
БЭР ЗАҢЫ: Жердің тәуліктік өз осінен айналуының өзен суы бөлшектеріне әсер етуінен меридиан бағытында ағатын өзендердің Солтүстік жарты шарда оң жағалауы, ал Оңтүстік жарты шарда сол жағалауы шайылып тік жар болу себебін түсіндіретін қағида. Бұрынғы деректер негізінде мұны 1857 ж. орыс академигі Карл Бэр (1792–1876) түсіндірген. Ол бұл құбылысты Кориолис үдеуінің Солтүстік жарты шарда қозғалыстың негізгі бағытынан оңға, ал Оңтүстік жарты шарда солға бағытталуының салдарынан болады деп түсіндірген. Кориолис үдеуі полюстерде ең үлкен шамаға жетеді, ал экваторға қарай біртіндеп кемиді де, экватор бойында нөлге тең болып әсер етпейді.