XIX ғасырдың ІІ жартысында бұрынғы қазақ  поэзиясы тілінің одан әрі дамуы

XIX ғасырдың ІІ жартысында бұрынғы қазақ 

поэзиясы тілінің одан әрі дамуы

Сөз болып отырған кезенде қазақ әдебиетінің жанрлары көбейіп, түрлене түскеніне, соған орай жазба тілдің жаңа стильдері пайда болғанына қарамастан, әдебиеттің поэзия жанры қазақ тілінің даму барысында басым (доминант) сала болып қала берді. Бұған, бір жағынан, сан ғасыр бойы күшті дамып келген бұрынғы қазақ поэзиясы дәстүрінің әрі қарай ұласа бергендігі негіз болса, екінші жағынан, осы кезенде жаңа реалистік әдебиет туып, оның да негізгі жанры болып поэзия, яғни ұлы Абай шығармашылығы тұрғандығы себепкер болды.

XIX ғасырдың II жартысында қазақ поэзиясы негізінен ақындық мектепке көшкендігі жоғарыда айтылды. Оның өкілдері кең даланың барша түкпірінен көптеп көріне бастады. Олар әлеуметтік үні, жырлау мәнері, тақырып ауқымы, таралу шегі, мұра байлығы жағынан, сөз жоқ, бір қатарда тұрмады. Шортанбай, Мұрат, Жанақ, Марабайлардан[1] бастап, Сүйінбай, Мұсабай, Орынбай, Шөже, Кемпірбай, Ақтан, Бала Ораз, Арыстан, Сары, Базар, Біржан, Жаяу Мұса, Майлықожа, Мәделіқожа сияқты байырғы дәстүрді әрі қарай жалғастырған, туындыларын көбінесе ауызша таратқан ақындар мен жырау-жыршы типіндегі сөзгерлерден (Нұрым, Ақтан т.б.) басқа байырғы поэзия дәстүрін жазба әдебиетке жалғастырған Ыбырай Алтынсарин, Шәңгерей Бөкеев, Әубәкір Кердері, Нұржан Наушабасв, Ақан сері Қорамсаұлы, Ақылбай, Мағауия Құнанбаевтар сияқты ақындар да болды.

Сондай-ақ аттары аса алысқа жайылмағанмен, әлеуметтік үндері болған Нысанбай, Досқожа, Қашқымбай, Досжан, Қашаған, Құлмамбет, Қубала, Күдері т.б. тәрізді ақындар да сөз өнерінде, көркем тіл әлемінде орын алды. Ақындық ауқымдары әр дәрежеде болғанмен, бұлардың баршасы қазақ- тың ауызша дамып келген әдеби тіл үлгісін әрі қарай дамытушылар болды.

Бірақ бұл дәуірде қазақтың бұрынғы поэтикалық мектебі өзгеріссіз қалмады. Ақындар шығармашылығының тақырып аясы да, мазмұны да, жырлау стильдері де өзгеріске ұшырады. Әрине, ілгергі дәстүрден қол үзушілік жоқ: бұрыннан келе жатқан кәнігі теңеу, метафора, эпитет сияқты көркемдеуіш құралдарды көп өзгертпей жиі пайдалану XIX ғасырдың II жартысындағы ақындарға да тән. Өлең өлшемінде де жаңалық жоқ: 7-8 буынды жыр ағымы мен 11 буынды қара өлең болып келеді. Сөйте тұра алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда, байқалатын өзгешеліктер едәуір.

