қабылдағаннан кейін, «егер шектен шықпайтын болса» деген шартпен қабір басына баруға рұқсат етілді. Қазіргі қазақ халқының азалау салтында да, жылап-сықтауға тыйым салатын «өлім – Алла жіберген бұйрық ретінде» түсіндірілетін ислам қағидаларының әсерінен, аза тұту ғұрпының көп бөлігін Құран сүрелерін оқу алады. Сонымен қатар, қазаққа тән өзіндік аза тұту мен жоқтау фольклоры діни қағидаттармен ұштасып, ұлттық дәстүр болып ел арасында сақталып келеді. Бүгінгі азалы үйде орындалатын жөн-жосықтар ислам шарттарының талаптарына сәйкес орындалуда.