
Сөз тудыру тәсілдерінің нормалануы
XIX ғасыр I жартысындағы қазақтың төл әдеби тілінде сөз тудырудың ең өнімді тәсілі – бұрынғыдай жұрнақ жалғаушы- лық (аффиксация). Одан қалды, сөз мағынасын ауыстыру (жаңғырту) амалы едәуір орын алады. Өткен дәуірлермен са- лыстырғанда жұрнақ жалғау арқылы сөз жасауда жұрнақтар- дың көбейе түскені және кейбір жұрнақтардың беретін мағы- наларының түрлене және тұрақтала түскені байқалады.
Бұл кезендегі ең актив жұрнақ – -лық. Оның басты қызметі – дерексіз зат есім тудыру. Біз талдап отырған кезең үлгілерін- де —лық аффиксімен келген сөздердің дені тілде бұрыннан барлар: жалғыздық, жақсылық, жамандық, хандық, ұрлық, кәрілік, жастық, кедейлік, жарлылық т.т.
Бұл жұрнақтың қолданылуына қатысты екі жағдайға назар аударуға болады: бірі – онымен келген дерексіз есімдердің сан жағынан едәуір көбірек қолданылғандығы. Бұрыннан тілде бар (немесе болу мүмкіндігі бар) болғанымен, ептілік, даналық, әділдік, адалдық, арамдық, қайырымсыздық, тыныш- тық, жетімдік, қорқақтық, шешендік, сұлулық, албырттық сияқты сөздер XIX ғасыр әдеби тілінде еркін және молырақ кездесе бастайды.
Бұл қатардағы сөздердің ішінен сол кезеңде жасалғандарын кесіп айту қиын, дегенмен қажылық, «әкімшілік» мәніндегі төрелік, міндестік, әлеуметтік қарым-қатынасқа байланысты мәндегі күндестік, бостандық сияқты бес-он сөзді осы кезеңнің өзінде туған деп топшылауға болар, өйткені қазақтардың қажыға баруы – негізінен XIX ғасырда басталған болса керек. Төрелік тұлғасы бұрыннан төре сөзінің «бидің кесімі, билік» мағынасынан туған дерексіз ұғымды білдіретін болса, енді төре сөзінің көбінесе орыс әкімшілік тарапынан қойылған «ел билеуші әкім, начальник» деген жаңа мағынасына —лық жұрнағы қосылып, «әкімдік, начальниктік» ұғымын да берген. Сол сияқты «бірін-бірі мінеу, айыптау» мөнінде міндестік, бір шаңырақтың астындағы әйелдерге қатысты «ошақ басындық мәндегі» күндес сөзінен әлеуметтік мәндегі күндестік сөздерін қолдану да – тек осы кезең үлгілерінен табылады.
Бір қызығы – бұған дейін тек қана тірлік тұлғасында келген сөз енді тіршілік түрінде де кездесе бастайды: «Тіршілік пен өлімнің Ұзақ дауы шешілген…», «Күнәм жойқын, тәубем аз, Тіршіліктен не таптым ?» (Дулат). Сірә —шылық аффиксінің қазақ тілінде жандана бастаған тұсы XIX ғасыр деуге болады. Махамбетте ашаршылық сөзі («Ашаршылық жол көрмей) бұрынғы аштық дегеннің орнына қолданылған. Дегенмен осы күнгі —шылық аффиксімен жұмсалатын біраз сөздер әлі де —лық жұрнағымен келеді: тарлық (таршылық емес), тірлік варианты әлі де тіршіліктен гөрі жиірек қолданылған: «Тірлікте есіңе ал» (Шортанбай), «Алмасын тірлікте ердің бағын» (Шернияз).
—лық жұрнағымен келген деректі зат есімдер де жоқ емес. Олар: жаздық («Жаздықтың талшық көлі» – Махамбет), кішілік («әйелі», «жұбайы» мағынасындағы сөз, түбірі кіші – көне түркі тілдерінде «әйел» дегенді білдірген; «Алмажан сынды бейбақты Кішілікке алуға» – Алмажан), мұңдық, жемтік сияқты бірен-саран сөздер.
Сөз етіп отырған жұрнақтың қатыстық сын есім жасайтын осы күнгі өте актив қызметі де осы кезеңнен басталады. Бұрын оның бұл қызметі тек сан өлшеміне байланысты жерлерде ғана кездесетін: бес күндік, бір жылдық, бір тиындық. XIX ғасырдан бастап тілден тайлық ақша, ақындық қуат, өмірлік жолдас, бір қалаштық тиын сияқты қатыстық сын есімдер көріне бастайды.
-шы жұрнағымен келген сөздер де көбейе түскен: басшы, қосшы, жалғаншы, өсекші, өтірікші, алдамшы, орманшы, егінші, үйші, айраншы. Бұлардың көбірек кездесуі әдебиеттің тақырыбына да байланысты: XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті әлеумет тіршілігін, қоғам мүшелерін көбірек сөз етеді, ал -шы жұрнағы қоғамдағы адамдарды әлеуметтік орнына (басшы, қосшы), кәсібіне (орманшы, егінші, биеші, бақыршы), мінезқұлық қасиетіне (жалғаншы, өсекші) қарай атайтын сөздерді жасайтыны мәлім Осы мотивпен парсы тіліндік —қор, —паз жұрнақтары, әсіресе алдыңғысы, қазақ тілінің —шыл, -гіш жұрнақтары активтене түскен. Бұл кезендегі үлгілер тілінен жемқор, парақор, антқор, дүниеқор, ел бұзғыш, ел бүлдіргіш, мақтан күйшіл, жетекшіл сөздерін кездестіреміз.
Актив қолданылған жұрнақтардың қатарынан бұрынғыдай — сыз, -ды, -дай/-дайын (барлығы да фонетикалық варианттарымен) жұрнақтары табылады. Сонымен қатар сиректеу түрде —ым (бағым, келім, кешірім),-ыс (жүгініс, күн батыс, күн шығыс), -ғы (бұл заманғы) аффиксті сөздер қолданылған. Бұлар да – негізінен бұрыннан келе жатқан сөздер.
Сөз тудырудың екінші амалы – сөз мағынасын жаңғырту. Заман, қоғам өмірі әкелген жаңалықтар жаңа атауларды қажет етті. Ол атаулар – пысық, ұлық, атқамінер, аға сұлтан, төре, ақыр заман, зар заман, сайлау, шығын, малай, қара шығын, алым, шаңырақ салығы, несие, өсім, жол сауда, мәселе кітап, насихат, қағаздату, елу басы, он басы т.б. сияқты сөздер. Бұлар – қазақ тілінде бұрыннан бар сөздерден жасалып, жаңа мағынада қолданылғандары. Пысық, атқамінер сөздері – жаңа типтегі әлеумет топтарын атап, терминдік мәнге ие бола бастаған элементтер болса, аға сұлтан, елубасы, онбасы, ұлық, төре сөздері – жаңа әкімшілік иелерінің атаулары, бұлардың да бірқатары (аға сұлтан, онбасы, елубасы)бір ғана мағынада тұрақталып, терминдік сапаға ие болған.
Ұлық, төре сөздері де бұрынғы жалпы ұғымынан ауысып, белгілі бір әкімдерді атауға бейімделе түскен: екеуі де көбінесе орыс әкімшілігі тағайындаған бастықтарды атайды. Сайлау, шығын, қара шығын, алым, шаңырақ салығы, несие, өсім, жол сауда, қағаздату сөздері де белгілі бір ұғымды білдіретін жаңа атаулар қатарына көтерілген, яғни оларды мағына жаңғыру арқылы жасалған жаңа сөздер деп тануға болады.
Шортанбай, Дулаттар насихат, жыршы сияқты сөздердің мағынасын өзгертіп қолданған: насихат – өмірден түйіп-біл- генін баяндау, біршама философиялық ойлар, өлең-жыр арқы- лы арттағыларға қалдырар ақыл-үгіт деген нақты ұғымда қол- данылған, мәселе кітап – осы философиялық ақыл-үгіттің баспа бетіндегі көрінісі деген мағынадағы атау. Қысқасы, XIX ғасырдың алғашқы жартысы, орта тұсы мағына жаңғыртып, сөз тудырту процесінің активтене бастаған кезі. Бұл – қазақ әдеби тілі грамматикасы дамуының нақтылы сатысын көрсететін белгінің бірі.
Етістік тудыратын жұрнақтар да тұлғасы мен қызметі жағынан бұрынғыдай және қазіргідей. Азын-аулақ айырма- шылық – бұл күнде -ла жұрнағын тікелей жалғамайтын, жалғаған күнде өзгеше мағынада келетін бес-он тұлғаның кездесетіндігі. Мысалы, Шернияз «Жентті жүз атанға жүктеу- ші едік» дегенінде жүктеу етістігін «жүк тиеу» деген тура мағынасында қолданып тұр. Ал бұл күнде жүктеу етістігі «міндет арту» деген ауыспалы мәнде жұмсалады. Ар арлау, ер ерлеу («Айқайлап арын арлаған» – Шернияз, «Бежін ерді ерлетіп» – Дулат) сияқты тұлғалар да – қазіргі норма үшін кәнігі емес. Бірақ мұндай фактілер өте сирек кездеседі.
Р.СЫЗДЫҚОВА