Ең алдымен, ендігі ақындарда шындық суреті, нақтылық басым. Бұл кезде арнау өлеңдер мен портреттер, енді-енді көріне бастаған пейзаждық өлеңдер молырақ орын алады. Бұларда затты, құбылысты, адамды, оның мінез-құлқын, ісәрекетін, сын-сипатын нақты суреттеу көзге түседі. Мысалы, осы кезең ақындары «жақсы қатын», «жаман қатын» туралы өз бағасын өлеңмен білдіргенде, сол қатын айналысатын қазаношақ, үй ішінің нақты суреттерін береді. Ақан серінің осы тақырыптас өлеңдерінде құман жатыр кұл болып домаланып, күлде жатқан қалашты жеңмен сүртіп, жаулығы желкесіне кетер қашып, тұзы жоқ көжесінің төгіп-шашып сияқты жолдар кездеседі. Бұл – әдеби тілдің сөздік қазынасына көптеген лексикалық топтардың молынан ене бастауы деген сөз. Әсіресе тұрмыстық лексика мен жалқы есімдер және адамның әр алуан қимыл-әрекетін білдіретін етістіктер өлең тіліне еркін араласады, осының нәтижесінде сөз мағыналарының саралана түсуі немесе мағына ауыстыру процесі активтенеді.

Екіншіден, аталған ақындардың біразы (Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Сүйінбай, Бала Ораз, Майлықожа т.б.) – жеке туындылармен қатар, айтыс өлеңдерінің иелері. Ал бұл кездегі айтыс – тұрмыс-салттық тақырып шеңберінен шығып, әлеуметтік үн ала бастаған жанр. Демек, бұл – айтыстардың сөз байлығы да, көркемдеуіш құралдары да, тіпті көлемі де өзгерді деген сөз. Айтыс компоненттері монологке ауысады. Ал монолог – ақынның өз айналасына, заманына, өмірге, қоғам тіршілігіне, жеке адамдардың іс-әрекеттеріне деген көзқарасын, ойын, мінездемесін көрсететін сөз түрі.

Үлкен айтыстарда ақындар қарсыласын жеңу үшін тек тақырып, факт, логика, аргумент мықтылығын ғана көздеп қоймайды, сөз-образдардың орынды, әсерлі әрі соны болуына да қам жейді. Ол үшін тілдік-көркемдік дүниенің дәстүрлі түрлерін пайдаланумен бірге, жаңаларын да тудыруға тырысады. Біржан сал Сара ақынмен айтысқанда, «әншінің кең тынысты, зор дауысты» дегеннің тың образын әнімді он екі взвод жіберемін деп ұсынады. Сол сияқты XIX ғасырдың соңғы ширегінде етек алған шығыс әдебиеті әсерімен келген білімтүсініктер де осы айтыста образ жасауға қатыстырылады. Біржан: Тұлпармын Көрұғлының Пырағындай немесе: Рүстем дастандаймын дәл өнерге деген теңеулерді келтірсе, Сара ақын: Болғанда аузымсағат, ернімқақпақ деп бұрын қазақ қызы портретінде кездеспейтін мүлде тосын теңеу жасайды, бұл да – өз кезеңінің өмір шындығынан алынған образ: сағаттың өзі ол кезде екінің бірінің қолына түсе бермейтін бағалы бұйым болса, ақын қыздың дарыны да (аузы, яғни сөзі) – сондай сирек дүние, сағаттың қақпағы қандай дөп-дөңгелек, мінсіз, көзтартарлық алтын не күміс болса, қыз ерні де сондай әсем!

Үшіншіден, бұл кезеңдегі ақындардың бірқатары – әр алуан эпикалық шығармаларды (дастандарды, эпостық жырларды) тудырушылар және таратушылар. Мысалы, Сүйінбайдың қырғыздың «Манасын», шығыстың «Шаһнама», «Тотының тоқсан тарауы», «Көрұғлы» сияқты жырларын ел арасына таратуда еңбегі зор болған[2]. Жанақ пен Шөжелер «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының өз варианттарын ұсынған[3]. Ақтан Керейұлының даңқы негізінде өзі жырлаған ерлік дастандарымен шыққан167.

