ӘЛҚИССА
Әлқисса — эпостардың немесе эпостардағы белгілі бір оқиғалардың басталуы алдында айтылатын сөз. Ол арабтың «әл-қисса – әңгіме, тарих» деген сөзінен шыққан. Қазақ фольклорындағы эпостардың дені жыр үлгісінде. Ұйқасқа құрылып, өлең өлшемімен өрілген эпос әлемі тыңдармандарын өзіне баурап әкетеді. Композициялық құрылымы күрделі мұндай туындылардың бір оқиғасы аяқталып, екінші бір оқиғасы басталар уақытында қара сөзге құрылған әлқисса айтылады. Мәселен «Алпамыс батыр» жырының Рахат жырау жырлаған нұсқасында «Әлқисса, ендігі Алпамысқа келейік», «Әлқисса, Алпамыс наға шы жұртында ойын-сауық, сайран салып, бір кездерде еліне қайтты. Еліне келсе, үрерге ит, тігерге тұяқ қалдырмастан, барлық малын Тайшық хан айдап алып кеткен екен», «Әлқисса, Алпамыстың келуі» деген тұстары бар. Әлқиссада оқиға желісінің бағыт-бағдарын алдын ала аңғарту мақсатымен кейбір жайлар баяндалады.