
XVIII ғасырдағы лексикалық құбылмалылық
(норма мәселесі)
Лексиканың нормалануы дегеніміз – белгілі бір ұғымда бір сөздің қалыптасуы, синонимдер қатарын түзейтін единица- лардың әрқайсысының семантикалық реңктері мен стильдік аясының айқындалуы, сөздердің тіркесу типтерінің тұрақта- луы, қоғам, заман өзгерістеріне байланысты «басы артық» болып қалған сөздердің әдебиеттен (қолданыстан) ығысуы немесе пассивтенуі, жаңа сөздер мен кірме сөздердің реттелуі, бір жағынан орнығуы т.б. жататыны белгілі. Бұл құбылысты жақсы танытатын нормалардың бірі – әр алуан белгі-көрсеткіштері бар сөздіктер болса, біз сөз етіп отырған кезең үшін мұндай мүмкіндіктің жоқ екендігі де аян. XVIII ғасырда қазақ лексикографиясы әлі жоқ болатын, әр жерде азды-көпті тізімге алынған қазақ сөздері жоғары жайтты танып-білуге септігін тигізе алмайтын дәрежеде болғаны және түсінікті. Сондықтан қолымыздағы бар материал – осы кезенде жырлап өткен ақынжыраулар мұраларының мәтіндері.
Мұнда бір алуан сөздердің мағынасы мен қызметі жағы- нан сараланбай жұмсалғаңдығы байқалады. Мысалы, эконо- микалық және әлеуметтік тәуелді топтарды білдіретін атаулар – кедей, жарлы, байғұс сөздері – бұл кезде мағына жағынан әлі бір-бірінен ажыратылмаған синонимдер. Ал қазіргі нормамызда соңғы сөз бейшара, мүсәпір, сорлы сөздерінің синонимі ретінде танылады. Сол сияқты бай, бек, батыр сөздері де әрі тура мағынасында, яғни терминдік мәнде, әрі жалпы атау ретінде қолданыла береді. Мысалы, бек сөзі Бұхарда «жалпы ел билеуші» деген мағынада хан сөзінің синонимі ретінде еркін жұмсалған. Сондай-ақ кейін XIX ғасырда, көбінесе орыс империясының монархын білдіретін патша сөзін XVIII ғасырдың әдеби үлгілері хан, төре, бек сөздерінің дублеті немесе синонимі ретінде пайдалана берген. Мысалы, Бұхарда бір жерде: «Әбілмәмбет патшаға қызметкер боп тұр едің» деп келсе, екінші жерде сол Әбілмәмбетті төре деп атайды: «Арқада Әбілмәмбет төренің түйесін баққан құл едің».
Бірқатар сөздердің бұрынғы дәстүрлі варианттарының (синонимдерінің) қатар қолданылуы біртіндеп азайып, орын- дарын өзге сөздер ала бастайды. Мысалы, «армия» мағына- сындағы қол, шерік сөздерімен қатар әскер сөзі айтыла бастағанын көреміз, сондай-ақ ару сөзінің орнына сұлу сөзі, «ел» мағынасындағы байтақ сөзінің орнына ел, жүз (Орта жүз, Ұлы жүз), абаданның орнына алғыр сөздері кездеседі. Керісінше, бір алуан атаулар белгілі бір ұғымда қалыптаса түскен. Мысалы, «этникалық бірлік» (осы күнгі халық) мағынасында бұрын жұрт, ел, халық сөздері талғаусыз бірінің орнына бірі жұмсала берсе, біз сөз етіп отырған дәуірде халық арабизмі бел ала бастайды. Ол әсіресе қазақ сөзімен тіркесге тұрақтала түседі: Қазақ деген халқыңыз (Бұхар). Бұрын активтеу қолданылып келген алаш сөзімен қатар енді қазақ сөзі жиірек келеді. Мысалы, Бұхардың «Шүршіт келем деген сөз бар-ды» деген толғауының Г.Н.Потанин жазбаларындағы мәтінінде: Он сан қазақ тізгіні деген жол бар (бұрынғы он сан алаштың орнына).
Бұл кезеңдегі ақындар тілінде лексиканың нормалана түсуі, дәстүрлі поэтизмдердің ығыса бастауы анығырақ сезіледі. Көтеш, Шал ақындарда ару сөзі де, бикеш сөзі де жоқ, олардың орнына қыз, қатын сөздері бар, бұларда «жауынгар, жасақшы» мәнінде аламан, шора, азамат сөздері де жоқ, жауынгер сөзі бар. Қарашы сөзімен келетін дәстүрлі образды ендігі ақындар қоңсы сөзімен береді («Ханды Құдай атқаны Қоңсысымен қас болар» – Шал), жұрт сөзі көбінесе «көшкен ауылдың орны» мағынасында («Есі бүтін табады көшкен жұртты» –Көтеш) жұмсалады.
Қазірде белгілі бір мағынада қалыптасқан сөздердің бір- қатары XVIII ғасырда өзгеше ұғымды білдірген. Азамат сөзі бұл күнде «кәмелетке жеткен ер адам» және ауыспалы «адамгершілігі мол, саналы, құрметті адам» деген мағыналарды білдіреді (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. — Алматы, 1974. — І т. — 77-б.). Ал өткен дәуірлерде бұл сөз «әскери адам, дружинник, жасақшы» дегенді білдірген. Шоқан Уәлиханов шора сөзі азамат дегеннің синонимі дей келіп, бұл сөздердің мәні «товарищ, дружинник» деп көрсетеді. Ғалымның бұл пікірін қазақтың XV-XVIII ғасырлардағы ақын-жыраулар тілі мен ауыз әдебиет нұсқаларының тілі әбден растайды. Ақтамберді жыраудың «Ей, азаматтар, шоралар, Атты мінсең, зорды мін» дегенінде, Бұхардың «Азаматым барында Алысқалы келгенмін» немесе «Азаматың құлапты. Жұрт талық болған заман-ай» дегендеріңде азамат сөзі – «қолына қару ұстап, ел қорғауға немесе ел жаулауға аттанатын адам, әскери адам» ұғымында. Бұхар соңғы тармақтарда Бөгембай батыр туралы айтып отыр. Ал Бөгембайдың Бұхар да, Ақтамберді де «кәмелетке жасы жеткен ер адам» немесе «адамгершілігі мол, құрметті адам» ретіндегі портретін емес, «асу салып, тас бұзған», сөйтіп «Тарбағатай белінен қол қондырып, қос тіккен, «қисапсыз қол көрінсе, қорқып жаудан қайтпаған» батыр, әскери қолбасшы ретіндегі сипатын берген.
«Айман-Шолпан» жырындағы: «Аты болса, байласын. Азаматын сайласын» деп Айман қыз Әлібекке сәлем айтқанда, құр ер адамдарды емес, Көтібардан өздерін (Шолпан екеуін) құтқаратын ұрыс адамдарын, жасақты айтып отыр. Ал шора сөзінің «дружинник» ұғымындағы азамат сөзіне синоним болғандығын В.В.Радлов сөзі де растайды: «Бұрын қазақтар арасында чура (шора) сөзі «жасақ, жауынгер, серік» мағынасында кеңінен қолданылған». Бұл пікірлерге батырлар жырларындағы «Ей, жігіттер, шоралар» деген тіркес мысал бола алады.
Азамат сөзінің «жасақшы, жауынгер» ұғымы XVIII ғасыр- ларға дейін келсе, оның синонимі шора сөзі, біздің байқау- ымызша, XVII-ХVIII ғасырларда бұл мағынадан гөрі «біреу- дің баласы, ұрпағы» мағынасында, оның өзінде де әйтеуір біреудің емес, белгілі бір әлеуметтік топтардың, атап айтқанда бай немесе бидің ұрпағын, ұлын (ұланың) білдіретін атау ретінде жұмсалғанға ұқсайды. Мысалы, Шалкиіз: «Хан ұлы төредей. Би ұлы шорадай» десе, Бұхар жырау бұл сөзді: «Байлар ұғлы шоралар» деп келтіреді. Сірә, түркі-монғол тілдерінде оғлан/ұлан/ұғыл/ұл сөзінің ерте дәуірлерден келе жатқан титулдық мәнінің сарқыншағы қазақтарда Бұхар замандарына дейін жеткен тәрізді. Орта ғасырларда оғлан/ұлан сөзі – термин. Тарихшыларға сөз берсек: «Оғлан/ұлан деп Алтын Ордада, Қырым мен Астраханның династияларында, Чағатай ұлысы мен Ақ Ордада билеуші феодалдардың ең жоғары әскери және әкімшілік қызметін атқаратын ұлдарын атайтын болған»[1]. Бұл сөздің тіпті тар мағынада жұмсалуы да орын алған: «Монғолдар мен түркілерде оғлан деп Шыңғыс ханның хан титулына ие болмаған ұрпақтарын атаған»[2]. Бұхар да Абылайдың бала кезін айтқанда, оны ұл деп атайды: «Әй, Абылай, сен он бір жасында Әншейін-ақ ұл едің» немесе «Сені мен көргенде, тұрымтайдай ұл едің» дейді (бала едің демейді), халықтың сөйлеу тілінің нормасымен айтса, бала едің болар еді, бірақ хан, би, тіпті бай ұрпақтарын да әлеуметтік топтардың өзгелерінен бөлек арнайы атау дәстүрі, сірә, орта ғасырлардағы сөйлеу тілінде де, жазба тілде де, поэзия тілінде де орын алғанға ұқсайды (Бұхардың байлар қызы – бикештер дегені де осы қатардан табылады).
Бірен-саран сөздердің мағынасында семантикалық өзгеріс болғаны көрінеді. Мысалы, Бұхар да, Көтеш те қарашы сөзін бұрынғыдай «сановник, советник хана» деген ұғымда емес, ханның қоластындағы адам («подданный») мәнінде қолданады. Көтеш ақын Абылай ханға: Хан басың қарашымен даулы болып дегенінде әңгіме Ботақан деген қарапайым ел адамы жайында.
Лексикалық нормалану деген тақырыптың аясында жергі- лікті элементтерге қатысты бірер пікір айтуға болады. XVIII ғасырдың мұрасы ретінде біздің қолымыздағы қазіргі мате- риалдардың бір тобы және көбі – Абылай ханның тұсында жасап кеткен және осы ханның ордасын тіккен Сарыарқаны (қазіргі Қостанай, Көкшетау, Павлодар облыстары) мекендеген қазақ қауымының ортасында жырлаған Ақтамберді, Жанкісі, Тәтіғара, Үмбетей, Бұхар, Қобылан жыраулар мен Көтеш, Шал ақындардың өлең-жырлары, екінші тобы – Есет, Жанкісі жыраулар сияқты батыс, оңтүстік өлкелерден шыққандардың мұралары. Әрине, қазақ тілінің XVIII ғасырдағы диалектілік көрінісі, әр диалектісінің белгілері туралы біздің қолымызда ешқандай зерттеулер де, талдаулар да, пікірлер де жоқ. Өйткені зерттеу жүргіздіретін, пікір айттыратын материалдар жоқтың қасы.
Бұл кезеңнен бізге жеткен әдеби мұралардың тілінде бірбірінен алшақ түсетін лексика-грамматикалық ерекшеліктер жоқ деуге болады. Тіпті қазіргі қазақ әдеби тілі тұрғысынан қарап, диалектілік элементтерді іздесек, олар да табылмайды, табыла қалса, дарақ, бәден (беден) сияқты бір-екі сөз- ден және ойлағын тәрізді бірер морфологиялық тұлғадан аспайды. Бұлар – қазіргі қазақ тілінің оңтүстік өлкесіне тән ерекшеліктер: дарақ парсы тіліндегі дарахт сөзінен, қазақ говорларындағы мағынасы «үлкен ағаш»[3], бәден/беден де – парсы сөзі, мағынасы «жүз, әлпет». Бірақ бұлар бұл күнде белгілі бір аймақта ғана жиірек қолданылатын сөздер болып қалыптасқанымен, бұрынырақ араб-парсы тілдерінен хабары бар ақын-жыраулардың қолдана берулері – әбден ықтимал нәрсе. Сондықтан мұсылманша сауатты Бұхарда кездесетін бұл бір-екі сөз бен бірер тұлғаны диалектизм дегеннен гөрі оның тіліндегі арабизм-фарсизм деп қараған жөн сияқты. Ал бұларды жырау тіліндегі диалектілік ерекшеліктер деп қайткенде де санай қалатын болсақ, онда бұл құбылыстың себебін Бұхардың оңтүстік өлкеде туып-өскендігінен, жас кезіндегі тіл машығы осы өңірлік болғандығынан іздеуіміз керек. Жыраудың туған жері – Бұхара маңы, жас кезінде өскен жері – Түркістан, Қаратау өңірлері болғандығын зерттеуші Қ.Мұхаметханов нанымды материалдарға сүйеніп, жақсы дәлелдеп берді. Диалектілік ерекшеліктер тек Арқада жырлап өткендерде ғана емес, батыс, оңтүстік ақын-жырауларының мәтіндерінде де ұшыраспайды.
Сөйтіп, XVIII ғасыр қазақ әдеби тілінде сөз мағыналарының сараланып, айқындала түсуі, кейбір сөздердің терминдік мәнге ие болуы (мысалы, халық, қазақ, жалшы, қарашы т.б.) сияқты процестер басталғанымен, лексикалық нормалану дегенді толық мәнінде түсінуге болмайды. Әлі де варианттылық күшті екені байқалады: жарлы/кедей/байғұс, ағайын/қарындас/аталас, хан/ патша, жұрт/халық, алаш/қазақ, қатын/әйел т.б. Бұл қатарлардағы сөздер осы күнгі қазақ әдеби тілінде де бар, бірақ олар – стильдік қызметтері мен семантикалық бояулары жағынан сараланған, әрқайсысы өз орнында жұмсалатын элементтер, олардың бұл күнде XVIII ғасыр үлгілері тіліндегідей бірінің орнына екіншісін жұмсауға болмайды.
Сөз болып отырған кезеңдегі қазақ әдеби тілінің лексикалық топтарында мағыналық және функционалдық жылжулар болғанымен, бұл процесті саналы түрде жүргізу, яғни ақынжыраулардың әдейі тәртіптеу (нормалау) әрекеті сезілмейді, мысалы, бір сөздің екі-үш вариантының принципті түрде тек біреуін ғана қолдану немесе мағынасы дәл түспейтін атаудың орнына өзгесін ұсыну сияқтыларды көре алмаймыз.
[1] Валиханов Ч.Ч. Көрсетілген кітап. 644-б.
[2] Материалы по истории казахских ханств. — Алма-Ата, 1969. — 512-б.
[3] Нұрмағанбетов Ә. Түрікменстандағы қазақтардың тілі. — Алматы, 1974. — 95-б.
Р.СЫЗДЫҚОВА