
XVIII ғасырдағы қазақ әдеби тілінің лексикалық
сипаты
Бұл кезеңдегі сөздік құрам екі қабаттан тұрады: қазақтың төл сөздері және кірме сөздер. Кірме қабаттың дені – араб, парсы сөздері. Орыс сөздері немесе орыс тілі арқылы енген шет тіл сөздері XVIII ғасырдағы қазақ көркем әдебиеті тілінде жоққа тән. Тіпті ауыз әдебиеті нұсқаларында жиі кездесетін шай, самаурын, пәуеске, тарантас сөздері мен орыс саудасымен бірге келген киім-кешек, үй мүлкі, әртүрлі бұйым атаулары, мүмкін сөйлеу тіліне енгенмен, сол тұстағы поэзия тілінен орын алмаған. Бұған, бір жағынан, тұрмыс-салт лексикасын сараң пайдаланатын поэзия жанры себепкер болса, екінші жағынан бұл бұйым-заттардың қазақ тіршілігінде әлі молынан орын ала қоймағандығы есер еткен болу керек.
Қазақтың төл сөздері. Өткен ғасырлардағыдай, бұл дәуірдегі қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамының негізі және дені – қазақтың төл (байырғы) сөздері. Бірақ бұл кезеңде де әдеби тілді танытатын көркем әдебиет қана, оның ішінде поэзия жанры болғандықтан, жалпы халық тілінің сөз байлығы түгелімен әдеби айналымға түспеген. Бұл жерде де әдебиет мазмұны мен оған қызмет ететін тіл элементтерінің, соның ішінде лексикасының арасында берік байланыс бар.
Жоғарыда айттық, XVIII ғасыр өзінің ұзын-ырғасында қазақ қоғамы үшін соғыстар мен жорықтардың, шұбыра көшу мен жөңкіле қоныс аударудың заманы болды. Соған орай көркем әдебиеттің тақырыбы да – негізінен ел қорғау, батырларды мадақтау немесе өлімін жоқтау болып келді. Осы себептен мұнда да жаугершілікке қатысты лексика тобы басты орын алды. Бұрынғы элементтер сақталып, тұрақтала түсті. Мысалы, кіреуке, сауыт, найза, оқ, дабыл, дулыға, берен, жебе, қылыш тәрізді қару-жарақ аттары, жаулық, елдік, бүлу, біту («ел болу») сияқты етістіктер әлі де жиі қолданылады. Олар – әлі де архаизмдер емес, актив қордың элементтері.
Жаугершілік лексикаға қатысты көптеген сөздердің тұрақ- ты эпитеттері әбден қалыптасып, әдеби штампқа айналған. Мысалы, кіреуке тон, күдері бау, қоңыраулы найза, болат найза, көң дабыл тәрізді тіркестер мен ту байлау, шепті бұзу, жұрт қорғау сияқты етістіктер – ХVIII ғасырдың ақын- жырауларының тілінде актив қолданылатын көркемдеу құрал- дары. Бұлармен қатар жер тұлдану («жау әскері қаптау»), даңқынан батыр шығу, найзасының үстіне жау мінгізу сияқты, сірә, жеке авторлығы бар тіркестер де қолданыла бастайды.
Жалғыз қару-жарақ, сауыт-сайман атаулары емес, жалпы жаугершілік мотивтегі өзге де іс-әрекетке, айнала-болмысқа қатысты жеке сөздер мен тіркестер молынан ұшырасады. Бұл кезеңдегі әдеби тілде жиі кездесетін жау сөзі де (оның синонимі – дұшпан сөзі де), сондай-ақ ер, ер жігіт, жігіттік, ерлік, қол («әскер»), қосын, жортуыл, ту, олжа (соғыста түсетін), жауласу, шұбыру, бүлу («ойрандалу») тәрізді семантикасында «ұрыс, соғыс» ұғымы бар сөздер де жалаң қалыптарында да, тіркес түрінде де дәстүрлі әдеби құралдарға айналған. Мысалы, бір ғана жау сөзі жауға аттану, жау қашыру, жауды аямау, жау қысу, жау жағадан алғанда, жауды шаншу тәрізді тіркестер құрайды да бұлар образды элементтер ретінде актив қолданылады.
Жаугершілік мазмұнды лексика мен фразеология тек жеке ақын-жыраулар үлгілерінде емес, ертеден келе жатқан ауыз әдебиеті нұсқаларында, әсіресе батырлар жырларында кеңінен орын алғанын білеміз. Қоңыраулы найза қолға алу, найзаны жауға тіреу, күдеріден бау тағу, қол қайыру, темір құрсап, оқ ату, қалмақты қуып қашыру т.т. тәрізді бейнелі тіркестер – ауыз әдебиеті арқылы қалыптасқандар. Буырқану, бұрсану, мұздай темір құрсану немесе қорамсаққа қол салу, қозы жаурын оқ алу тәрізді штамптар ауыз әдебиеті нұсқалары мен авторлы әдебиет тілінде астарласа, қабаттаса келіп, бір жағынан, XVIII-ХIX ғасырларға дейінгі қазақ әдеби тілінің ғасырлар бойғы ауыз әдебиеті дәстүрлерімен ұштасып жататындығын көрсетсе, екінші жағынан, біз талдап отырған дәуірдегі қазақ әдеби тілінің де нормасын танытады. Дегенмен қосын, байтақ, алаш, аламан, бүлу сияқты байырғы сөздердің қолданылу жиілігі XVIII ғасырда азайып, олар пассивтене бастағаны байқалады. Мысалы, Бұхарда ару, бүлу, байтақ, қосын, дулыға сөздері бірер реттен-ақ қолданылған. Оның есесіне кейбір сөздер мен тіркестер жиірек жұмсалып, заман шындығын көрсетеді. Мысалы, қазақ халқы, үш жүз, Орта жүз, Кіші жүз, Тәшкен базар, алғын-шығын, ұлық, егін егу, орақ ору, дін мұсылман (Бұхарда), дін пұсырман (Үмбетейде), әкім /кәкім сөздерін кездестіре бастаймыз.
Бұрын жиірек қолданылып, көбінесе образ жасауға қаты- сатын бірқатар сөздер де пассивтеніп, олардың орнына өзге сөздер немесе синонимдері пайданыла бастайды. Мысалы, бұрынғы жыраулар «сұлу әйел» дегенді көбінесе ару сөзімен білдірсе, енді ақын-жыраулар сұлу сөзін жұмсайды: «Бұлттан шыққан ай бетті Айттырса бермес сұлуын» (Ақтамберді), «Төсі аршынды сұлуың Сілкіп төсек сала алмас малдан соң» (Бұхар).
Сонымен қатар XVIII ғасырдағы жаугершілік тақырыпты жырлаған өлең-толғауларда жалпылықтан нақтылыққа қарай ауысу, яғни жорыққа аттану, ел қорғаудың жалпы идеясын ғана сөз ету емес, нақтылы жорықтарды (көбінесе Абылай жорықтарын), нақтылы батырларды жырлау басымырақ болғандықтан, бұл кездегі поэзия тілінде белгілі жер-су, халық, адам аттарын келтіру көзге түсе бастайды. Мысалы, Тәтіғараның бір жорықта алдарынан өзен кездесіп, ұйлығып қалған қолды рухтандыру үшін айтқан өлеңі негізінен суреттеп берген бірнеше батырдың аттарынан тұрады: Қамыстың басы – майда, түбі – сайда, Жәнібек Шақшақұлы – болат найза. Алдынан су, артынан жау қысқанда, Ер жігіттің ерлігі осындайда.
Бөкейді айт Сабыр менен дулаттағы, Дербісті, Маңдайды айт қыпшақтағы. Өзге батыр қайтса да, бір қайтпаған Сары менен Баянды айт уақтағы.
Ағашта биікті айтсаң, қарағайды айт, Жігіттік, ерлікті айтсаң, Бөгембайды айт.
Найзасының ұшына жау мінгізген Еменалы керейде, Ер Жабайды айт.
Сол сияқты Үмбетей жырау Бөгембай батырды жоқтаған өлеңіңде Баянаула, Қызылтау, Абралы, Шыңғыстау, Қозы- маңырақ, Қоймаңырақ, Қара Ертіс, Алтай, Ақшәулі тәрізді жер-су аттарын шоғырымен келтіреді. Демек, бұл – қазақ әдеби тілінің сөздік құрамының аумағы кеңейе түскенін танытады.
XVIII ғасырдағы қазақ әдеби тілінің лексикасын сөз еткенде, ең бір көзге түсетін жайт – бұл кезеңде қазақ әдебиетінде жаугершілік тақырыппен қатар, әлеуметтік-қоғамдық және күнделікті тұрмыстық тақырыптардың сөз бола бастауына қарай, осы салаларға қатысты лексикалық топтардың актив қолданылуы. Қазірде көнерген хан, құл, ақ сүйек, бек, қара, қарашы, күң, ханым тәрізді сөздер – ХVІІІ ғасыр үшін тура өз мағынасында қолданылатын актив элементтер болып келеді. Бұлар осы кездегі лексикалық норманы танытады.
Бұхардың шығармашылығы тақырып жағынан едәуір кеңейгенімен, күнделікті өмірдің ұсақ, тұрмыстық жақтарына бара бермейтін жырау поэзиясы болғандықтан, онда тұрмысқа қатысты қарапайым сөздер онша көп емес (бұл жерде біз Қ.Өмірәлиевтің «едәуір» деген бағасына қосыла алмаймыз: Бұхар толғауларының 1982 жылғы басылымында 1200-дей тармақтан тұратын бөлігінде шамамен алғанда 4200 сөз бар екен, соның 20 шақтысы ғана тұрмыстық сөздер мен тіркестер болса, олар «едәуір» деген мөлшерді көрсетпесе керек).
Тіпті әңгіме бұл жерде тұрмыстық сөздердің санында
да болмас. Гәп – сол сөздер мен тіркестердің жыраулар поэзиясында қандай қызметте қолданылғандығында. Олардың көпшілігі толғауларда теңеу, метафора сияқты образ үшін пайдаланылады. Егер Бұхар жырау көйлек, тон, жең сөздерін қолданса, әңгіме олардың өздері туралы емес: бірінде өлім туралы («Үшінші тілек тілеңіз Үшкілсіз көйлек кимеске», үшкілсіз көйлек кию – өлімнің символы), ал тон, жең сөздері Абылайдың портретін беруге қажет образдар үшін алынып тұр.
Сол сияқты: «Доңғалақ арба жүре алмас, Екі арысы сынған соң» деп, доңғалақ, арба, арыс деген тұрмыстық сөздерді қол- данғанда, жырау тағы да бұларды сол арбаның арысы сынып, жүре алмаған суретін беру үшін емес, өзге тақырыпқа қажет образдар үшін келтіріп отыр. Бұлар – еңсесі биік боз орданың бүлінген (ойрандалған) соң мортық болатыны, төрде отырған қарт бабаның (ел көсемінің) мал кеткен соң төресінен жаңылатыны, малдан айрылған соң қос-қос орданың қосыла қона алмайтыны т.т. осылар типтес шындық туралы «философияны» білдіруге керек, осылармен параллель түсетін «тұжырым» үшін айтылған арба мен арыстар.
Ақтамберді жең, жаға, жамау деген қарапайым сөздерді «жырласа», олар да образ қажетін өтеп тұр: «Жеңіме жамау түскенін, Жарлылық, сенен көремін. Жағама қолдың тиге- нін, Жалғыздық, сенен көремін» (бірі кедейліктің, екіншісі жалғыздықтың образдарын күшейтетін құралдар ретінде келтірілген).
Дегенмен Шал, Көтеш сияқты ақындар өлендері арқылы қазақ әдеби тіліне тұрмыстық лексика өзінің тура мағынасында сынамаланып ене бастады деуге болады. Алдыңғы дәуірлер- дегі тәрізді, XVIII ғасыр поэзиясында да қазақ халқының негізгі күнкөріс шаруашылығы – малға қатысты сөздер елеулі орын алады. Әсіресе образдардың көпшілігі мал өсірумен шұғылданған қауым тіршілігінен алынғандықтан, тіркестер құрамындағы «малдық» сөздер едәуір: ақ, сары атан еспелі, ел жайлауға көшкен жұрт… Семіз жарау байда бар, Құйрығы бітеу қойда бар. Қызыл турам ет болса, Қызғаныш болар аз күні (Бұхар). Көз болып қой-бұзауға шамаң келсе, Біреуге тамақ үшін жалынарсың (Шал). Желіде құлын жусаса, Кермеде тұлпар бусанса, Сәні келер ұйқының (Ақтамберді).
Мал шаруашылығына қатысты лексика тобының ішінде қоспақ өркеш сары атан, арғымақ, тұлпар тәрізді «қадірлі» мал атауларынан бастап, жабы, тоқты, бұзау, лақ тәрізді поэзия тіліне енетін «қасиеті жоқ» мал атаулары да, оларға қатысты етістіктер мен сын есімдер де ендігі өлең тілінен орын ала бастайды.
XVIII ғасырдың II жартысында қазақ даласында саудасаттық пен егіншілік кәсібі жандана түскенмен, сол тұстағы әдеби тілде осы салаларға қатысты жеке сөздер мен тіркестер сирек ұшырайды, олар: саудагер, базар, орақ, ору, масақ, теру, егін салу сияқты бес-он сөз ғана. Бұл кезде ақшаға, әр алуан товар өлшемдеріне, сауда бұйымдарына байланысты сөздер халықтың сөйлеу тілінде орын алғаны сөзсіз, ақындар жырла- ған тақырып тарлығы мен мұралардың сараң жеткендігінен, мұндай элементтердің әдеби айналымдағы көрінісін беру мүмкіндігі болмай отыр. Керісінше, қоғам өмірінің бұл екі саласы да XVIII ғасыр ақын-жырауларының тілінен гөрі эпостық жырларда көбірек ұшырайды: «Ішкендерін сұрасаң, Шекер менен май болған» («Қамбар»). «Қыз Жібек» жырынан қара нан, деміне нан пісу, сексен аршын, пұл, диқан, қант, шай сөздерін, «Қамбар», «Айман-ІІІолпан» жырларынан баға-пұл, базарға салу, борышқа қалу т.б. «сауда» сөздерін кездестіреміз. Бұл көрініс – негізінен, XIX ғасырдың белгісі, өйткені осы жырлардың біздің қолымызға тиген варианттары – өткен ғасырда жырланғандар, ал XIX ғасырда сауда мен кәсіпке байланысты сөздердің әдебиет үлгілері тілінде едәуір орын алғаны мәлім.
Талданып отырған кезендегі әдеби тілдің лексикасында көзге түсетін саланың бірі – дерексіз (абстракт) ұғым атаулары. Тағы да мазмұн мен түрдің, яғни әдебиет тақырыбы мен тілінің арасындағы тікелей іліктестік заңы үлкен рөл ойнайды. Жалпы дүние, адамзат тіршілігі туралы толғауларда осыларға қатысты абстракт категориялардың атаулары жиі қолданылады. Олардың көпшілігі – -лық жұрнағы арқылы қазақ тілі түбірлерінен жасалғандар. Мысалы, Ақтамберді жырау жарлылық, жалғыздық, кемшілік, қорлық, зорлық; әділдік, бірлік, тірлік, татулық сияқты туынды есімдермен қатар талап, талқы, үміт, кеңес, күрес, тілек, бақыт, дау, күш, өлім, ажал, ақыл, ой, сезім, арман тәрізді түбір сөздерді қолданады. Үмбетей жырау адамдық, арамдық, сұмдық, ерлік, шешендік, билік, мінез, қылық, абырой, ындын, ант, пана, мін, бітік, бақ, тілеу, қызық, береке сөздерін ой кәдесіне жаратады. Шал ақында ашу, ақыл, жолдастық, ойран, жаман іс, бақыт, байлық, саулық, бәле, өнер, бақ, иман, тірлік, кедейлік сөздері өлең тіліне қатыстырылған.
Ал Бұхар жырауда дерексіз ұғым атаулары сан жағынан жоғарғы көрсетілгендерден 3-4 есе көп. Бұған жырау мұрасының молырақ жеткені бір себеп болса, оның шығармаларының негізінен ой толғайтын, ақыл-насихат айтатын мазмұны екінші себеп деуге болады. Бұхар да, өзге жыраулардай, екіүш түрлі көзден алынған дерексіз есімдерді пайдаланады. Бір тобы – -лық жұрнағы арқылы жасалғандар. Бұлардың негізі көбінесе қазақ сөздері болып келеді. Екінші топты қазақтың түбір сөздері және өзге тілдік жұрнақтармен жасалған есімдер құрайды. Үшінші топқа араб, парсы сөздері жатады.
Араб және парсы сөздері. Бұл қабаттың басымы – қазақтың жалпыхалықтық сөйлеу тіліне ертеден еніп, әбден сіңіскен, қазақтың өз сөздері болып кеткендер. Мысалы, XVIII ғасырдың ақын-жырауларында кездесетін дүние, момын, мақал, мейман, несібе, дәулет, Құдай, заман, жаза, уағда, кедей, пейіл, пана, пасық, арам, амал, қайыр, құрмет, ар, абырой, халық, әлем, өмір, адам, адамзат, ажал, ақырет, намаз, ұжмақ, құбыла, бақ, мезгіл, дұшпан сияқты сөздер – түпнегізі арабпарсынікі болғанмен, әңгіме етіп отырған дәуірлерден көп бұрын-ақ халық тіліне сіңіп, қазақ лексикасының байлығына әлдеқашан айналғандар. Олардың қазақ тіліне етене болып кеткендігі сонша – бірқатары көркемдеу құралына айналған, енді бірсыпырасы синонимдер қатарын түзейді. Мысалы, Бұхарда: «Уақытым менің өткен соң, Мезгіліміз жеткен соң» деп, уақыт, мезгіл сөздерін синоним етіп келтіреді.
Екеуі де араб, парсы сөздерінен жасалған бақ-дәулет, абырой-ар, Алла-тағала тәрізді қос сөздер де осы іспеттес. Кірме сөздердің көпшілігі қазақтың төл сөзімен қосақтаса айтылып, қос сөздер қатарын түзеп кеткен: аман-сау, амал-айла, бос-бекер, кедей-кепшік. Бірқатарынан туынды тұлғалар жасалған: қайырлы, қайырсыз, дүниелік, мақұлдау, амандық, несібелі, жалақор, парақор, бақсыз, бақытты, бақытсыз, құрметті, қадірлі т.б.
Араб-парсы қабатының екінші тобы және өте шағын бөлігі – халықтың күнделікті сөйлеу тілінде көп қолданылмайтын, негізінен ислам дініне қатысты сөздер. Мысалы: арсы-күрсі, маһи, тәрт шадияр, лауқы, фани, һәммәт т.б. Бірақ бұлардың әдеби тілдегі активтік дәрежесі жоғарғы көрсетілген топтан әлдеқайда төмен. Бірінші топтағылар ақын-жыраулардың барлығында және барлық туындыларында да кездесетін болса, екінші топтағылар кейбіреулерінде ғана, оның өзінде де белгілі бір өлеңдерінде қолданылған. Бұлар негізінен Бұхар мен Шалда кездеседі. Мұның себебі – бір жағынан, екеуінің де мұсылманша сауатты болғандығынан болса, екіншіден, олардың Алла мен иманды ауызға алып отыруды міндет санағандықтарынан.
Феодалдық-хандық қоғам мүдделерін жақтаған Бұхар жырау өзінің идеологиясында ислам дініне иек артады. Алланы айтып отырған Бұхар бір шығармасының ішінде Алла сөзінен бастап, шадияр, мұсқап, құран, енжіл, кәләм, иман, арсы, күрсі, лауқы, нәубат деген жалпы есімдер мен Мұстафа, Наушаруан тәрізді жалқы есімдерді де шоғырлап ұсынады. «Елу жасқа келген соң, Пірдің сөзін сақтадым» деп ағынан жарылған Шал ақын да: «Жігіттер, ораза ұста, намаз оқы, Ғарасат майданы бар, тергеледі» сияқты жолдарында едәуір «діни» араб сөздерін қолданады: Мұхамметтің үшбу жүрген үмметі, уассамаһи дастан, парыз, уәжім, сұннат, иман, ғақыл, ғибадат, мәңкүрнәңкүр, Раббы, хазірет, Расул, хиямет мағшар. Ол тіпті реті келгенде «лә аллала илла аллаһ» немесе «күнфайахун туржағун» деп тұтас фразаларды да арабшалап жібереді.
Оқу-ағарту саласына қатысты араб-парсы сөздерінен XVIII ғасыр әдеби тілінде кездесетіндері көп емес және олардың қолданылуы жеке авторға байланысты. Тағы да Бұхар мен Шалда сия, қалам, дәуіт, әлім, ғалым деген сөздердің кездесуі олардың мұсылманша көзі ашық болғандықтарынан деп табамыз.
Р.Сыздықова