XIX ғасырдың І жартысындағы қазақ әдеби тілінің грамматикалық сипаты

XIX ғасырдың І жартысындағы қазақ әдеби тілінің

грамматикалық сипаты

Алдыңғы дәуірлердегідей, мұнда да сол кезеңдегі қазақтың төл әдеби тілінің фонетикалық және грамматикалық құрылы- сын тұтасынан дәл сипаттау қиын: хатқа түскен үлгілері кемдекем. Дегенмен көркем әдебиет поэзия түрінде болғандықтан, ондағы грамматикалық тұлға-тәсілдердің көп өзгертілмей жететіндігін ескертіп және алдыңғы дәуірлердегі үлгілер тілімен салыстырып, бұл тұстағы әдеби тілдің грамматикасын біршама суреттеуге болады.

Сөз етіп отырған дәуір – бізге ең жақын кезең: ол бар болғаны бұдан 160-170 жыл бұрынғы тілімізден хабар береді. Бұл кезеңде де басты-басты морфологиялық тәсілдердің көрінісі қазіргідей: сөзді септеу, жіктеу, тәуелдеу, көпше тұлғада өзгерту тәртібі (парадигмасы); сөздердің қиысу, қабысу, жанасу, меңгеру тәсілдері; етістіктердің рай, етіс категорияларында қолданылуы; сын есімнің шырай түрлері негізінен осы күнгі нормаға сай келеді. Бірақ кейбір морфологиялық тұлғалардың қызметі мен сыртқы көрінісі жағынан ерекшелігі жоқ емес. Ол ерекшеліктер, бір жағынан, тілдің нормалану процесіне тіреліп жатса, екінші жағынан, белгілі бір функционалдық стиль белгілерін танытады.

Ең алдымен, грамматикада варианттылық (жарыспалылық) құбылысы бар екенін атауға болады. Жарыспалылық екі-үш салада көрінеді: бірі – морфологиялық тұлғалардың қызметінде, екіншісі – сыртқы формасында, үшіншілері – қиысу, меңгеру т.б. амалдарында.

Белгілі бір грамматикалық категорияның қызметінде екі тұлғаның жарыса атқару фактісі бар. Мысалы, шаққа бейтарап, әрдайым болып жататын іс-әрекетті есімшенің -ар/-ер жұрнақты түрімен және ауыспалы шақ тұлғасымен (-ады ) беру көзге түседі. Бұл – бұрыннан келе жатқан варианттылық. Айырмасы – алдыңғы кезендерде -ар тұлғасымен білдіру жиірек байқалса, XIX ғасырдан бастап сөз иелері екінші вариантын да реті келген тұста қиналмай қолданады: «Екі кісі тең барса, Онды төре береді Ақылы жетік би адам» (Махамбет), «Алғаның жақсы жолықса, Қадірінді біледі» (Шортанбай).

Жарыспалылық әсіресе арға мен уға тұлғаларының қолданысында күшті сезіледі. Осы күнде -уға (баруға, келуге) түрінде берілетін амал XIX ғасырда әлі де -арға вариантында жиі кездеседі: «Өлең айтып толғандым, Көкірегімді басарға» (Махамбет), «Бармайды ауыз шіркін жамандарға» (Шернияз), «Таяңдық енді өлерге. Күн қанша дүр көрерге» (Шортанбай).

Супиндік (мақсаттық) қызметте барыс септікте жұрнақты қимыл есімінің орнына -ар жұрнақты есімше тұлғаны қолдану – өзге тілдердің (айталық, татар тілінің) әсері емес, қазақ тілінің өзіне тән және бір кезеңдер үшін норма болған тәсіл. XIX ғасырда уға варианты да кездесе бастайды: «Жұрт меңгеріп тұруға Әділ төре хан керек» (Шернияз), «Қорғалауға қара таппадым» (Алмажан), «Олардың кегін алуға Кезек бізге жетті деп» (Махамбет). Бұл қызметте үшінші және бір тұлға маққа/-маға варианты да ішінара орын алады: «Қабанбай елге жар салды, Аттанбаққа қалмаққа» (Дулат), «Өксікті кеткен қалмақтан, Елдің кегін алмаққа» (Дулат), «Талабың бар жалғанда, Әлде болса аспаққа» (Шортанбай). Алмажан ақын маққа жұрнақты тұлғаның маға вариантын қолданады және оны жеңгеге сияқты сөзге ұйқастырып келтіреді: «Шығып едік елімнен, Хан Жәңгірді көрмеге, Арызымды айтып бермеге, Ниеттеніп қана келемін, Ұсынып мойын өлмеге»

Бұл тұлға – -мақ жұрнақты қимыл есіміне барыс септігінің жалғауы а жалғанған түрі, ол ортағасырлық түркі ескерткіш- тері тілінде қолданылған. Бұл тұлға қазақтың ертеректегі өлеңжырларында да некен-саяқ кездесіп отырады.

Қимыл есімінің өзі әлі де екі вариантта кездеседі: олар – -мақ және жұрнақтары арқылы келетін тұлғалар. Мұның алдыңғы кезеңдерде өнімдірек болған мақ жұрнақты түрін бірте-бірте у жұрнақты варианты алмастыра бастағаны байқалады. Дулат, Шортанбай, Шал ақындар көбінесе соңғы тұлғаны қолданады: «Өлгеніңше тою жоқ, Жегенін қазақ қою жоқ» (Шортанбай). Тіпті «Тумақтың өлмегі бар» сияқты сентенцияны Шортанбай: «Өлуі болмай қоймайды Туғаннан соң пенденің» деп қайта құрастырады. Әрине, мақ жұрнақты вариант та ара-тұра қолданылып отырады: «Құбылаға бас қоймақ Мұсылманның тарығы…», «Жиырма тоғыз әріптің Жайын білмек керек-дүр» (Шортанбай).

Қимыл есімінің осы күнгі норматив —у жұрнақты түрінің актив қолданыла бастаған тұсы XIX ғасыр деуге болады.

Келесі варианттар қатарын етістіктің ашық райдағы ма+й+мын және -ман аффиксті тұлғалары түзеді. Біз сөз етіп отырған кезеңдегі көркем әдебиет тілінде ауыспалы осы шақ- тың I жақта жекеше болымсыз аспектіде қолданылатын ма+й+мын қосымшалы түрінің орнына көбінесе ықшамдал- ған —ман жұрнақты варианты қолданылады. Мысалы, Махамбет аталған категорияны білдіру үшін тек қана осы тұлғаға жүгінеді: «Мен кеткенмен, тек кетпен…», «Мен кескекті ердің сойымын Кескілеспей бір басылман…», «Ар-намысым қашырман…», «Бұлтқа жетпей шарт сынбан…», «Бас кесермін, жасырман». Бұл амалды ақын көпше мағынада да жұмсайды: «Бесеуіміз жүргенде, Алашқа болман деуші едік».

Аталған тұлғаны стильдік қолданыспен байланыстырып, оны айтылмақ ойға қайсарлық, жігерлілік реңкін білдіретін құрал деп танушылық бар[1]. Бірқатар өлеңдердің контексіне қарағанда, мұндай стильдік қызметін жоққа шығаруға да бол- мас (мысалы, осы тұлғамен келетін Махамбет жолдарын қараңыз), дегенмен ман аффиксті тұлғаны белгілі бір кезең- дердегі поэзия тілі үшін жалпы норма деп таныған дұрыс, өйткені мұның —маймын қосымшалы қатары кемде-кем ұшырасады, тіпті жоққа тән.

Тұлғалық варианттар қатарынатұғын ~ тын,соң ~ -ғансын, -дай ~ -дайын, -менен ~ -мен, -дүр ~ ды параллельдері де жатады. Бұлар да – біз тілін талдап отырған үлгілер үшін жарыса қолданылған тәсілдер. Олардың варианттылығы – жоға- рыдағыдай нормалану процесіне қатысты емес, яғни екі түрі де өлең шартына қарай жұмсала беретіндер. Өлең өлшеміне қарай бірде толық, бірде ықшам варианттар еркін пайдаланылады: «Қанатынан қайрылған Бүркіттейін болған соң» (Дулат). Мұнда өлең тармағының буын саны 7 болуы үшін салыстыру мағынасын беретін -тей жұрнағы тейін вариантында келсе, мына өлең жолында тағы да жеті буын етіп шығару үшін -дай деген ықшам түрі қолданылған: «Еркек қойдай бөлініп» (Махамбет).

Дүр мен —ды/-ді,-ты/-ті,ған соң мен —ғансын варианттары үшінші топ құрайды. Баяндауыш болып тұрған сөзге тіркесіп, кәмілдікті білдіретін -дүр форманты қазақ тілінде бірте-бірте —ды (фонетикалық варианттарымен) тұлғасына ауысқан. Ол ауысу, әрине, XIX ғасырдан бұрын басталғанымен, соңғы вариантының өнімдірек қолданыла бастауы, яғни әдеби үлгі- лердегі көрінісі біз талдап отырған кезеңге сай келеді: «Жыл- қының құты – айғыр-ды»; «Жалған дүние жарық-ты» (Шортанбай), «Қарындасым бар-ды деп» (Махамбет). Мұның -дүр варианты да жарыса жүреді: «Мағлум-дүр Хұдаға…, «Жайын білмек керек-дүр» (Шортанбай). Әсіресе Дулат тек қана -ды тұлғасын қолданады: «Бір Аллаға аян-ды, Жалған дүние жарық-ты».

XIX ғасырдың I жартысындағы үлгілерде —ған қосымшалы есімше мен соң шылауының тіркесі әрдайым дерлік -ған соң түрінде келеді, оның —ғаннан соң немесе —ғасын варианттары жоқ. Оның себебі – біздіңше, мынада тәрізді: сөз етіп отырған кезенде бұл тіркестің меңгерілген түрі ығысып (нан септік жалғауы қолданылмай), одан әрі ықшамдалуы әлі актив түрде қолданыс таппаған, енді-енді көріне бастаған деуге болады. Өлеңнің ұйқас ыңғайына қарай келген —ғансын варианты бірер жерде ғана кездеседі: Махамбеттің бір өлеңінде оңбасын, жолдасым сөздеріне ұйқас қалғансын, салғансын тұлғалары келтірілген (ол тұлғалар соңғы басылымдардың бірінде тіпті қалғасын, салғасын түрінде жазылған). Ең соңғы ықшам вариант – біздің байқауымызша, қазіргі кездің жемісі әрі нормаға еніп келе жатқан құбылыс. Жалпы қазіргі қазақ тілінде оның ішінде газет-журналдар мен ғылыми әдебиетте кейбір морфологиялық тұлғалардың ықшам түрлерін қолдану тенденциясы басым. Мысалы, мектептің нормативті грамматикасында ауыспалы шақтағы есімше жұрнағы тын, көмектес септік жалғауы —мен, — бен,пен, жалғаулық шылау да/ де, та /те, кәмілдік форманты — ды/-ді,ты/-ті деп беріледі, олардың —тұғын,менен,  дағы, -дүр варианттары норма ретінде ұсы- нылмайды. Ал, шындығында, көркем әдебиетте, оның ішін- де бүгінгі қазақ поэзиясы тілінде және ауызекі сөйлеу тәжіри- бесінде соңғы қатарлар да еркін қолданыла береді.

Сөйтіп, біз талдап отырған дәуірдегі қазақ тілі граммати- касының көзге түсетін сипатты бір белгісі – функционалдық және тұлғалық варианттардың орын алуы. Мұны, бір жағынан, нормалану процесіне қатысты қарау керек. Дәлірек айтсақ, грамматикалық бір категорияның екі-үш түрлі тұлғамен білдірілуі – әлі де біреуінің нормаға айналмағандығын танытады. Екіншіден, вариант тұлғалардың, әсіресе толық-ықшам қатарлардың орын алуын поэзия тіліне тән, өлең шарттарына қарай күні бүгінге дейін қолданылатын құбылыс деп тану керек.

XIX ғасыр қазақ әдеби тілі грамматикасында орын алған, нормаға түсіп болмаған көріністің тағы бірі – қиысуда бай- қалады. Ең алдымен, осы кезеңнен бастап, қазақ поэзиясында етістіктің сыпайы түрде ңыз /ңіз, -сыз /-сіз жалғауымен жіктеліп қолданылуы активтене бастайды. Бұл тұлғамен тек сыпайылық емес, көбінесе сыпайы көпшелік, не тіпті тек қана көпшелік ұғымды білдірген. Сыпайы, көпше тұлғадағы етістік пен есімдіктің формалық қиысуы әрдайым орын алмайды. Мысалы, Шортанбай: «Жалғанда досым сіз едің, Аяй көрме ақылды» дейді. Мұнда есімдік сыпайы түрде келсе, соған қатысты етістік анайы (-ңыз аффиксін жалғамай) түрде берілген: сіз едіңіз, көрмеңіз деудің орнына сіз едің, көрме.

Алмажанда да солай: «Асықпай тұр тоғыз би, Сізге де келер бір кезек». Мұндағы сіз есімдігі көпшелікті ғана білдіру үшін алынған, егер қазіргі нормамен берсек, сіздер асықпай тұрыңыздар болар еді.

Жалғыз есімдік емес, контекст бойынша бір тұлғада қиысып келуге тиісті өзге сөздер мен етістіктің арасында тұлғалық жағынан қиыспаушылық бары байқалады. Мысалы, «қартайған соң халқыңа Елеусіз болды сөзіңіз» (Алмажан). Мұнда сөзіңіз бен халқыңа деген сөздер екеуі де не сыпайы (халқыңызға, сөзіңіз), не анайы (сөзің, халқың) болса керек еді.

Жекелік-көпшелік, анайы-сыпайылық жағынан қиыстыр- маушылық бұл кезеңдегі барлық үлгілерде кездеседі. Мысалы, «Сіз біл деген бала жоқ» (Сіз біліңіз деудің орнына), «Аузыңа харам салмаңыз» (Шортанбай)), бұл сөйлемнің қиыстырылған түрі: «Аузыңызға харам салмаңыз» немесе «Аузыңа харам салма» болуы керек еді.

Осы кезеңнен бастап II жақтағы жіктеулі етістіктерге көптік жалғауын қосып қолдану фактісі орын ала бастаған: «Қызмет етіп жүріңдер» (Алмажан), «Аузыңа харам салмаңдар» (Шортанбай). Бірақ бұл өте сирек. Көпше мағына көбінесе сыпайы -ңыз/-ңіз, -сыз/-сіз аффикстері арқылы берілген. Мысалы, Шортанбай: Жақсы қылып күтіңіз дегенін бір адамға емес, көпке қарата айтып тұр. Сол сияқты: Қызықпаңыз бес күнге десе де, қызықпаңыз сөзін жекеше сыпайы мәннен гөрі, көпше мәнде жұмсап тұрғаны сезіледі.

Келесі ерекшелік – септік жалғауларын түсіріп қолдану саласында. Белгілі бір сәттерде ілік, барыс, табыс септіктеріндегі сөздердің жалғауларын түсіріп айту құбылысы бар екендігі мәлім (кітап беттері ~ кітаптың беттері), хат жаздым ~ хатты жаздым, базар бардық ~ базарға бардық). Ал өлең мәтіндерінде түсіріп айтуға болмайтын сәттерде де сөзді тиісті септік жалғауынсыз айту фактісі кездеседі. Бұл – әсіресе XVХVIII ғасырлар поэзиясында кәнігі тәсіл. Ол XIX ғасырдың I жартысындағы әдебиет үлгілерінде де кездеседі. Мысалы, «Ханның кірген ақ орда Бұзуын ойлап кеңестік» (Махамбет) деген сөйлемді: «ханның… ордасының бұзуын ойлап…» болуы керек еді. Сол сияқты «Қабырғадан аққан қан Ат баурына төгілтіп» (Махамбет) дегенде де аққан қанды төгілтіп… болуға тиісті. Бұл құбылысты, бір жағынан, өлең тіліне тән стильдік тәсіл деуге де болады. Өйткені септік жалғауынсыз келген сөйлем бөлігі өз алдына атаулы сөйлем тәрізді болып, өзіне назар аудартады: Ханның кірген ақ орда/сы/. Соның бұзуын ойлап кеңестік деген сияқты конструкцияны құруға болар еді. Толғамалы ақ мылтық (сол мылтықты) толғап ұстар күн қайда! Еңсесі биік ақ орда. Сол ордаға еріксіз кірсем деп едім. Әрине, проза тілінде болса, Еңсесі биік ақ ордаға еріксіз кірсем деп едім түрінде құрылар еді. Бірақ бұл жағдайда «еңсесі биік ақ орда» дегенге назар аударып алу мотиві болмаған болар еді.

Ал «Малың бер де, басың қос» (Махамбет) деген сияқты өлең жолдарындағы түсірілген жалғаулар (малыңды, басыңды болуы керек еді) мұндай стильдік жүкті арқаламайды. Бұлар өлең өлшемі көтермегендіктен, ықшамдалған сәттер.

Өлең шарттарынан туатын және бір ерекшелікті атауға болады. Ол – тиісті жіктік жалғауының түсірілуі. Махамбеттің: «Мен тауда ойнаған қарт марал…», «Түбін қазған мен бәйтерек» дегендерінде I жақтағы бастауыш пен (мен) баяндауыш қиыспаған, яғни бәйтерекпін, қарт маралмын деп айтылуға тиіс. Осы зандылық сақталмаған. Бұл да – таза өлең шарттарына қатысты синтаксистік ауытқу (Базарбайдың Төлеген дегендегі тәуелдік көрсеткішінің түсіріліп айтылғаны сияқты).

Етістіктердің белгілі бір септік жалғаулы сөздерді мең- геруіңде осы күнгі нормаға сәйкеспейтін сәттер жоққа тән.

Сол кездегі де, қазіргі де қазақ тіліне норма емес морфо- логиялық тұлғалардан -ғаш /-геш, -қаш /кеш қосымшалы етістікті атауға болады. Мысалы, бұл кездегі өлендердің бірінде: «Бейішке кіргеш мақтансын» деген жол бар. Бірақ ескеретін нәрсе – бұл өте сирек, бірер жерде ғана кездеседі. Тегі, бұл «қыпшақтық» тұлға ертеректегі қазақ тіліне де жат болмағанға ұқсайды, ол ноғайлы-қазақ цикліндегі батырлар жырларында сирек болса да орын алған. Мысалы, «Едіге» жырындағы: «қызға жақын жеткен… » деген жолдарға назар аударыңыз. Махамбет, Шортанбайларда кездесетін нешік тұлғасын да осы қатардан іздеу керек сияқты. «Кетпей де нешік етермін?» (Махамбет), «Амалым нешік Құдайға? » (Шортанбай). Бұл да – кейін қосылған татарлық кірме сөз емес, байырғы ноғайлы-қазақтық тұлға. Алдыңғы дәуірлердегі әдебиет үлгілеріндегідей, бұл кезең қаламгерлерінде де -ған жұрнақты есімше тұлғалы сөзді күрделі анықтауыш қызметінде жұмсау тәсілі өте актив: ел қонбаған көл, соғып кеткен жел, қайғы ойлаған жамандар т.т.

[1] Балақаев М. Баспасөздің тіл мәдениеті туралы //Тіл мәдениеті және баспасөз. — Алматы, 1972. — 15-б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *