Әдебиет сыны

 

Әдебиет сыны әрқашан дәл өз тұсындағы әдебиеттің тірі процесіне белсене араласып, нақты әдеби туындыны жан- жақты талдау, оның идеялық-көркемдік құнын белгілеу, өз кезінің эстетикасы үшін мәні мен маңызын анықтау арқылы, бір жағынан, жазушыға жазғандарының бағалы қасиеттерін, ерекшеліктері мен кемшіліктерін көрсетіп, оның творчестволық өсуіне тікелей қолғабыс жасаса, екінші жағынан, оқырманды оқығаңдарының байыбына барып, оны жете түсініп, дұрыс бағалауға баулиды. Бұл ретте, сыншыны жазушы мен окырманның екеуіне ортақ – ара дәнекер десе де болар еді. Бірақ бұл аз. Сыншы – қалың оқырманның өскелең талабы мен талғамының жаршысы, әдеби құбылысты жалпы мемлекеттік мүдде тұрғысынан пайымдайтын қоғамдық, ой-пікірдің озғын өкiлi.

Әдебиетті дамытудағы сыншының күші, жазушыға тигізер сынның ықпалы оның оқырманға тигізер әсеріне, қалың көпшіліктің көркемдік талғамын қалыптастыруына тығыз байланысты.

Сын тек жазушы үшін ғана емес, оқырман үшін де жазылады. Оның көркем шығармаға қосалқы комментарий емес, өз алдына жеке шығарма болып табылатыны да сондықтан. Әдеби сында көркем шығарманы бағалаудың жолдары, тәсілдері, шарттары, критерийлері бар. Мұны білу, игеру де оңай емес. Біреулер көркемдік критерий дегенді әдеби шығарманың кемшілігін ғана қазбалау деп ойлайды. Бұл – қате ұғым. Көркемдік критерий, ең алдымен, әдеби шығарманың бағалы жағын көре білу. Сынның ең қиын міндетінің өзі – осы. Кез келген шығармада болатын үлкенді-кішілілі кемшілікті табу бәрінен. оңай. Ал шығарма несімен жақсы екенін белгілеу, оның нағыз поэтикалық сұлулығы мен сырлылығы неде екенін анықтау бәрінен қиын. Бұл сыншының берік принципін, зор мәдениетін, нәзік түсінігін, өрелі ойын, терең білімін, биік талғамын керек етеді.

Белинскийдің анықтауынша, «сыншы таланты – сирек талант, сыншы жолы – тайғақ һәм қатерлі жол» да, шын мәніндегі әдеби «сын – қимыл, қозғалыс үстіндегі эсте тика». Эстетика – қоғамдағы көркемдік даму тәжірибесінің теориялық жинақталуы (обобщение) екені мәлім. Бұл ретте, біздің эстетикалық ғылым да, әдеби сын да еліміздің идеялық тіршілігімен біте қайнасып, бірге тыныстап, бірге ілгерілеп отыруға тиіс. Жұртшылық әдебиет сынын осындай ірі талаптың биігінен тапқысы келеді.

Әдебиет туралы ғылымның жоғарыда аталған негізгі үш саласы (теориясы, тарихы, сыны) өзара тығыз бірлікте болатыны, әдебиеттің теориясын нәзік түсінбей тұрып, тарихы жайлы әңгіме қозғау; тарихын білмей тұрып, сынын өрбіту мүмкін емес екені екінің біріне аян. Шын мәніндегі әдебиет сыншысы немесе әдебиет зерттеушісі әдебиеттанудың үш саласына да жетік, білімдар едебиетші болуы шарт. Мұндай әдебиетшіліктің үлгісін орыстың революционердемократтары Н.Г.Чернышевский, В.Г.Белинский, Н.А.Добролюбов көрсеткені жұртқа мәлім: олар әдебиеттің данышпан сыншылары ғана емес, тамаша тарихшылары және терең теоретиктері де бола білген еді.

Әдебиетшінің әдебиет туралы ғылымды, оның әлгідей үш саласын жете білуімен бірге нағыз ойшыл фило соф, толғамды тарихшы, жетік «этик, экономист, саясатшы, социолог болмасқа тағы қақы жоқ»[1].

Әдебиет туралы ғылымның жоғарыда сөз болған негізгі салаларынан басқа жанама тараулары бар: текстология, историография және библиография.

[1] Луначарский А.В. Критика и критики. М., ГИХЛ, 1938. стр. 11.

З.ҚАБДОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *