XIX ғасырдың II жартысындағы қоғам өмірі және тіл тәжірибесі

 XIX ғасырдың II жартысындағы қоғам өмірі және тіл тәжірибесі

Өткен ғасырдың екінші жартысы – қазақ халқының саясиәлеуметтік, экономикалық және мәдени өмірінде болған түбегейлі тарихи өзгерістердің, әр алуан тартыстардың заманы болды. Бұл кезеңде Қазақстан түгелімен Ресейге бағынып болды. Қазақ қауымының бұрынғы патриархалды-феодалдық тұрмыс-күйінің іргесі әбден сөгіліп, Ресей империясына қараған отар ел кешетін әлеуметтік-экономикалық тіршіліктің тасы мықтап қаланды. Қала-бекіністер орнады, сауда-саттық күшейді, жер-жерде отырықшылық басталды. Егіншілікпен айналысу орын ала бастады.

Осындай өзгерістер қазақ халқының мәдени-рухани дүние- сінде де жаңалықтар туғызды. Қазақ жерінде аз болса да, оқубілім көздері пайда болды. Омбы, Орынбор, Орал, Троицк, Перовск, Торғай қалаларында жергілікті халық балалары үшін 100 шақты уездік екі кластық (6 жылдық) және бір кластық болыстық (4 жылдық) мектептер ашылды. Оларда оқу орыс тілінде жүргізілді. Бұл мектептер аздығына және отаршылық саясатты көздегендіктеріне қарамастан, қазақ арасына оқубілімнің таралуына септігін тигізді. Орыс тілін танып-білудің алғашқы қадамдары басталды.

Азаматтық оқумен қатар, мұсылманша діни оқу да осы кезенде едәуір жанданды. Ауыл молдаларынан арабша-түркіше сауат ашып, хат тану бұқара халықтың білім-ғылымға деген санасын оятып, жалпы сауаттылыққа талпындырды.

Тіл тағдырына әсер еткен маңызды оқиғалардың келесі бірі – қазақ тілінде тұңғыш баспасөз органдарының пайда болуы болса, екіншісі – қазақ тілінде кітап бастырудың дүниеге келуі болды. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, Қазан университеті мен Қазан гимназиясы баспасынан XIX ғасырда 400-ден астам кітап басылса, оның тең жартысы қазақ тілінде жарияланыпты, жалпы XIX ғасыр мен XX ғасырдың бас кезінде Қазан, Петербург, Уфа, Ташкент, Орынбор, Семей, Омбы, Орал, Верный, Астрахань қалаларында орта есеппен 1000-нан астам атаулы қазақ кітаптары басылып шыққан, олардың тиражы шамамен 5 миллион данаға жеткен[1]. Тек қазақ тілінде емес, ортаазиялық әдеби тілдердегі («түркіше») мұсылманша діни мазмұнды кітаптар да (Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани т.б. хикметтері) қазақ арасына молынан тарай бастайды. Тіпті бұл кезде христиан дінінің миссионерлік әдебиеті де қазақ тілінде баспа бетін көрді.

Орыс ғалымдары тарапынан қазақ тілінің грамматикалық құрылысын зерттеу басталды. Шын мәніндегі лексикографиялық жұмыстар етек алды: өткен ғасырдың екінші жартысында ғана 20-дан астам орысша-қазақша және қазақша-орыс- ша сөздіктер шықты (жалпы Қазан революциясына дейін кей- біреулерінің қайыра басылуларын және қосымша ретінде берілгендерін есептегенде, 40-қа жуық сөздік шыққан екен).

Ең үлкен оқиға – қазақ көркем әдебиетінің жаңа кезеңі басталды. Төл жазба әдебиеті туды. Араб, парсы, шағатай, орыс тілдерінен аударылып, ауызша да, жазбаша түрде де тараған аударма әдебиет өмірге келді. Қысқасы, қазақтың әр алуан жанрдағы, әртүрлі мазмұндағы жазба әдебиеті жанданып, түрлері көбейе бастады.

XIX ғасырдың II жартысы – қазақ тілінің статикасы (сол тұстағы қалыпты жай-күйі) мен динамикасына (дамуына) қоғам өмірінің тікелей қатты әсер еткен дәуірі болды.

Өткен ғасырдың II жартысында тілді пайдалануда бұқа- рашылдық (демократизация) сипаты болды, яғни жазба әдеби тіл шағын топтың (айталық, ислам дінін уағыздаушылардың) мүддесіне ғана қызмет етпей, оған қалың бұқара мүддесін өтеу талабы қойыла бастады. Осылардың барлығы сөз етіп отырған дәуірде жазба әдеби тілдің екі типінің қатар өмір сүруіне әкеп тіреді. Бірі – қазақтың ескі жазба әдеби тілінің сол тұста «кітаби тіл» аталған түрі, екіншісі – қазақтың ұлттық жаңа жазба әдеби тілі.

Сөйтіп, талдап отырған дәуірде тіл қолданысын танытатын мынадай әдебиет нұсқалары болды:

  1. халықтың ауыз әдебиеті шығармалары. Бұлардың басым көпшілігі бұрыннан келе жатқандар болды, бірақ ауызша жеткізіліп, таралуына байланысты осы кезеңнің өзінде жырланған варианттары болды. Ал кейбір жырлар осы дәуірде туды, олар XIX ғасырда болып өткен оқиғаларды, осы тұстағы жеке адамдарды бейнелейтін туындылар: «Айман-Шолпан», «Бекет батыр», «Мақпал-Сегіз» т.б.
  2. Қазақтың байырғы поэтикалық дәстүрін әрі қарай жалғас- тырған ақындардың өлең-жырлары. Ол ақындар: Сүйінбай, Майкөт, Бақтыбай, Күдері, Кемпірбай, Шөже, Түбек, Нұрым, Арыстан, Бала Ораз, Базар, Нысанбай, Досқожа, Майлықожа, Мәделіқожа, Біржан, Жаяу Мұса, Мұрат, Жамбыл т.б. Зерттеуші М.Жолдасбеков Жамбылдың ұстаздары деп (демек, XIX ғасыр ақындары) Сүйінбай, Қабандардан бастап, 10 шақты ақынды, 4-5 шешенді атайды, шәкірттері деп 15 шақты есімді көрсетеді[2]. Бұл тек бір өңірдің – Жетісу алқабының ғана ақындарының саны, ал қазақтың кең даласын түгел алғанда, XIX ғасырдың өн бойында жырлап өткен сөз шеберлерінің саны өте көп екені байқалады.

Бұлардың ішінде Майлықожа, Мұрат, Жаяу Мұса сияқты мұсылманша сауатты ақындардың шығармалары бұрынғы көркем әдебиет үлгілерімен қатар жаңа жазба әдебиеттің нышандарын да танытады.

  1. Қазақтың ұлттық әдеби тілінің жаңа кезеңін бастаушы Абай мен Ыбырай шығармалары. Сонымен қатар Шәңгерей Бөкеев, Әбубәкір Кердері, Ақан сері Қорамсаұлы, Нұржан Наушабаев, Ақылбай, Мағауия сияқты жазба ақындардың туындылары өз кезеңіндегі қазақтың ұлттық әдеби тілін танытатын үлгілерден саналады.
  2. Қазақ тіліндегі тұңғыш баспасөз болып саналатын жер- гілікті әкімшілік органдары – «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті», «Торғай газеті «, «Ауыл шаруашы- лық листогы» атты газеттер.
  3. Патша үкіметінің әкімшілік органдары мен жергілікті әкімдердің қазақ тілінде жазысқан ресми-кеңсе қағаздары (бұйрықтары, шағымдары т.б.).
  4. Шығыстың классикалық әдебиетінің қазақша еркін аудармалары, яғни шығыс сюжеттерін қайталап қазақша жыр- лаған туындылар: «Шаһнама», «Лейлі-Мәжнүн», «Жүсіп-Зы- лиха», «Фархад-Шырын», «Ескендір», «Мұңлық-Зарлық», «Сей- фүлмәлік», «Бозжігіт», «Шахмаран», «Шәкір-Шәкірат» т.б.
  5. Ислам дінін уағыздап, оның пайғамбары мен әулиелерін дәріптейтін таза діни тақырыпта «кітаби тілде» жазылған қиссалар («Салсал», «Зарқұм», «Жұмжұма», «Кербаланың шөлінде» т.б.) мен ислам діні канондарының аудармасы: Әбу- бәкір «Исламның бес парызы», Нұржан Наушабаев «Қырық қадис» т.б.
  6. Өткен ғасырдың II жартысында тұңғыш пайда болған қазақ тілінің алғашқы грамматикалары мен хрестоматиялары, оқулықтар және екі тілді сөздіктер: Н.И.Ильминский «Материалы к изучению киргизского наречия». -Казань, 1861; А.Е.Алекторов «К мудрости ступенька». Азбука для учеников начальных русско-киргизских школ. — М., 1891 және «Киргизская хрестоматия». — Оренбург, 1898. — Ч.І; И.Алтынсарин «Начальное руководство к обучению киргиз русскому языку. — Оренбург, 1871; «Жазуға үйрететін кінеге». — Қазан, 1892, 1894; Л. Будагов «Сравнительный словарь турецко-татарских наречий». — СПб., 1869-1871; И.Букин «Русско-киргизский и киргизско-русский словарь». Ташкент, 1883 т.б.
  7. Көпшілікке арналып, медицина, ветеринария т.б. қатысты тақырыптарға жазылған кітапшалар: «Трахома деген жаман көз ауру». — Қазан, 1898; «Егіншінің қызмет аты жайында». — Орынбор, 1899 т.б.
  8. Миссионерлік мақсатпен жазылған, христиан дінінің канондарын қазақ тілінде түсіндіріп уағыздайтын кітаптар: «Евангелие». — Қазан, 1899; «Езги Иосиф». — Қазан, 1892 т.б.

Бұл аталған әдебиет үлгілері мазмұны мен көздеген мақ- саттары (оқырмандары) жағынан бірнеше топқа бөлінгенімен, тілі жағынан екі топқа жинақталады: 1) қазақтың ауызша тараған байырғы төл әдеби тілі мен ұлттық әдеби тіліне негіз- делген үлгілер; 2) қазақтың ескі жазба дәстүрінде, яғни сол кезеңде қазақ топырағында «кітаби» деп аталған тілде жа- зылған үлгілер. Алғашқы топқа ауыз әдебиеті нұсқаларынан бастап, жоғарыда аты аталған ақындардың көпшілігінің өлең-жырлары; Абай мен Ыбырайдың әдеби, педагогикалық, философиялық шығармалары, яғни өлеңдері, Ыбырайдың оқулық-хрестоматиясы, Абайдың «Қара сөздері»; екі тілдік сөздіктің қазақша материалдары; көпшілікқолды жартылай ғылыми кітапшалар, ішінара алғашқы баспасөз және… христиан дінін уағыздайтын миссионерлік діни әдебиет үлгілерінің тілі жатады. Соңғысына діни тақырыптағы кейбір қиссалар, ислам дінін уағыздайтын аудармалар, ресми-кеңсе қағаздары және эпистолярлық үлгілердің тілі жатады. Алғашқы топ- тағылардың өзін екіге бөліп қарау керек болады: бірі – ауызша тараған көркем поэзия дәстүрін сақтаған әдеби тіл үлгілері, екіншісі – соның жазба түрге көшкен жаңа сипатты жалғасын танытатын нұсқалар тілі.

[1] Жиреншин Ә. Қазақ кітаптарының тарихынан. — Алматы, 1971. — 39-б.

[2] Жолдасбеков М. Асыл арналар. — Алматы, 1990. — 142- 144-б.

Р.СЫЗДЫҚОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *