БАЛА ТІЛІ

БАЛА ТІЛІ

Бала тілі – бір мен бес жас арасындағы бөбектердің тілі, сөйлеу әрекеті. Баланың тілі айналасындағы ересек адамдардың тілдік ортасы әсерінен есту арқылы шығады. Сол үшін баланың туа сала, тіпті іште жатқанда еститіні нормаға сай таза тіл болуы шарт. Ана баламен неғұрлым көп сөйлессе, баланың тілі соғұрлым ерте шығады. Ана неғұрлым таза сөйлесе, баланың тілі де соғұрлым таза болады. Мамандар аз сөйлейтін немесе сөйлемейтін мылқау ата-аналар тәрбиелеп отырған есту қабілеті дұрыс, жетілген балалардың тілі жай 4-5 жасқа қарай шығатындығын айтады. Тілдік ортасыз бала тілінің шығуы, қалыптасуы мүмкін емес. Артикуляциялық базасының ғана емес, лексикалық қорының қалыптасуы да айналасы арқылы болады. Көбіне ата-әжесінің тәрбиесінде болған баланың лексикалық қоры мол, сөйлемдері нық болып келеді. Тек ата-әжесі емес, жалпы үлгілі ересек ортада өскен бала шешен болатындығы сөзсіз. «Бөбек бір жарым жаста 200-дей сөз біледі. Осы кезден бастап игерген сөздерден сөйлем құрауға талпынады. Меңгерген сөздік қорынан бала 1000ға тарта сөйлем түрлерін құрастыра алады. Олар іс-тәжірибесінің аздығынан сөйлем құрауда қателіктерге жол береді. Үш жасар баланың сөздік қоры өте тез молайып, 400-600 сөзге жетеді. Төрт жаста бұл сөздер екі есеге дейін, ал бес жаста 1500-2000 сөзге жетеді. 5-6 жас аралығында балалар тек үйдегілермен ғана сөйлесіп қоймай, белгілі бір ортада қатысым жасай бастайды, соның нәтижесінде сөздік қоры үш есе артады. Атап айтқанда,  3200-3800-дей сөздік қорға ие болады. Олар үлкендердің сөйлеу әрекетіне еліктей отырып, жаңа сөйлемдер құрастыруды игереді. Баланың тілі дыбыстарға еліктеу арқылы шығатындықтан, артикуляциялық нормалар дыбыстарды дұрыс айтатын ересектерге ұқсап түзелетіндіктен көбіне өз құрдастарының арасында өскен баланың тілінің дұрыс қалыптасуы кешеуілдей беретіндігі түсінікті жағдай. Балабақшадағы балалардың тілінің нормаға түсуіне тәрбиешілердің, әсіресе, логопед мамандардың еңбегі ерекше. Ата-аналардың бала тіліне қарай ыңғайланып, соның ауанына қарай жығылып, «көтерейін бе?» деудің орнына «ауп етейін бе?», «тамақ жейсің бе?» деудің орнына «ням-ням дейсің бе?» десек бала тілінің кешігіп шығуына себеп болады. Бала тіліндегі көптеген ауытқулар физиологилық жағынан әрі ата-ананың қателігі салдарынан болуы мүмкін. Ата-ана баламен қалыптасқан, нормаға сай тілмен қатынасқа түсуі керек. Баланың еліктеуден туындаған немесе тілі жаттықпай грамматикалық өзгеріске ұшыраған сөздерді айтса, бала тілі не кеш, не шала шығады. Себебі теледидарда көбіне орыс тілінде мульфильмдер болса, үйде анасы «ауп деймін», «апито, сапито» деп отырса, бақшада тәрбиешісі таза тілде сөйлесе, бала шатасады. Бала тілінің бұзылуы осыдан бастау алады. Сол себепті әрбір атаана таза қазақ тілінде, оның ішінде нормаға сай, қалыптасқан әдеби тілінде сөйлесе, баланың тілі анық әрі таза болмақ. Ал фонетикалық өзгерістердің бала тілінде болуы – заңдылық. Балалардың кейбір дыбыстарды айта алмауы немесе ұқсас дыбыстармен айтуы бала тілінің артикуляциялық базасының әлі дамып қалыптаспауынан болады. Бұл — табиғи құбылыс. Мәселен, 5-6 жасқа дейін баланың –рға тілінің келмеуі қалыпты жағдайға жатады. Ал бұл құбылыс мектеп жасынан асқанда, оқушы кезінде байқалса, бұл сөйлеу нормасынан ауытқу болып саналады. Жалпы алғанда тілдік нормалардың қалыптасуының дұрыс-бұрыстығын логопед мамандар анықтайды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *