
АНА ТІЛІ Ана тілі – этникалық тегі, географиялық қоныстану аумағы, өмір салты, діни наным-сенімі мен күнкөріс кәсібіне қарай бірлескен тайпалық одақтардың, қауым, этнос өкілдерінің өзара қарым-қатынас құралы. А.Абасиловтың «Әлеуметтік лингвистика» сөздігінде ана тілінің екі түрлі мағынасын ашады. Бірінші мағынасында: «Баланың жас кезінде үлкендердің сөйлеуіне еліктеу арқылы санасыз түрде үйренген тілі. Бұл дағдыны пайдалану ересек адамда сақталуы да, сақталмауы да мүмкін. Ана тілі – адамның бала кезінен (бесік тілі) меңгерген бірінші тілі әдетте ата-анасының біреуінің тілімен сәйкес келеді. Адам кейінірек өзге тілді меңгеріп сол тіл оның негізгі қарымқатынас тіліне айналатын жағдай да болады. Алайда мұндайда ана тіліне деген жағымды эмоционалды қатынас сақталады» ал екінші мағынасында: «Ана тілі адамның белгілі бір ұлтқа (этнос) жататындығының негізгі белгісі ретінде қызмет етеді. Этноспен біте қайнасқан тіл, кез келген халықтың тілдік санасында маңызды орын алатын тіл, кез келген этникалық ұжымның даралануында «өзінікі» мен «өзгенікін» ажырата алу түсінігімен байланысты тіл» деп түсіндіреді. Басым көпшілік үшін «ана тілі» ұғымы өз ұлтының тілі деген мағынаны білдіреді. Адам ана тілін өзінің сол ұлтқа жататындығының негізгі белгісі деп санайды. Екі немесе одан да көп тіл білетін кез келген адам үшін, әйтеуір, бір тіл үстем болады. Табиғи жағынан алғанда, әдетте, адам үшін өзінің ана тілі басым болуы керек, бұл жаратылыс қағидасы. Ал қазіргі ғаламдық шындыққа қарасақ, онда ана тілдерінің емес, мемлекеттік тілдің немесе бәсекеге қабілеті жоғары тілдердің басымдығын айқын аңғарамыз. Айталық, әлемде мыңдаған тілдер бар десек, онда олардың тоқсаннан астамы ғана мемлекеттік немесе ресми мәртебеге ие. Яғни, ана тілдерінің көпшілігі әлгіндей мәртебеден шет қалғандықтан олардың басым көпшілігі қоғамдық қатынастарда қолданылмайды. Сондықтан ол тілдерде білім берілмейді, бұқаралық ақпарат құралдары жарияланбайды, кітаптар шықпайды. Мәселен, қазіргі кезде Еуропада 230 тіл, Америкада 1013, Африкада 2058, Азияда 2197 тіл бар екен. Олардың басым көпшілігі белсенді түрде қолданылмағандықтан бірте-бірте жойылып барады. Ал ол ұлттың өкілдері сол мемлекеттің ресми тілдерінде сөйлейді, білім алады, жұмыс істейді. Тіпті өзінің ана тілін білетіндердің өзі басым тілге бейім тұратыны ақиқат. Тіл ойдың жемісі екендігі әлімсақтан белгілі. Қай тілде ойласаң, сол тілде сөйлейсің. Сол себепті, тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, тіл – ұлттың әлемді, дүниені тану моделі. Дүниені өз ана тілінде қабылдаған сәби ғана сол ұлттың жанын, күрсінісі мен толғанысын түсінед