ГРАММАТИКАЛЫҚ НОРМА
Грамматикалық норма — тілдің грамматикалық амал-тәсілдерінің, тұлғаларының, құралу тәртібінің дағдыға айналған, кеңінен қолданылатын қалпы. Тілдегі бір ізге түскен грамматикалық тұлғалар мен амал-тәсілдердің дағдылы жұмсалу барысындағы мағынасы грамматикалық мағына деп аталады. Қазақ тілінің грамматикалық нормасына сәйкес түбірге алдымен жұрнақ, одан кейін жалғау жалғанады. Дегенмен мұндай нормаға бағынбайтын құрылымдар да болады. Мысалы: апаларым – апамдар, аталарым – атамдар. Бұл мысалдағы «аталарым мен апаларым» сөздері көптік мағынаны беріп тұрса, «атамдар мен апамдар» дегенде олардың жанындағы адамдардың барын білдіреді. Тек туысқандық қатынасты білдіретін ата, әже, көке, аға, апа сияқты зат есімдерге осындай қосымшаларды жалғауға болады. Грамматикалық норма морфологиялық және синтаксистік нормалардан тұрады. Морфологиялық нормаға сөздер дің септелу, жіктелу, тәуелдену парадигмалары, сөз тудырушы, түрлендіру жұрнақтардың жалғануы, жалпы сөз тұлғаларының нор ма ға сай қолданылуы, тілдегі варианттылық мәселесі жатса, син так систік нормаға сөйлем мүшелерінің орналасу тәртібі, жай және құрмалас сөйлемдердің құрылымы, атаулы сөйлемдердің көрінісі кіреді. Көркем әдебиетте тілдік тұлғалар белгілі бір стильдік мақсатта пай даланылған жағдайда грамматикалық нормадан ауытқу болады. Мы са лы: Жарғақ пен екеуіне ортақ қораға таяп келіп, енді атынан түсіп, ауыр саптама етігін әзер көтеріп басып, әбден жаураған денесімен қолайсыз илігіп, қора есігін ашпаққа еңкейе бергенде, үйден аспалы шамын көтеріп, Жарғақ шыға келді (Т.Нұрмағанбетов). Бұл сөйлемде автор қолданып отырған ашпаққа еңкейді сөз орамының нормадағы қолданылатын нұсқасы – ашуға еңкейді. Бұл көркем әдебиет стиліне, ауызекі сөйлеу стиліне тән құрылым. Абайдың «Ескі бише отырман бос мақалдап, Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап» деген өлең жолдарындағы грамматикалық нормадан ауытқу өлеңнің әсерлілігін арттырып тұр. Келер шақ тұлғасындағы болымсыз етістікті грамматикалық нормаға сәйкес пайдаланса өлеңдегі ырғақ пен ұйқас бұзылар еді. Сондай-ақ отырман етістігіндегі –ман қосымшасы ерекше стильдік қызмет атқарып, істі істеуден үзілді-кесілді бас тартқандықты білдіреді. Әдеби тілдің грамматикалық нормаларына сөйлем мүшелерінің дұрыс орналасуы да жатады. Сөз өз орнында тұрмаса, сөйлемнің мағынасы өзгереді. Сөйлем құрағанда тілдің ішкі ережелерін ескеріп, әр сөзді орнына қойып айтудың үлкен мәні бар. Қазақ тілінде сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі тұрақты: баяндауыш сөйлемнің ең соңында, бастауыш сөйлемнің басында не ортасында, анықтауыш, пысықтауыш, толықтауыш өздері қатысты сөздерден бұрын тұрады. Тілдегі сөздер бір-бірімен қалай болса солай тіркесе салмайды, олардың арасында міндетті түрде мағыналық байланыс болуы шарт.