Дастан – көлемді, күрделі туынды болмақ. Демек, тіл жағы- нан бұл да – өзгерістер мен жаңалықтарды туғызатын жанр. Осы тұста пайда болған дастан-жырлардың тамыры бұрынғы поэзия дәстүріне терең бойлап кетеді. Авторлар образ таңдауда болсын, суреттеуде болсын кәнігі сөздер мен тіркестерге иек артады. Солай бола тұрса да, бұларда нақты суреттер басымдау. Мысалы, «кешегі өткен Қарасай бабасын»: Еменнен найза алатын, Қорамсаққа қол салатын. Қырық мың дұшпан келсе де, Тайсалмай қарсы баратын. Кереге көз тор сауыт, Жеңсіз берен киетін… деп бұрынғы образдармен суреттеген Сүйінбай «Сұраншы батыр» дастанында ұрыс картинасын былайша береді: Қарсы келген дұшпанның Қылышпен басын қияды. Найзаменен түйреді. Өлігін жаудың иледі… Әрине, бір қарағанда, мұңда жаңалық жоқтай: картина бұрынғыша қимыл, іс-әрекетті атау арқылы берілген, сөйлемдер шағын (бір тармақтық), өлең етістік ұйқасқа құрылған т.т. Ал салыстыра қарасақ, қимыл құралдары (найза, қылыш, шоқпар) баяғыдай эпитетпен кел- мейді: толғамалы немесе қималы я болмаса ырғай сапты найза емес, тек найза, қылыш та алмас, наркескен, алдаспан емес, жалаң қылыш сөзі арқылы бейнеленген. Мұнда ұрыс картинасын жалпы сипаттау жоқ, нақты суреттеу бар. Нақты сурет – тілдік қолданыстарға өзгеріс енгізетін құбылыс: ол дәстүрлі эпитеттерге, кәнігі штампарға көп жібермейді, оның есесіне сөздердің жаңа тақырыптық топтарын қосады, оларды сан жағынан молайтады.

Төртіншіден, тағы бір сипатты белгілердің бірі – бұл кездегі қазақ ақындарының дені мұсылманша, кейбіреулері әрі орысша сауатты болады. Шортанбай, Мұрат, Базар, Майлықожа, Мәделіқожа, Қашағандар мұсылманша жақсы сауатты, араб, парсы, түркі (шағатай) тілдерінен хабарлары бар сөз шебер- лері болса, Ыбырай, Шәңгерей, Ақандар мұнымен қатар орысша да сауатты болды. Бұл жайт аталған ақындардың шығар- машылығына да, олардың тілдеріне де үлкен ықпалын тигізді.

Мұсылманша сауатты ақындарда ортаазиялық жазба әдеби тілдің әсері байқалады. Мысалы, Ақан серінің ғашықтық цикліндегі өлеңдерінің біразында шағатай поэзиясыңдағы образдар, соған орай «түркілік» элементтер орын алған. Оның: «Біз бұлбұл қызыл гүлге тартқан сада, Нәркес көз, қалам қасты, лағыл бала. Иранның құсни зия тотысындай, Гауһардан әзкен нәсіл тудың зада» деген төрт тармағында сада, нәркес, лағыл, құсни зия, гауһар, зада сияқты жеке сөздер ғана емес, иранның тотысы, гауһардан туу тәрізді образдар да – төл қазақ поэтикасына тән емес, шағатайлық дүниелер. Ақынның сұлу қыздың образын беруде «гүл жүзің, зипа бойың, қалам қабақ» деуі немесе «жұмақтың шарап кәусер қауасында Сен едің шапшып тұрған інжі шабақ» деген теңеулері, сол сұлуға ғашық болған лирикалық кейіпкерін «шыраққа түсіп жанған пәруанаға» балауы – осылардың баршасы қазақ поэзиясы тілінде XIX ғасырдың II жартысында бой көрсете бастаған белгілер.

Бірақ шағатай әдебиеті және тілінің үлгі-әсері мен ондағы образдардың, солар арқылы келген сөздері мен тұлғаларының қазақтың төл поэзиясы тілінен орын ала бастауы жүйелі түрде емес және басым емес. Жоғарыда мысал келтірілген «Тағырыпың» деген көлемді шығармасында Ақан сері негі- зінен қазақтың байырғы образдарын пайдаланады. Сол сияқты «Ғаламға он сегіз мың патша болсам» деген өлеңінде араб-парсы сөздері мен шағатай әдебиеті образдарын мол қолданған Шәңгерей Бөкеев өзге туыңдыларында қазақтың байырғы әдеби тіл кестесіне иек артады.

