АМПЛИФИКАЦИЯ

АМПЛИФИКАЦИЯ

Амплификация (лат. amplification — жайылу, ұлғаю) — синоним сөздер мен тіркестерді санамалап, сатылап қолдану арқылы айтылатын ойдың мағыналық экспрессиясы мен эмоционалдық жағын не жоғарылата екпіндетіп, не төмендете бәсеңдетіп жеткізетін амал немесе тәсіл. Басқаша айтқанда, амплификация дегеніміз – сөзді күшейтіп, әсірелеп айту мақсатында синонимдерді тіркестіре қолдану арқылы жасалатын стилистикалық айрықша сөз оралымы. Оның негізгі қызметі мағына үстемелеу арқылы тыңдаушының назарын аударту болып табылады.

              Ән салсаң Әсеттей сал әсемдетіп,           Қоздырып делебені әсерлетіп.

               Шырқатып, шығандатып, шымырлатып,

               Шапшытып, шүмектетіп, нөсерлетіп –

деген шумақты амплификацияның озық үлгісі ретінде келтіруге болады. Бір тілден екінші тілге аударғанда мәтіннің көлемі ұлғайып кету құбылысы да амплификация тәсілінің жемісі болып табылады. Көркем әдебиетте амплификация фразеологиялық тұлғаларды қатар қолдану арқылы да жасалады. Біртектес емес, екі немесе одан да көп мағыналас фразеологизмдер ерекше қатар түзеп, айтушының ойын жеткізуде таптырмайтын мәнерлілікті туғызады. Мағыналас фразеологизмдердің мұндай табиғаты туралы айта келіп, зерттеуші Г.Смағұлова тіл біліміндегі осы тәсілге «Амплификация — ұлғайту, стильдік фигураның бір түрі. Мәтін ішінде мағыналас троптың түрлерін немесе біртектес конструкциямен жасалған сөздер тізбегін қайталау» — деп анықтама береді. Амплификациялық қатарға енетін фразалық тұлғалар сөйлемде орналасу тәртібіне қарай екпінді және бәсең амплификация деп бөлінеді. Екпінді амплификацияда фразеологизмдер көбіне сөздің соңында келіп, сөйлемге ерекше екпін түсіреді. Мәтін ішінде, сөйлем ішінде кездесетін синоним тіркестердің құрамындағы мағыналық сандық көрсеткіштері бірден назар аудартады. Ал бәсең амплификацияның адамға тигізетін эмоцияналды әсері екпінді амплификацияға қарағанда әлсіз болады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *