10. «Дәуір айналдыру» дегеніміз не?
Бұл салт-рәсім еліміздің аймақтарында «дәуір айналдыру», «дәуір жүргізу», «дәуір көтеру», «ысқат шығару», «підия», «садақасын беру» т.б. әр түрлі атаулармен аталады. Дәуір айналдыру салты негізінен қайтыс болған адамның оқылмаған намазы мен өтелмеген оразасы үшін жасалады. Діни дереккөздерде Имам Ағзамның шәкірті Мұхаммед аш-Шайбанидің қаза намаздарының каффараты үшін ақша садақа қылғаны айтылады.
Тегі, Құранда жауапкершілікке қатысты: «Әлде кім ізгі іс істесе сонда өзі үшін. Ал кім жамандық істесе ол да өзіне» (Жасия,15) және «Ешбір күнәһар, басқаның күнәсін көтермейді. Күнәсі ауыр болған біреу көтеруге шақырса, егер жақыны болса да оған еш нәрсе жүктелмейді» (Фатыр, 18) деген аяттар кездеседі. Бірақ, қайтқан адамның қаза қылған парыз құлшылықтарының өтеуіне жақын-жуығының садақа беруі шариғатқа қайшы емес. Себебі, шариғат бойынша қайтыс болған кісіден кейінгіге мұра болып өміршең ілім қалса, жария садақа берілсе, сойынан тараған ізгі ұрпақ дұға-тілек жасаса, онда марқұмның амал дәптеріне сауап жазыла береді (Тирмези, Аһқам 36).
Дәуір жүргізу рәсімін орындау кезінде өліктің бір жағында молда, бір жағында қайтқан кісінің баласы отырады. Марқұмның қайтқан жасынан балиғат жасы шығарылып, қалған жылдардың қанша жылында намаз оқылмаған, қанша жылында ораза тұтылмағаны есептеліп, сол үшін ысқат шығарылып, молда оны «қабыл еттім» деп айтады. Қазақтың ескі есебі бойынша өлген адамның тірі кезінде әрбір күндік намазы үшін 30 қадақ бидай, ал рамазан айының әрбір күніне 35 қадақ бидай, яғни, 365 күнге — 277 пұт 20 қадақ бидай ысқат берілетін болған. Бұл ысқат ақшаға шағылып, ақша малға аударылып, молдалар оны жарлы-жақыбайларға садақа етіп үлестірген. Кейде садақа үш жүздің атынан үш беделді адамға тапсырылып, олар садақаны өз жұртына таратып берген.
Шынтуайтында, дәуір айналдыру салтындағы садақаға берілген мал-мүлік қаза құлшылықтың дәлме-дәл орнын баспауы мүмкін. Десек те, шын ниетпен берілген садақа сауап болып жазылып, ақыреттік есепті жеңілдетеді деп есептеледі.
Жалпы, шариғатта қаза намаздың пидиясына қатысты нақты үкім болмағанмен, ауыз бекітуге денсаулығы жоқ мұсылмандардың отыз күн ораза үшін отыз адамның таңсәрісі мен ауыз ашар асын беріп, пидия жасауға рұқсат берілген. Демек, қазақ салтындағы рамазан айының әрбір күніне 35 қадақ бидай ысқат шығару, шариғат бекіткен нормаға негізделген деп топшылауға болады.
Дәуір айналдыруға қайтқан адамның балалары берген ысқат садақасы және сеп (қайтыс болған адамның киім-кешегі, құрал-саймандары) пен ақтық (ағайын-туыс пен жекжат-жуығының марқұм үшін берген садақа малы) есептелініп, мұқым ел Тәңір-Тағаланың разылығы үшін бұл рәсімді бірге атқарған. Сондай-ақ, дәуір айналдыру кезінде жиналған садақаны кедей-кепшікке үлестірумен бірге бір бөлігіне Құран (хатым) түсіріліп, бір бөлігіне дүйім көпшіліке арнап ас берілген.
Этнографтардың айтуына қарағанда дәуір айналдыру түркілердің бағзыдан келе жатқан салт-жорасы саналады. Үш күндігі, жетісі, қырқы, жүзі, жылдық асын беру жоралғылары — осы дәуір айналдыру рәсімімен астасып жатқан салттар. Бертін келе ата-бабаларымыз ислам дінін қабылдағанда, дәуір айналдыру салты шариғаттағы садақа ғұрпы болып трансформацияға ұшырады. Еліміздің кейбір аймақтарында дәуір айналдырудың әлі үзілмеуінің бір себебі — бұл салт-жораның исламдық рең алуында десек қателеспейміз.