Өткен ғасырдың II жартысындағы қазақ ақындарының тілінде бұрынғы ақын-жырауларда да, халықтың сөйлеу тілін- де де қолданылмаған бірсыпыра араб-парсы сөздері орын алған. Мысалы, Ақан серіде: натараккі, тағырып, сарби зат, кәстәран, мақбуб, пәруана, шаһбазия, ағлан т.б. Шәңгерейде: килап, өршат, ғарапат, ықырам, шарғығалал т.б. Тіпті бұрынғы қазақ көркем тілінің дәстүр-тәртіптерін берік ұстаған Шортанбай, Майлықожа сияқты ақындардың өзі бейтаныс арабизмфарсизмдерді мол қолданбаса да, тілге ене бастағандарын актив пайдалану бағытын ұстаған. Мысалы, Майлықожа гауһар, жаһан, пайым, бейқайрат, насихат, нақлиқат, мехнат, уәж, қадірден, ләззат сияқты сөздерді еркін және жиі қолданған.

Сөз етіп отырған дәуірдегі қазақ поэзиясы тілінің және бір айрықша белгісі – оған орыс әдеби тілінің де әсер-ық- палының тие бастауы. Бұл әсіресе Абай тілінде көзге түседі. Абайдан өзге ақындардың тілінде де орыс тілінің әсері күшті сезілмегенмен, бұл тілмен қарым-қатынасқа түскені байқала- ды: өлең тіліне орыс сөздерін қатыстыру әрекеті активтене бастайды, оларды образ үшін пайдалану нышаны байқалады. Мысалы, Ақан сері ғашығына арнаған сөздерін «телеграмда тартылған сымға» теңейді немесе «қалқаға анда-санда жазған назын» «ғылымның дәптеріндей томда жатыр» дейді.

Орыс сөздерін, образдарын еркінірек, молынан қолдану Абайдың шәкірттері – Мағауия, Ақылбайларда айтырлықтай сезіледі. Мысалы, Мағауия қазақ ақындары бұрын-соңды қолданбаған банкрот, мот, сутки тәрізді дерексіз ұғымдағы сөздерді де, насос, кран, балкон, нарядчик сияқты нақты зат атауларын да өлең тіліне енгізеді.

Сөйтіп, XIX ғасырдың II жартысында қазақ әдеби тілінің басты стилі – көркем әдебиетте, оның ішінде поэзия тілінде өзгеріс-жаңалықтар мен даму белгілері айқын көрінеді, бірақ үлкен сапалық өзгеріс Абай шығармалары тілінен басталады. Оған дейінгі және онымен тұстас қазақ ақындарының тілі, әсіресе ауызша тараған үлгіде жырлағандардың сөз өрнегі бұрынғы дәстүрдің жалғасы болып танылады.

[1] Дулат, Шортанбай, Мұрат, Жанақ, Марабайлардың творчествосын XIX ғасырдың I жартысы мен орта тұсындағы қазақ әдебиеті тарихына жанастыра да қарастырып жүргеніміз мәлім. Сол сияқты Шәңгерей, Ақан серілердің өмір сүрген дәуірі XX ғасырдың бас кезіне өтіп кететініне қарамастан, оларды да негізінен өткен ғасырдың екінші жартысының өкілдері ретінде танимыз.

[2] Садырбаев С. Мұзбалақ ақын //Сүйінбай Аронұлы. Ақиық. — Алматы, 1975. 6-б.

[3] История казахской литературы. В 3-х томах. — Т. ІІ. — Алма- Ата, 1979. — С. 53. 167 Сыдиықов Қ. Алты сөз // Ақберен. — Алматы, 1972. — 22-б.

Р.СЫЗДЫҚОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *