Қоғамдық-публицистикалық стильдің пайда болуы

Қоғамдық-публицистикалық стильдің пайда болуы

XIX ғасырдың II жартысында қазақтың ұлттық жазба әдеби тілі функционалдық стильдерге тарамдала бастады. Басыңқы (доминант) стиль бұрынғысынша көркем әдебиет стилі болды. Сонымен қатар өзге стильдер туып, әрі қарай даму бағытын алды. Солардың бірі – қоғамдық-публицистикалық стиль. Оның пайда болуы ең алдымен мерзімді баспасөздің тууына байланысты. «Түркістан уалаятының газеті» (1870-1883), «Дала уалаятының газеті» (1888-1902), «Торғай газеті», «Ауыл шаруашылық листогі» дегендер – патша үкіметінің жергілікті әкімшіліктерінің органдары болғанмен, бұларда халықтың тұрмыс-жайы, оқу-ағарту мәселелері, қазақтың ұлттық мәдениеті, тарихы, әдебиеті мен тілі т.б. туралы публицистикалық сипаттағы материалдар басылып тұрды.

Екіншіден, «әр заманда бағасы жойылмайтын бір үлкен қымбат қазына» (М.Әуезов) болып танылып отырған Абайдың «Қара сөздерінің» бірқатары публицистикаға, енді бір тобы жартылай ғылыми стильдердің үлгісіне жатады. Мысалы, 3, 8, 22, 39, 41, 42-сөз деп аталған шығармаларында жазушы көпшілік оқушыға арнаған ойларын публицистикалық стильде ұсынады. 46-сөзі – тарихи очерк іспетті қысқа зерттеу жұмысы. Ал 5, 29-сөздері филологиялық, этнографиялық тақырыптардағы шағын ғылыми мақалалар деуге болады, 17сөзі – психологиялық этюд, бұл да – «композициясы, мазмұны және баяндау мәнері жағынан нағыз әдеби-публицистикалық шығарма[1]14. Абай «Қара сөздерінің» ішінде «Ғаклиат тасдиқат» деген атпен бөлек көшіріліп келген ең көлемді шығармасы – 38сөз – автордың дін, мораль мәселелері жайындағы ой-толғауы. Мұны «публицистика стилімен жазылған философиялық толғау» деуге болады.

Мерзімді баспасөз беттерінде туған қазақ тілінің қоғамдық- публицистикалық стилін онда жарияланған әлеуметтік, мәдени, экономикалық мәселелерге байланысты материалдар танытады. Олар оқу-білім мен техника- шаруашылық түрлері жағынан қазақ қауымының артта қалғаны, кейбір әдет-ғұрыптардың ескіріп, заман ағымына сай келмей отырғандығы, егін егу, саудаға араласу сияқты қарекеттердің қоғам дамуы үшін пайдалы екендігі т.т. төңірегінде болды. Және бұл материалдарды оқырман қауымға түсінікті, жатық тілмен ұсыну көзделді. Сондықтан лексика-фразеологиялық құрамы жағынан да, грамматикалық құрылысы жағынан да бұл стильдің негізі – қазақтың өз тілі болды. Әрине, бұл кезде қазақ тілінің функционалдық стильдері қазіргідей сараланып, әрқайсысы өз белгілерін айқындап алмаған болатын, дегенмен ондай айырым белгілер мен әр стильдің азды-көпті өз нормалары бар екендігін көрсетуге болады. XIX ғасырдың II жартысындағы қазақ әдеби тілінің қоғамдық-публицистикалық стилін сипаттайтын мынадай белгілер байқала бастайды:

  1. Лексика саласында. Лексика құрамы негізінен қазақ- тың төл сөздері болды. XIX ғасырдың II жартысында қазақ тілінің қоғам өмірінің барлық жағын суреттей (баяндай) алатын мол, тұрақты сөздік қоры бар екендігі байқалды. Функ- ционалдық стиль сұранысына орай әлеуметтік-саяси ұғым- дарды атайтын сөз топтары қалыптасты. Олардың бірқатары терминдік сипат алды. Ол үшін байырғы сөздерге жаңа мағына үстеу және ішінара жұрнақ жалғап, жаңа сөз жасау амалдары қолданылды. Мысалы, әңгіме болып отырған кезеңде патша әкімшілігінің ел басқару тәртіптеріне байланысты «приказ», «распоряжение» деген ресми қағаз атауларын қазақша беру үшін бұрынғы бұйрық және жарлық сөздеріне жаңа мағына үстеп, оларды әкімшілік терминіне көтерді. Әрине, бұлайша қалыптасу бірден бола қоймағаны белгілі: зерттеуші Б.Әбілқа- сымовтың талдауларына қарағанда, «Түркістан уалаяты газеті» бұл екі ұғымның екеуін де бұйрық сөзімен білдірген. Жауап сөзіне үстеме мағына қосып, бұл күнде мәселе (вопрос) деп жүрген сөздің ұғымын беру үшін қолданған («Бұрұн бидай жіберетін астықты енді диірменге тартыб ұн қылыб жіберсек қайтеді деген жауап чықты» – «Дала уалаяты газеті». — 1896.

— 31-б.).

Кеңес (совещание), лақаб, насихат; өнер, мехкеме (правление), хүкім деген сөздер де осындай мағынасы өзгеріп қолда- нылған жаңа ұғым атауларына айналған. Заманындағы жаңа ұғымдарды атау үшін мағынасы үстемеленген топқа ғарыз (прощение), ғарыз етучі (проситель), төре (чиновник, кеңсе қызметкері), бұйрықнама, ғылым (образование, учение), басмахана (редакция) сияқты қазақтың кейбір өз сөздері мен халық тіліне бұрынырақ енген араб-парсы сөздері де жатады.

Алғашқы баспасөз беттерінде жұрнақ жалғау арқылы жаңа сөз, жаңа термин жасау – біздің байқауымызша, аса актив амал емес. Зерттеушілер —лық жұрнағы арқылы жасалған кедейлік, бадшалық, қараңғылық сияқты 5-10 дерексіз ұғым атауларын, -чылық (-шылық) жұрнағы арқылы жасалған зәручілік, қысымчылық, татушылық тәрізді тағы да 5-6 сөзді ғана көрсетеді. Бұл күнде жеке сөз ретінде танылатын егіншілік, бақшашылық сияқты терминдер алғашқы газет беттерінде аналитикалық жолмен егін шаруасы, бақша салу сияқты тіркестер арқылы берілген.

Жалпы бұл кезеңдегі публицистика тілі мен жартылай ғылыми стильге тән белгілердің бірі – аналитикалық тәсілді жиі пайдалану деуге болады. Бұл амал білім-ғылымға, техникаға қатысты, әзірге қазақ оқырмандарына бейтаныс ұғым атауларын түсіндіруде пайдаланылады. Мысалы, медицина институтын дәрігер болуға үйрететұғын үлкен медресе деп береді. Тіпті терминнің өзін қолданған күнде де оны қазақша түсін- діріп отыруды қажет деп табады. Сондықтан публицистика- лық материалдардан телеграф, яғни сым темір; мужской гимназия, яғни еркек балалар оқитұғын медресе дегендерді кездестіруге болады.

Қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінде қалыптаса бастаған публицистикалық стильдің, әсіресе алғашқы баспасөз тілінің сол тұстағы өзге стильдерінен ажыратылатын бір белгісі – мұнда орыс сөздерінің актив қолданылуы болды. Сол кездегі көркем әдебиет стиліне қарағанда, публицистика стилі қазақ жазба әдеби тілінің сөздігін орыс тілінен қабылданған кірме сөздермен толықтыруда үлкен рөл атқарды және оның бұл бағыты жылдан- жылға ұлғая түсті. Мысалы, «Дала уалаяты газетінің» 1890 жылғы 17 августағы нөмірінде қазақтың төл сөздері – 70,4%, араб-парсы сөздері – 19,7%, орыс сөздері 5,6% болса, 1896 жылғы 21 январьдағы санында қазақ сөздері – 73,5%, араб-парсы сөздері – 15,4%, орыс сөздері 9,1%, болғанын көреміз[2]. Газет беттерінде қолданылған орыс сөздерінің бірқатары көркем әдебиет пен кеңсе стильдерінде де, жартылай үлгілерде де кездеседі, дегенмен көпшілігі тек баспасөзде, оның да публицистикалық материалдарының мәтіндерінде қолданылып, кейіннен қазақ әдеби тілінде қалыптасып кеткендер болып табылады.

Орыс тілінен алынып қолданылған сөздерді екі топқа бөліп талдауға болады. Бірі – ел басқару-әкімшілік, заң-сот істері немесе сауда-саттық, тұрмыс-салт, оқу-ағарту салаларына жататын және халықтың күнделікті өмірінде жиі қолданылатын, қазақтың сөйлеу тіліне еніп қалыптаса бастаған сөздер. Олар: болыс, ойаз, сиез, началнік, облус, жандарал, содия, сот, жеребе, каталешке; газет, үшкөл, қарындаш, үстел, бөшке, самауыр, кәмпит, шыт, сәтен, жәрмеңке, бекет, көпес, пошта, шен т.т. Екінші – халықтың күнделікті сөйлеу тәжірибесінде қолданылмайтын, бірақ өздері атап тұрған заттардың, ұғымдардың қазақ тіршілігінде жоқ болғандығынан, орысша түрінде алынған сөздер. Олар көбінесе өндіріс, білім-ғылым, империялық заң-сот істері, империялық әкімшілік құрылысы салаларына қатысты сөздер болып келеді. XIX ғасырдың II жартысындағы қазақ публицистикасы, әсіресе мерзімді баспасөз органдары оларды актив қолданды. Мысалы, газет беттерінен күбернатыр, соуетник, консул, дознание, канселариа, акраном, иніспектір, адуакет, статийа, землемер, кимназийа, униберситет, студент, семинарийа, парта, награт, школ, зауыт, мәшине, белосипет т.т. сияқты сөздерді көруге болады.

Бұл – ұлттық жазба тілімізге орыс сөздерінің және орыс тілі арқылы интернационалдық қордың молынан ене бастауының басы болды. Мұның себебін, ең алдымен, XIX ғасырдың II жартысында қазақ жері, қазақ елі түгелімен Ресей империясына бағынып, соның әкімшілік қамытын мойнына мықтап киген тұсы болуынан іздеу керек. Тек әкімшілік емес, Ресей экономикасымен іліктес болу да қазақ қауымына көптеген жаңа ұғымдарды алып келді. Ол ұғымдар өз атауларын қажет етті, олардың барлығының бірдей қазақша баламасын табу мүмкін болмады. Сондықтан «орыс дүниесі» өз сөздерін өзімен бірге алып келе бастады. Екіншіден, алғашқы газеттердің екеуі де – орыс тілінде шығатын газеттердің қосалқысы (приложение) болды: «Түркістан уалаятының газеті» «Туркестанские ведомости» деген газеттің, «Дала уалаятының газеті» «Акмолинские областные ведомости» газетінің «жалғамасы» ретінде жарық көрді. Кейіннен бұлар таза аударма газеттер болмай, дербестік сипат алғанмен, онда жарияланатын жарлықбұйрықтар, «үкімет сөздері», қысқасы, ресми хабарлар орыс тілінен аударылып беріліп отырғандықтан, бұл материалдар орыс тіліндегі мәтіндермен байланысты болды. Оларда қандай атаулар болса, соларды не қазақша, не орысша білдіруге мәжбүрлік көбінесе орыс сөздеріне мойын бұрғызды. Бұған сол тұста тіл мәселесімен шұғылданатын белгілі бір орындардың (айталық, қазіргі «Терминкомдар» сияқты немесе тіл зерттеу институтының) жоқтығы да себепкер болды.

Орыс тілінен сөз алып қолданудағы және бір көзге түсетін ерекшелік – орысша анықтауышымен келген блок-атауларды сол орысша күйінде алу және көбінесе орыс тіліндегі родқа қарай қиысу заңдылығын сақтамай келтіру. Мысалы: тайный (араб әрпімен жазылуы тайни) сауетник, катарыжнай работа, земски сома, колежски асессор. Бұл ерекшелік Абай публицистикасында да ішінара кездеседі. Алғашқы қазақ публицистика стилінің лексикалық сипатын танытатын белгі – тек орыс сөздері емес, араб және парсы тілдерінен алып қолданыл- ған бөгде және кірме сөздердің де молырақ қолданылуы. Жоғарғы пайыздық көрсеткіштерге қарағанда, «Дала уалаяты газетінің» алғашқы жылдарында олар сан жағынан көбірек болып, кейінгі жылдарда сәл азая түскені көрінеді. Оның есесіне орыс сөздерінің қолданылуы жиілеген.

Араб-парсы сөздерін қолдануда қазақ публицисгикасы жалпы түркі жазба тілдерінің дәстүрін бұл тұста әрі қарай жалғастырған деп айту керек, яғни оқу-ағартуға, мәдениетке, жалпы рухани дүниеге қатысты ұғым, зат атауларын араб және парсы сөздерімен беру – мұнда да басты бағыт. Бұларды да халық тіліне ертеде енген, қазақша қалыптасқан сөздер тобына және жазба тілде ғана қолданылған араб-парсы сөздері деген топқа бөліп талдау керек. Зерттеуші Б.Әбілқасымов екінші топтағы сөздер деп мархамат, мазкүр, мінақиб, табиғ, урых, шүһаба, муафик, таһақиқ, шафағат, ыждаһат, рәсім, жамағат, фікір, ғибрат, хүкім, низам, наһу, фарман, насихат, ғұлама деген сөздерді көрсетеді[3]. Мұндағы кейбір сөздер – біздіңше, халық тіліне енгендердің түпнұсқаша таңба- ланғандары. Мысалы, шапағат, ыждағат, жамағат, пікір, әкім, шүбә, пармен, насиқат, ғұлама, ғалым дегендерді біз ХVХVІІІ ғасыр ақын-жырауларынан да табамыз.

Бұл тұста сөз болып отырған кезеңдегі қазақ публицистикасы тілінің бір ерекшелігі ретінде орфография (емле) мәселесін көрсету керек. Түркі жазба тілдері қашанда да емле саласында консервативтік сипат алып келген, яғни жазудың өте ертеден келе жатқан дәстүрін қатаң сақтау арқылы бір-бірінен бөліне бастаған түркі халықтарының көпшілігіне ортақтық сипат (қасиет, белгі, құрал) беру талабы күшті сезіледі. Сондықтан кейбір зерттеушілер атап жүргендей, «шағатайша жазылған дүниені әр халық жазылғанынша емес, өзінше оқитын болған» (Ғ.Мұсабаев). Бұл дәстүрдің бір ұшы араб-парсы сөздерін түпнұсқа тілдегіше жазу қағидасына барып тіреледі, яғни араб жазуымен қағаз бетіне түскен түркі тіліндегі дүниеде (мысалы, тіпті жеке адамдардың бір-біріне жазысқан хаттарында да) араб пен парсы сөздері арабша, парсыша тұлғасында жазылуы шарт болған. Сондықтан тұңғыш қазақ газеттері де қазақ тіліне ертеде еніп, пікір, тарап, пайым, рақым, ықылас, пәрмен, өнер, мешіт, есеп түрінде қалыптасып кеткен сөздерді фикир, тараф, фаһим, рахым, ихлас, фарман, һөнер, мешжид, хисаб деп (әрине, араб әріптерімен) жазудан бас тарта алмаған.

Біздің байқауымызша, көптеген араб-парсы сөздерінің қазақ тілінде бүгінге дейін екі-үш вариантта жазылып келуі – осы екі стихияның ізі (мысалы, ыждағат ~ еждихат ~ іждіқат, сынат ~ сипат, ғашық ~ ашық ~ асық, әкім ~ хакім).

Абайдың қаламынан туған публицистикалық шығармалар баспасөз беттеріндегі үлгілерден біраз ерекшеленіп келеді: мұнда көпшілік оқушыға бейтаныс араб-парсы, орыс сөздері жоққа тән, олардың аналитикалық жолмен түсіндіріліп бер- ілген варианттары да кездеспейді. Сірә, бұл жерде жазушы өзі айтқандай, «жалпақ жұртқа» қазақтың өз тілінде, түсінікті түрде айтпақ ойын білдіруге ден қойған тәрізді. Осы себептен Абайдың публицистикасында дерексіз ұғым атауларының үлкен тобы лық, -шылық жұрнақтарымен жасалған сөздер болып келеді. Ал дерексіз есімдердің молынан қолданылуын «Қара сөздердің» тақырыптары мен мазмұны қажет еткені көрінеді.

Абай публицистикасында бір кезек адамның, замандас- тарының қасиет-мінездерін сөз етсе, енді бір кезек болмыс пен рух, адам жан дүниесі мен Алла тағала тәрізді абстракцияларды тақырып етеді. Бұл тақырыптар қазақша бұрын өрбімеген «метафизикалық тілді» жасатады. Сөздік осы стиль үдесінен шығады. Абай публицистикасы арқылы қазақ әдеби тіліне күлкішілдік, ықтиярсыздық, беріктік, суықтық, қызықпақтық, тоқтаулылық, байлаулылық, намыстылық, қорғалауықтық, жеңсікқойлық тәрізді ондаған дерексіз ұғым атаулары қосылады. Әңгіме бұл жерде – Абайдың өзі жасаған туынды дерексіз есімдердің санында ғана емес, ұсынған үлгісінде, яғни дерексіз ұғым атауларын тек өзге тілден (айталық, араб, парсы тілдерінен немесе орыс тілінен) ала бермей, қазақ төл сөздерінен де жасауға болатын жолын көрсетеді. Бұл орайда лық, -шылық, жұрнақтарынан басқа мақ, -у жұрнақтарын да іске қосады: ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, құшпақ, сүймек, мал жимақ, мәнсап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Абай прозасындағы жалығу, ұмыту, өлшеу сияқты туынды сөздер – жай қимыл есімдері ғана емес, абстракт ұғым термиңдері.

Абайдың публицистикалық шығармаларында тақырыбына қарай араб, парсы тілдеріне жататын діни де, діни емес жеке сөздер мен тіркестер де еркін қолданылған. Мұнда халық тіліне бұрыннан еніп, кірме сөз дәрежесіне ие болғандарымен қатар, қарапайым оқушыға бейтаныс, көбі бір-екі реттен артық кездеспейтін араб, парсы сөздері бар. Әсіресе ислам дініне қатысты ой-пікірін айтқанда, Абай араб тілінде қалыптасқан терминдер мен жеке сөздерді, кейде тіпті сөз тіркестерін (блоктарын) пайдаланады. Мысалы, саны (бір нәрсені істеуші, жасаушы), салахиат (жарамдылық), самы`(тыңдаушы), табы` (ізбасар), тақриб (жуықтау, жақындау), ғурур (тәкаппарлық) т.б. осылар сияқты ондаған сөздерді атауға болады.

Парсыша, арабша тұлғаланған (жұрнақтарын жалғаған) кәсіби, жибли, шаһари, әдзәли, әдәби, инсаниат, мумканат, ләмәкән сияқты сын есімдерді қолдану да – ХIX ғасырдың II жартысындағы қазақ публицистика тіліне, оның ішінде Абай прозасына жат емес. Тіпті һәм, уа, лекин сияқты арабша, парсыша шылауларды жиі қолдану – сөз етіп отырған стильдің бір белгісі деуге болады.

Дегенмен, жалпы алғанда, Абай публицистикасы тілінің лексикалық негізі қазақ тіліңдік, бөгде тілдік сөздердің дені стильдік мақсатпен белгілі бір шығармаларында (13, 38- сөздерінде) қолданылған деп түюге болады.

  1. 2. Грамматика саласында. Сөз етіп отырған дәуірдегі қазақтың көркем әдебиет стилінен публицистикалық стилінің басты айырмашылығы грамматикалық тұлға-тәсілдерінің көрі- нісінде болды. Мұнда «түркілік» элементтер көбірек араласады. Олар:
  • өткен шақ есімшенің -ған қосымшасының орнына кей- кейде —мыш жұрнақты түрі қолданылады, бұл көбінесе есім- шенің анықтауыштық қызметте келген тұсында кездеседі: өтміш жылдар, айтылмыш адамдар, болмыш халықдар.
  • III жақ жіктеудің көпше тұлғасына -лар жалғауын тіркейді: еттілер, бекітіледілер, айтқанлар.
  • Есімшенің ар /-ер жұрнақты тұлғасымен қатар, ур /-үр вариантты түрі де орын алды: өлтүрүр еді, түрүр, жүрүр.
  • шейін шылауының -че варианты да қолданылады; мен, менен шылауымен параллель бірлән, бірлә, илән, білә, илә дублеттері, бірақ пен қатар ләкин шылауы жиі пайдаланылады; сол сияқты араб тіліндік қадар, хүсұсы, уа, һәм, уа һәм шылаулары мұнда кәнігі элементтер.
  • Бұл, осы деген есімдіктердің түркілік қаю, үшбу, мәзкүр эквиваленттері еркін жұмсалады.
  • Етістіктен есім тудыратын -учы жұрнағын -ғучы,қучы,кучігучі жұрнағымен алмастырған кездері де аз ұшырамайды: алғучы, бергучі.

Бұл көрсетілген ерекшеліктер – қатаң қолданылған норма емес, бұлармен параллель қазақтың өз тұлға-тәсілдері де еркін қолданылады. Бұл – бір жағынан, жаңа стиль құралдарын іздеу үстіндегі құбылыс болса, екінші жағынан, түркі халықтары мәдениетінде ертеден келе жатқан осы стильдегі жазу дәстүрінің әсері: XV-ХVI ғасырлардан бастап шағатайша дидактика, ғылым және публицистика жанрлары дамығаны мәлім.

XIX ғасырдағы қазақ публицистикасы тіліндегі жарыс- палылық тек түркілік-қазақтық элементтер қатарында ғана емес, қазақ тілінің өз тұлға-тәсілдерінің берілуінде де бар. Мысалы, —менен ~- мен, -тұғын ~ -тын, дағы ~ да, салыстыру жұрнағы -дайын/дай тәрізді грамматикалық тұлғалар параллель қолданылады. Бұл – көркем әдебиет стилінің әсері. Етістіктерде көптік мағына беруде әлі қалыптасқан норма жоқ, сондықтан бірде шағатайша-татаршалап кеттілер, бардылар деп лар жалғауын тіркеп айтуға дайын тұрса, енді бір сәттерде ортақ етіс тұлғасын пайдалануды қалайды. Мысалы: «Бұл екеуі көп зәрушілік көріседі» (ДУГ, 1893, №11), «Кедей қазақтар бір ояздан бір оязға кетіседі» (сонда, 1891, № 36). Есімшенің тын жұрнағы көбінесе -тұғын, кейде тіпті тұрған тұлғасында келеді. Бұл айтылғандарға мысал ретінде мына үзіктерді келтіруге болады:

«1896 жылы 17 августа біз кім төменде қол қойып, мөһр- лерімізні басқучы Өскемен ойазының һәм Семей ойазының қызметтегі народни содиялар жасадық үшбу ережені Чар бойында Көшек түбіндегі болынмыш чірезбичайни сиездегі ойазнай ұлығымыздың алдында…» (ДУГ, 1897, 23 ноябрь, №46). «Дүнияның һәртүрлі нәрселері һәм бола тұрған нәрселері не себептен болатұғынын біле алмай біздің қазақ халқы ойлайды бір үлкен кереметлі нәрсе ғой көретұғын дүнияның һәртүрлі нәрселерін һәмбола тұрған нәрселерін бұзып һәм дүнияның өзін билеп тұратұғын деп» (ДУГ, 1894, 27 ноябрь, №47).

Қазақ публицистикалық стилінің алғашқы кезеңі синтаксис саласында біраз ерекшеліктерді көрсетеді. Бұл стиль – қазақ тілінде проза жанрының алғашқы үлгілерінің бірі. Мұнда проза синтаксисінің заңдылықтары орналасу тәртібінде, құрмалас сөйлемдерді жасауда, сөйлемді қаратпа, қыстырма сөздермен немесе оңашаланған мүшелермен күрделендіруде бірізділік, норма әлсіз. Бұл сәттерде ауызекі сөйлеу тілі тәртіптері (нормалары) мен поэзия тілінің әсері күшті: публицистикалық мәтіндер кейде өлеңге ұқсап кетеді (Абай «Қара сөздерін» қараңыз), кейде ауызекі сөйлесіп отырғандағы әңгімеге ұқсап кетеді. Бастауыштың баяндауыштан соң, анықталушы мүшенің анықтаушыдан бұрын орналасуы бұл мәтіндерде жиі байқалады. Бұған аударманың да үлкен әсері тиген. Материалды орыс тілінен аударғанда, көбінесе түпнұсқадағы сөз тәрті- бін сақтап отырған. Бұл – әрине, аудармадағы тәжірибесіздік- тің нәтижесі. Әсіресе құрмалас сөйлем компоненттерін орна- ластыруда екі тілдің құрылымдық ерекшелігін айырмаған- дықтан, орысша құрылған сөйлемдерге жол берілген. Мысалы, Қаю жана ат илән шығатұғын қазит шығып тұрады Ақмола, Семей облыстарының казитлеріне қосымша қылынып (ДУГ, 1902, №10). Бек жақсы болар еді, егерде бұл хұрметлі мархұмны (Шоқан Уәлихановты) жүзме-жүз анық білген таныс адамдар болса, аның хұсұсында білгенлерін жәрдем етіп жазып жіберселер (ДУГ, 1894, № 18).

Құрмалас сөйлемдерді беруде оқта-текте түркілік тәсілдер- ге де барады. Мысалы, Себебі сол дүр ки дүниеден ерте өткен сол марқұмның тірі күнін де болған умрларының та’лим менен ошбу күнгече біз анық білмейміз (сонда) деген сөйлем ки дәнекері арқылы жасалған, ал бұл – қазақ тіліне тән амал емес.

Материалдарды топтастырып беру үшін қажет рубрика атаулары тұңғыш рет осы стильде (газеттер беттерінде) қалыптаса бастайды. Олар көбінесе аударма болғандықтан, орыс тілінен алынған калька түрінде келеді: «Редакцияға хат», «Әртүрлі хабарлар», «Газет шығарушылардан», «Жаңа кітаптар», «Тұрмыс жайында болған хабарлар» т.т.

Қалыптаса бастаған публицистикалық стиль ұлттық жазба әдеби тілдің проза саласындағы бірқатар грамматикалық нормаларды белгілеп, орнықтыруда айтарлықтай рөл атқарды. Әсіресе сөйлемдерді жалғаулықтар арқылы құрмаластыру жүйелі түрде басын осы кезеңнен алады деуге болады. Газет беттеріндегі де, Абайдың публицистикалық шығармаларында да осы күнгі нормаға айналған мен (менен), себебі (есебі), сонда да, сөйтсе де, бірақ та, сол себепті, сол себептен, соның үшін, және, турада (турасында) сияқты «қазақы» шылаулар қолданыла бастаған. Мысалдар келтірейік: «…Бұрынғы уақытта 300 десетина жері барлар бүгүнде 150 десетинадайақ жерге иеленуге мүмкін, сол себептен жер аз көрінеді, бірақ осылар раст болар ма екен…» (ДУГ, 1889, 22 декабрь, №51), «Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады…», «Қазірде орыстан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да жүр, себебі ата-анасы, ағайын-туғаны бір жағынан бұзып жатыр» (Абай, 25-сөз).

Көрсетілген шылаулар – қазақ тілінің өзінікі. Бұларды қол- дану – қазақтың публицистикалық прозасының ұлттық белгі- лерінің бірі, өйткені бұрынғы жазба тілде бұлардың орнына не араб-парсы (һәм, уа, лекин),не дағдылы түркілік (аның үчүн, шунки т.б.) түрлері ғана қолданылатын.

Сөйлем мүшелерінің орын тәртібі мен олардың бір-бірі- мен жанаса, қабыса, меңгеріле, қиыса байланысуларында жоғарыда көрсетілгеніндей, ауытқулар болғанымен, негізінен, қазақ тілінің табиғи заңдылықтарына сүйеніп құрылған конструкциялар басым келеді. Әсіресе Абай қаламынан шыққан дүниелердің синтаксистік құрылысы осы күнгі нормаларға сай, түзу түзілгені байқалады.

  1. Графика, орфография саласында. Өткен ғасырдағы публицистика араб графикасымен жарық көрді. Сол тұстағы жалпы араб әрпін пайдаланған жазбалар сияқты, бұл стиль мәтіндері де ертеден келе жатқан түркі орфографиясы тәртібін ұстады. Ол дәстүр бойынша:

а) септік, көптік жалғаулары көбінесе бір ғана тұлғада жа-

зылды. Мысалы, табыс септігі -ны, көптік жалғау лар, ілік септігі -ның түрлерінде ғана жалғанды да қазақ тіліне тән фонетикалық варианттары көбінесе ескерілмеді: хабарны, казитні, қызның т.б.;

ә) араб-парсы сөздерін түпнұсқаға жуықтатып немесе тіпті араб-парсы тілдеріндегі қалпынша жазу принципі басым болды. Ертеректе еніп, халықтың сөйлеу тілінде қазақша қалыптасқан шығыс сөздерінің фонетикалық екі-үш (кейде одан да көп) вариантта жұмсалу фактісі өткен ғасырдың екінші жартысында басталып, салқыны күні бүгінге дейін тиіп келе жатқанын атауға болады;

б) орыс тілінен алынған сөздерді де араб жазуының мүмкіндігінше түпнұсқаға жуықтатып жазу принципін ұстады: фабрик, канфит, уелосипед, приказчік, кнәз, началнік, облұс, закүн, жіребе, копйа, чен т.б. Арабша у таңбасын орысша в әрпінің орнына қойып оқысақ, осы дыбыспен келетін көптеген сөздердің төркін тұлғасы сақталғаны аңғарылады: зауод (завод), переуатчік (переводчик), сауатник (советник), прикаур (приговор), обчестуа (общество) т.т. Ал ертеден енген тұрмыстық сөздер қазақша қалыптасқан күйінде жазылған (самауыр, бөшке). Соңғы дәстүр күні бүгінге дейін келіп, қазіргі қазақ емлесінің бір ережесі ретінде қалыптасып отыр.

Сөйтіп, XIX ғасырдың II жартысында пайда болған қоғам- дық-публицистикалық стильдің қазақтың ұлттық жазба әдеби тілінің әрі қарай дамуында ерекше орны болды. Осы стильдің тууы әдеби тілдің қоғамға қызмет етер аясын кеңітті. Осы тұстағы қазақ жазба әдеби тілінің функционалдық стильдері бір-біріне ықпал етіп, әсерлерін тигізіп отырғандықтан, публицистика тілі де жеке-дара автономиялы түрде дамымай, ең алдымен, көркем әдебиет стиліне, одан соң түркілік дәстүрлі жазба проза стиліне иек артып қалыптасты және бұл стиль өзімен қатарлас туған ұлттық ғылыми-көпшілік стиліне ықпалын тигізді, көп орайда бұлар бір-бірінен ажыратылмай, бірдей тұлға-тәсілдерді пайдаланып та отырды. Оның үстіне бұл екі стильдің екеуі де негізінен аударма үлгілерден көрінгендіктен, аударма ісінде, терминология жасау принциптерінде бірізділікті байқатты: сөздік құрамның орыс тілі арқылы толығу принципін осы аталған стильдер ұсынып, оның алғашқы ізін салды.

[1] Сильченко М.С. Творческая биография Абая. — Алма- Ата, 1957.

[2] Әбілқасымов Б. Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. — Алматы, 1971. — 87-б.

[3] Әбілқасымов Б. Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. — Алматы, 1971. — 77-б.

Р.СЫЗДЫҚОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *