Әдебиет тарихы

Әдебиет тарихы жеке алғанда, бір елде, жалпы алғанда, бүкіл адам баласының тарихында көркем әдебиеттің қалай пайда болғанын, кайтіп қалыптасқанын, қандай жолдармен дамығанын зерттейді. Қай халықтың болсын, атамзамандағы сәбилік шағында, жазу-сызуы жоқ кезінің өзінде ауыз әдебиеті өрбігені, одан ілгерілей келе жазба әдебиеті туып, дамығаны мәлім. Әр халықтың осындай көркемдік даму сапарын саралайтын да, сын көзімен сұрыптап, сарапка салатын да әдебиеттің тарихы. Сонымен қатар бұл ғылым әр дәуірдің әдеби нүсқасына тарихи тұрғыдан қарап, оның сапасын сол тұстың сана сатысына, ой өрісіне байланыстыра тексереді. Олай етпей, ауыз әдебиетінің нұсқалары болсын, жеке жазушылар творчествосы болсын, әділ бағаланып, әдеби дамудағы өзіне лайық орнын алуы мүмкін емес. Әдебиет тарихын зерттеушілерге басты талап дәл осы тұрғыдан қойылады.

Қазақтың бай ауыз әдебиетін өз алдына қоялық. Ол туралы ойпікірлер анық. Әлі зерттелу үстіндегі, халқымыздың жазу-сызуының басы болып танылып жүрген көне ескерткіштерге, ежелгі әдеби нұсқаларға көз салып, көңіл бөлсек, бұлардың эстетикалық құны мен ғылымдық мәнін; бағалау үшін тек қана әлгі айтқанымыздай тарихтық тұрғы яки көне мұраға нағыз тарихи көзқарас керек. Орхон жазуындағы жырларға қараңыз:

Иалаң будунығ тоңлы, Чығай будунығ бай қылтым. Аз будунығ үкүш қылтым, Ығар еллігде йег кылтым.

Төрт булундақы будуныг

Көп баз қылтым,

Иағысыз қылтым…

Бұл жолдар – бұдан он-он бес ғасыр бұрын біздің ұланғайыр ұлы даламызды мекендеген түркі қағанатының тұсындағы баба буынның бағзы тайпалардың келер ұрпақка мұра болсын дегендей тасқа қашап қалдырған таңба-жазбалары. Осы ескерткішті В.В.Радловтың қалай аударғанын еске ала отырып, біздің зерттеушілер ежіктеп байқағанда былай болып шыққан:

Жалаңаш халықты тонды, Кедей халықты бай қылдым.

Аз халықты көп қылдым,

Тату елге жақсылық қылдым,

Төрт бұрыштағы халықтың Бәрін бейбіт қылдым, Тату қылдым…

Бүгінгі биік талғаммен өлшесек, бұл жырдың эстетикалық құны, әрине, онша мықты емес. Тарихтық тұрғыдан тексеріп, таным тарапындағы мәнін, ғылымдық маңызын бағалап, қазақтың халық ретінде қалыптаса бастаған тұсындағы әдеби, мәдени мүлкінің ажарын аңғартады, енді дәл осы іспеттес өлең сөзде XV ғасырдағы белгілі Доспамбет жыраудың:

Ағарып атқан таңдай деп,

Шолпанды шыққан күндей деп,

Май қабақта ағалардың аты жусап жатыр деп,

Ақ шаңдақты құрып қойған шатыр деп, Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз —

деген толғауында жыр тілінің төгіле жөнелетін шалқыма шешендікке ғана емес, әдемі айшыққа дейін қалай жеткенін байқасақ, XIX ғасырдағы әйгілі Махамбет ердің:

Садағына сары жебені салдырған,

Садағының кірісін Сары алтынға малдырған, Тереңнен көзін ойдырған.

Сұр жебелі оғына Тауықтың жүнін қондырған.

Маңдайын сары сусар бөрік басқан,

Жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан –

деген елеңіндегі әсем өрнекке дейін ұстарғанын көреміз де, одан келе өз замандасымыз Сәбит Мұқановтың:

Тобылғы қырдын қызыл қынасындай, Гүлі көздің жанады шырасындай.

Сайрауы гүлге қонған бұлбұлының

Қазақтың бұлбұл құсы Күләшындай, —

деп, сөзбен салған сұлу суретін оқығанда, қазақ өлеңінің ғасырлар бойы қандай жолмен сатылап дамығанын топшылаймыз.

Осының бәрін тек әдебиеттің тарихы арқылы ғана танып, білуге болады. Бұл – қазақ поэзиясының есею, жетілу барысындағы мың белгінің тек біреуі ғана. Әдебиеттің барлық калыптасу, даму тарихын жан-жақ талдап, түсінуде әдебиеттанудың әлгі саласы атқарар қызметі тіпті бөлек, тендесі жоқ.

Әдебиет теориясының толғамдары әдебиеттің тарихын негізге алумен бірге, әдебиет сынымен тығыз байланысып жатады.

З.ҚАБДОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *