
Көркем әдебиеттің қисса жанры және оның тілі
Өткен ғасырдың соңғы ширегінде «қисса» аталатын көркем әдебиет жанры туып, дамыды. XIX ғасырдың II жартысындағы қазақ әдеби тілін зерттеген арнайы жұмысында Б. Әбілқасымов бұл жанрдың туу дәуірі, негіздері, белгілері жайында кеңінен сөз қозғайды[1]. Зерттеуші қисса (бұл – арабша «әңгіме», «тарих» деген мағынадағы сөз) деп алғашқы кезде шығыс (араб- парсы) әдебиетіндегі сюжеттерге құрылған, оқиғалы поэти- калық шығармалар аталса, кейін бұл термин баспа бетін көрген, өлеңмен жазылған дүниелердің бәріне телінген деп дұрыс көрсетеді. Бірақ, солай тани тұра, осы еңбегінде зерттеушінің өзі Шортанбай сияқты ақындардың жарық көрген туындыларын да, «Ер Тарғын» сияқты фольклорлық мұраны да осы жанр аясында қарастырып, баспа бетін көрген дүниелердің баршасын қисса деп жаңылысқандардың шылауында кетеді.
Біз бұл күндегі зерттеулерімізде қазақ тілінде кітап шығару тәжірибесі енді-енді басталып келе жатқан кезінде кітаптар- дың қандай грифпен ұсынылғандығы, оларға қандай ат қойылып, айдар тағылғандығы, тіпті оқырман жұртшылықтың қай әдебиетті қалайша танығандығы тұрғысынан келмей, әдебиет түрлерін жанрларға ажыратуда ғылыми негіздерге сүйенуіміз керек. Сондықтан «қисса-и» деген гриф тұр ма, жоқ па, әйтеуір жазба дүние ме, жоқ па, әйтеуір сюжетті ме, жоқ па деген межелерді нысанаға алмай, әр жанрдың өзіне хас бел- гілерін тану принципімен талдасақ, сөз етіп отырған кезен- дегі қазақша баспа бетін көрген дүниеліктер үш топқа бөлінетіндігін бірқатар ғалымдар дұрыс көрсетеді. Олар: 1) ауыз әдебиеті (фольклор) нұсқалары; 2) қазақтың (төл) жазба әдебиеті нұсқалары; 3) кітаби тілде жазылған үлгілер[2].
Біз де осы топтастыруды қолдаймыз. Сондықтан әдебитілдік ізденістерде «Қисса-и Шортанбай» деген атпен жария- ланғанмен, бұл кітап ішіндегі материалды қисса ретінде қарамай, қазақтың төл көркем поэзиясы үлгісі қатарында талдау қажет, сол сияқты «Ер Тарғын қиссасы», «Қисса-и Алпамыш», «Қисса-и Қыз Жібек» деген тұмаршаларды есепке алмай, бұларды қазақтың фольклорлық дүниелерінің жанрында зерттеу керек деп табамыз.
Ал енді бірқатар «Қисса-и»-мен басылған және «қисса» айдары тағылмаған «Ақуал» сияқты кітапшалар не әдеби, не идеологиялық құны жоқ, «жай тұрғанча бір қисса болсұн деп йаза салған» әдебиеттің ешбір жанрына жатпайтын дүниелер ретінде танылуға тиіс және солай танылып жүр. Мысалы, Б.Әбілқасымов «Қисса-и әдеблі бала» (Қазан, 1897), «Қисса-и Ғажам екеуі жолдас болған» (Қазан, 1898), «Мақулат» (Қазан, 1897), «Берің зекет кітабы» (Қазан, 1898) сияқты Кашафуддин Шахмардановтың «қаламынан» туған кітапшаларға осындай баға береді.
Ал шын мәніндегі қиссаларға келсек, бұл – XIX ғасырдың ІІ жартысында, дәлірек айтсақ, соңғы ширегінде туған көркем әдебиет жанры, оның ішінде де поэзия дүниесіне қол артқан үлгілер. Олардың өзге жанрлардан ерекшеленетін негізгі белгілері, біріншіден, сюжетті, оқиғалы, көлемді шығарма болулары, екіншіден, тақырыбы мен сюжеті араб, парсы, түркі тілдерінде жарияланған үлгілерден алынғандықтары, үшіншіден, тілдерінде, әсіресе грамматикалық түлға-тәсіл- дерінде шағатайлық, ескі қазақтың жазба дәстүр элементтерінің қатысуы болып табылады. Төртінші белгісі ретінде қисса жанрының жазба дүниелер екендігін атауға болады. Соңғы белгісіне байланысты «кітаби тіл» деген терминнің қазақ топы- рағында жасалу, таралу тарихының сыры ашылады. Атақты шығыстанушы В.В.Радловтың кітап өлең, кітаби ақындар деген терминдерді өзі де байқамастан ғылыми айналымға түсіргені филология әлеміне жақсы таныс. Ол өз тұсындағы қазақ әдеби үлгілерін халықтың өзі екіге бөліп: народные изречения (қара сөз) и книжные песни (кітап өлең) деп атайды деген-ді[3]. Бұл жердегі «қара сөз» – проза дегеннің баламасы емес, ауызша тарап келген қазақтың төл көркемсөзін (фольклоры болсын, авторлы әдебиеті болсын) баспа арқылы тарайтын «кітап өлеңдердің» қарама-қарсысына қойып атау үшін таңдаған термині (сірә, мұңдағы қара сөзін ғалым халық дегеннің баламасы ретінде алғанға ұқсайды: народные изречения – қара сөз).
Демек, өткен ғасырда қисса сөзі – «кітап өлеңдер», жалпы «кітап болып басылған дүниелер» дегенді білдірген, бұл кезде аталған әдебиет жанры, мазмұны, идеологиясы, авторлы, авторсызы, тілі, пайда болған уақыты, адресаты жағынан ажыратылмаған. Сондықтан «Алпамыс», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» сияқты ежелгі батырлар жырлары да, «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» тәрізді лиро-эпостар да, қазақтың профессионал ақындарының өлеңдері де, жыр-дастан болып келетін жаңа туындылар да – баршасы « Қисса-и» атымен басылды. Ал бізге бұларды ажырату керек. Оларды ғылыми тұрғыдан талдауда, әсіресе тілдік-стильдік сипатын тануда атына қарамай, затына қарасақ, қисса атаулы әдебиет жанрына араб, парсы, үнді және өзге түркі тілдеріндегі, оның ішінде «шағатай тіліндегі жазба әдеби мұралардың сюжетіне құрылып жырланған, оқиғалы, көлемді дастан-жырларды жатқызу керек болады. Қазақтың төл эпостары да оқиғалы, көлемді жырлар, бірақ айырмасы – соңғылар авторсыз, көбі ұрпақтан ұрпаққа ауызша таралып келе жатқан ескерткіштер, ал қиссалар – жаңа құбы- лыс. Қисса-дастандардың өзін мазмұны мен мақсатына қарай екіге бөліп қараған жөн: бір тобы – шығыстың клас- сикалық әдебиеті үлгілерін қазақша жырлаған туындылар. Олар: «Шаһнама», «Жүсіп-Зылиқа», «Мұңлық-Зарлық», «Сей- фүлмәлік», «Бозжігіт», «Шахмаран», «Шәкір-Шәкірат» т.б. Бұлардың тақырыбы азаматтық, көбінесе махаббат, адам- гершілік жайы. Екінші тобын ислам дінін уағыздап, оның сахабаларын дәріптейтін дастандар («Салсал», «Жұмжұма», «Кербаланың шөлінде» т.б.) құрайды.
Белгілі бір жанрда жаңа туған жазба дүниелердің қазақ- тың өзге туындыларынан айырмасы тек «кітаптан оқылатындығында» ғана емес, тілі мен стилінде де болды. Олар жазба үлгілер болғандықтан, түркі жазба тіл дәстүріне біртабан жақындау келуге тырысты. Сірә, түркі халықтары өмірінде жазба тіл дәстүрінің бар екендігін, оны жазба дүниеге келгенде берік сақтау керектігін сезіну қазақ топырағында мықтап орын тепкен сияқты. Жалғыз қиссаларда емес, әйтеуір қолға қалам ұстаған сәтте, егер жазба проза жанрында болса, «шағатайшылап» жіберуден қазақтың қай-қайсысы да тартына алмаған. Мысалы, Абайдың өзі інісі – Халиоллаға қазақша жазып келе жатқан хатын: һәрдайым, тауфиклы, абыройлы, умрыңызды тілеп хат жазғучы ағаңыз Ибраһим Құнанбай ұғлы деп білесіз деп «шағатайшылап» бітіреді. Немесе Қарамола съезінде Абайдың қатысуымен қазақтың әдет-ғұрып заңының жобасы түзілгенде де, көп тұстарда автор мен аудармашылар «кітапшылап» кетеді (-ған жұрнақты есімшенің орнына —мыш тұлғасын қолдануы; етістіктің предикаттық көрсеткішін -дүр арқылы білдіруі; бірлән, илән, лекин шылауларын жұмсауы және мәтін емлесінің түркі жазба дәстүріне бағындырылуы т.т.). Тіпті аталған мәтін бұлайша Абайдың өзі тұрғызбаса да, қол қойғанына қарағанда, мақұлдағаны хақ, өйткені бұл – жазба құжат, ал сол тұстағы қазақша жазба дүние бұрыннан келе жатқан «түркілік» жазба дәстүрден қол үзбеуі керек болған сияқты[4].
Қиссалардың «шағатайшылап» берілуіне, біздіңше, бірнеше фактор себеп болды. Бірі – өлең-жырды жазба түрде ұсыну- дың сонылығы; бұрын қазақтың ақын-жыраулары өз туынды- ларын ауызша жырлап, құлақпен тыңдауға арнайтын, енді өлең- ді тасқа басып, оқитын етіп ұсыну тәрізді жаңа акт – оның тіліне де өзгеше қарауға мәжбүр етті. Жаңа жазба дүниенің авторлары өз туындыларын бұрынғы оқылып келе жатқан- дардан (шағатайша әдеби үлгілерден) тіл жағынан көп алшақ- тамайтын, кәнігі болуы керек деп ұғынды. Бұл – бір. Екіншіден, қиссалардың тақырыбы мен сюжеті шығыс әдебиетінен, көбі- не-көп «түркі» тіліндегі ескерткіштерден алынды. «Түркіше» өте сауатты, көзі ашық, мұсылманша жақсы хат таныған қисса авторларының тіліне сол «түркінің» сөз саптауы мен тіл машығы оңай оралып тұруы да себеп болды. Үшіншіден, кейбір зерттеушілердің айтуына қарағанда, «кітаби тіл» ту бастан-ақ діни уағыздамалардың жаны болды, «діни қисса өлеңдерді халық санасына жеткізуді «кітаби тіл» өз мойнына алды.[5]Сөйтіп, қиссалардың тілі емлесінен бастап, сөз таңдау, морфологиялық тұлға-тәсілдерді қолдану саласына дейін «кітаби тіл» сипатын алды. Бірақ бұл сипат барлық қиссаларда бірдей дәрежеде, қатаң түрде сақталған жоқ. «Шағатай» элементтері бірінде аз, бірінде көп кездесіп отырды. Мысалы, діни мазмұнды қиссалар мүлде «кітапшылап» кетсе, классикалық шығыс әдебиеті сюжетіне жазылған дастандарда қазақ тілі элементтері басымдау болды[6].
Қисса мәтіндеріндегі шағатай элементтерінің көп-аздығы авторына да байланысты болды. Автордың қазақша ақындық дарыны неғұрлым күштірек болса (мысалы, XX ғасырдың басындағы қиссашыл Ақылбай Сабалұлы сияқты), соғұрлым оның кітапшылауға құмарлығы да кемдеу болғанға ұқсайды.
Қиссалардың «кітаби тілдік» белгілері топтастырып талда- ғанда мынадай:
- Лексика саласында. Қазақ тілінде баламасы бар сөз- дердің орнына араб-парсы, шағатай, яғни көне түркі, оғұз, қарлұқ сөздерін қолдану: нәма (хат), құртқа (кемпір), біту (жазу), нәма біту (хат жазу), рауан болу (жүріп кету), тармар қылу (талқандау), ағлам қылу (хабарлау), хуб (жақсы), биһуш (есінен айрылу), баднама (жаман атты), лафз (сөз), туғры йол (тура жол), шул (сол), яқ-яққа (жан-жаққа), ат ашайтын құрақ (жылқы жейтін), алтмыш (алпыс), ұгұл (ұл бала). Түзүк, тірік, ұлуғ, мұндағ, шундағ, кішідек (кісідей) сияқты сөздер де XIX ғасырдың қазақ тіліне тән емес: ерді (еді), олтурды (отырды), ашығланды (ашуланды), тұғды (туды) деген сөз тұлғалары да – қазақша емес. Бұл белгі әсіресе діни мазмұндағы қиссаларда көбірек көрінеді.
- Грамматика саласында. Қазақ тілі морфологиясына тән емес, көне-жаңа «түркілік» тұлғалар мен тәсілдерді қолдану:
а) есімдіктердің септелу парадигмасы шағатайша: аның (оның), аны (оны), менім, бенім (менің), менге (маған), сенге (саған), екісі (екеуі), башыдан аяққаче (бастан-аяқ); ә) етістік тұлға- ларында: өткен шақ есімшенің -ған жұрнақты формасының орнына оғұздық —мыш аффиксті варианты келеді: бармыш (барған), көрінміш (көрінген); бұйрық рай: —ғыл/-қыл (барғыл, айтқыл), —ың/-ің (барың, алың) жұрнақтарымен де көрінеді; ауыспалы осы шақ —ғай/-гей жұрнағымен беріледі (көргейлер – көреді); етістіктің жіктелу парадигмасында қазақша емес тұлғалар кездеседі: III жақ көпше түрде -лар қосымшасын жалғап айту жүйелі түрде қолданылады (йатурлар, еділер), -дүр форманты жиі кездеседі, ол екі түрлі қызмет атқарады: бірі – қазақша —ды қосымшасының орнында тұрады (бара- дүр, айтадүр), екіншісі – есім баяндауышқа жалғанатын пре- дикаттық формант рөлінде келеді (қазақша еді, —ды -ді -лердің эквиваленті: барадүр (бар еді, бар-ды), түшкен-дүр (түскен еді, түскен-ді); б) мен, менен жалғау-шылауы формантының орнына бірлән/бірлә/білә/илә/илән тұлғалары жиі қолданылады; керексе, йоғса тұлғалары да орын алады.
Бұл көрсетілгендей морфологиялық тұлғалар әлдеқайда қазақша жырланған қиссалардан да табылады. Мысалы, «Ғашықнамеде» (Алматы, 1976) жарияланған қазақша «Боз- жігіт» қиссасында: «Керексе мың-мың әспет жолдас болар» (30-б.), «Аялдап сөзімізге құлақ салың» (35), «Аман болың, қош болың» (70), «Хан қызымен екісі ақылдасып» (53), «Сонда жендет кісенді байладылар» (57), «Бетін ашып көрділер қызды дейді». Бұларды тіпті қазіргі «реставраторлар» сылып тастай алмаған.
- Емле (орфография) саласында. Қиссалар «түркіше» емле тәртібін мейлінше сақтап жазуға тырысқан: сөз басында ж дыбысы келетін орындарда көбіне-көп й таңбасы жазылған: («йардам бергіл біздерге йалғуз Алла»; «йаман йолға салдырма көңүлімні» – «Салсал»), с ~ ш, ш ~ ч, п ~ м алмасулары жиі ұшырасады: тышқары (тысқары), қаршылық қыл (қарсылық қыл), асман көк (аспан көк), үчүн (үшін), чақлы (шақты) т.б.
Ең үлкен орфограммалық ерекшелік сөздерге қосымшалар жалғанғанда қазақ тіліне тән үндестік заңдарын сақтамауда көзге түседі (бізлер, білгенімні, йолны, тынмай, келіпді).
Бірақ бұл көрсетілген орфографиялық белгілер жүйелі түрде қатаң сақталмаған. Шағатайша жазылған варианттармен қатар қазақша параллельдер де едәуір, яғни қиссалардың қазақтарға арналып жазылуы, олардың біразының автор- ларының қазақтар болуы мәтінді ара-тұра еріксіз-ерікті түрде қазақшалатып отырған. Біздіңше, локальды («қазақи») немесе ескі қазақ жазба әдеби тілінің өзіне хас белгілерінің бірін де осы тұстан іздеуге болады.
Міне, бұлар XIX ғасырдағы қиссаларының (яғни жанр ретінде нағыз қисса деп табылатындарының) «кітаби тілдік» («шағатайлық, түркілік») басты-басты белгілері – осындай. Бірақ бұл белгілерге қарап, «қазақ қиссалары таза шағатай тілінде жазылды» деген пікір айтуға мүлде болмайды. Бұлар қазақтың ескі жазба тілінің үлгісінде, яғни қазақ тілінде жазылды, оның стильдік-тілдік ерекшеліктері бар бір жанрын құраған көркем әдебиет болды. Қиссалардың лексикасы негізінен қазақ тілінікі, тұтас алғандағы грамматикалық жүйесі де қазақ тіліндік, тіпті өлең құрау техникасы да қазақ поэзиясынікі: қиссалар 7-8 буынды жыр ағымымен және 11 буынды қара өлең өлшемімен берілген.
Көркемдік сипаты жағынан қиссалар қазақтың байырғы төл поэзиясымен де, Дулат, Абайлар бастаған жазба поэзиясымен де теңесе алмады, бірақ оның образдары мен кейбір көркемдеуіш тәсілдерін пайдалануға тырысты, бұл әсіресе XX ғасырдың басында туған қиссаларда анығырақ байқалады. Мысалы, бұрынғы қиссаларды қайта жырлаған немесе жаңадан қисса жазған Ақылбек Сабалұлы, Ақыт Үлімжіұлы, Жүсіпбек Шайхысламұлы, Мұқаметқали Өндірұлдары мейлінше көркем туынды беруге күш салған (Осы күнгі «Ғашықнаме» жинақтарындағы варианттарын қараңыз). Бұларда қазақ поэзиясына тән көркем образдар, теңеулер, сөз орамдары аз кездеспейді, көп сәтте қазақтың халық поэзиясы тәсілдеріне жүгініп отырады. Мысалы, Сабалұлы вариантындағы (1911 жылғы) «Бозжігіт» қиссасында:
Досына жан жолдасы сөз салады,
Жалғаннан өлмей-өтпей кім қалады? –
деген жолдар үш шумақ бойы қайталап келеді. Сол сияқты мұндағы қыздардың жар-жары кәнігі «Жар-жар» моделін толық сақтайды.
Малы жоқтың жаны жоқ, Төсегі жоқ, жар-жар! Жары жоқтың жаны жоқ, Меселі жоқ, жар-жар!
Тақырыбы мен сюжеті шығыс әдебиетіндік болғанмен, қиссаларда осы әдебиетке тән образдар аса көп кездеспейді, дегенмен мүлде жоқ та емес. Мысалы: Бұлбұл құс тас қапастан сайрайды енді; жаралған саф алтыннан сүйектері; жүрекке ғашық оты тиді; шекердей шырындығы; қолыма хат жазарға алдым қалам сияқты образдар – әрине, қазақтық емес. Абайдың «Сөз айттым Әзірет Әлі, айдаһарсыз, Мұнда жоқ алтын иек сары ала қыз» дегені, бір жағынан, ақын мен ақындыққа, көркемсөзге келгендегі өз талғамын көрсетіп, Көкбай, Әріп сияқты қисса жазған ақындарды сынаса[7], екінші жағынан, қиссашылардың осыңдай «алтын иек сары ала қыз», «саф алтын сүйек», «лебі лағыл» тәрізді шығыс поэзиясынан алынған образдарға иек арту бағытына сын көзімен қараған деп ойлаймыз.
Дегенмен XIX ғасырдағы, әсіресе XX ғасырдың бас кезіндегі нағыз қиссалар қазақ әдеби тілінің дамуында белгілі рөл атқарды: «қоғамның мәдени-рухани өмірі мен діни ұғым- дарға қатысты толып жатқан сөздер әкелді», «сол замандағы сөйлеу тілін, оның ерекціеліктерін хатқа түсіріп, алуан түрлі сөздермен байытып отырды» (Ә.Құрышжанов) және қазақ тіліне көркем шығыс поэзиясының кейбір қонымды образдарын қосты, сол образдар арқылы жеке сөздер мен түлғалар енгізді (бақта бұлбұл сайрау, қызыл гүл, дүлдүл, саф алтын, гауһар, маржандай тіс, інжу-маржан, ғибрат, ғанибет, аузынан дүр шашу, сахарадай кең, жер-жиһан, қаһарман т.т. сияқты).
[1] Әбілқасымов Б. XIX ғасырдың II жартысындағы қазақ әдеби тілі. — Алматы, 1982.
[2] Досқараев Ж., Сарыбаев Ш. Октябрь революциясынан бұрын басылып шыққан кейбір нұсқалардың тілі жайында //Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері. — Алматы, 1960. — 3-шығуы. — 45-б.
[3] Радлов В.В. Образцы народной литературы. — Ч. III. — Киргизское наречие. — СПб., 1870. — С. XVIII.
[4] Бұл жөнінде талдауды мына кітаптан көруге болады: Әбілқасымов Б. XIX ғасырдың II жартысындағы қазақ әдеби тілі. — Алматы, 1982. — 102-107-б.
[5] Құрышжанов Ә. Кітаби тіл материалдарынан // Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясының мәселелері. — Алматы, 1960. — 2-шығуы. — 73-б.
[6] Осы күнгі «Ғашықнаме» деген атпен жарияланып жүрген дастандар – осындай «қазақшалау» қиссалардың одан әрі редакцияланып, емлесі мүлде жаңартылып, қазіргі түрге көшіріліп берілген түрлері. Бұл жинақтарға кейбір қиссалардың XIX ғасырдағы варианты емес, XX ғасырдың басында қайта жырланған «қазақша» нұсқалары енгізілгені байқалады. Мысалы, «Ғашықнамедегі» «Бозжігіт» қиссасы – А. Сабалұлының 1911 жылы өңдеп қайта жырлаған варианты, тілі таза қазақша (оған қазіргі шығарушылардың қолдары да едәуір тигені сезіледі), ал ол қиссаның «ноғай уа қазақ лұғатынша» Ахмед Оразаев жырлаған 1876, 1878, 1881, 1889, 1890, 1896, 1903, 1907 жылдардағы басылымдарының тілін талдаған Б. Әбілқасымов «Бозжігіт» қиссасында өзге қазақша қиссаларға қарағанда, түркі әдеби тіл дәстүрі көбірек сақталған деп түйеді. Аталған кітап: Әбілқасымов Б. XIX ғасырдың II жартысындағы… 36-б.
[7] Әуезов М. Әр жылдар ойлары. — Алматы, 1959. 113-114-б.
Р.СЫЗДЫҚОВА