БАҚ ТІЛІ
Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі — бұқаралық коммуникацияда белгілі бір ақпаратты жеткізу үшін қолданылатын, публицистикалық стильдегі, көпшілік қауымға бағытталған, ой-санасына негізделген әдеби сөйлеу тілі. БАҚ өзінің қызметіне байланысты қоғам өмірінің айнасы болып табылады. Өйткені қоғамда орын алған саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы барлық өзекті мәселелер жалпы жұртшылық БАҚ арқылы жетеді. Жалпы БАҚ-тың ақпаратты жеткізу формасына қарай телевизия, радио және мерзімді баспасөз, интернет сайттары болып бөлінсе, осы нысандардың әрқайсысында қолданылатын мәтінге үстелетін мағыналық реңктер, құрылымдық қағидалар түрліше болып келеді. Бұқаралық ақпаратта тіл мезгіл сайын өзгеріске, жаңашылдыққа ұшырайды. БАҚ тілі қазақ әдеби тілінің толық орнығуына тікелей ықпал етеді. Жаңа сөздердің жалпы қолданысқа бойлай енуі, сөз мағынасының кеңеюі, кейбір сөздердің мағынасының тарылуы, тіпті қолданыстан шығып қалуы, терминдердің енуі, жаңаша, мәндес тіркестердің пайда болуы публицистикалық стиль арқылы жүзеге асып жатады. БАҚ тілінің өзіне тән ерекшеліктерінің бірі ретінде төмендегі құрылымдық өзгешеліктерді атаймыз:
1) Баспасөз штамптары мен клишелер. Олар нақты және бір мағыналы болып келеді. Мұндай құрылымдық тіркестер уақыт пен мәтінге берілетін көлемді үнемдеуге мүмкіндік береді. Пікірдің екі мағыналылығын жояды;
2) Экспрессия мен гармониялық тұтастықтағы стандарттар;
3) Өзара қатынастағы түрлі сөйлеу стильдері;
4) Аббревиатуралар мен түрлі қысқартулар, префикстер мен конверсия бойынша жасалған сөздер.
БАҚ тіліне сипаттаудың толық дәлділігі, іскери нақтылық тән. БАҚ композициясында маңызды орын алатын бөліктерінің бірі тақырып аттары төмендегі талаптарға сәйкес қойылады:
1) Тақырып аттары оқырман назарын өзіне қарату керек;
2) Қысқа болуы тиіс;
3) Мәтін тақырыбымен байланысты ойды қамтуы керек;
4) Мәтінді одан әрі оқуға деген қызығушылықты тудыруы тиіс;
БАҚ жанрлары үш топқа бөлінеді. Олар: ақпаратты (хабар, есеп, сұхбат, репортаж), талдамалы (мақала, рецензия, шолу, хат) және көркем-публицистикалық (суреттеме, очерк, публицистика, эссе, баллада) жанрларға бөлуге болады. Сондай-ақ, көркем-публицистикалық жанрлардың сатиралық түрлері (фельетон, памфлет, мысал, эпиграмма, пародия, шарж, т.б.) бар.