
БЕТТІК ҚҰБЫЛЫСТАР – шекаралық қабаттағы еркін энергияның артық болуы – беттік энергияның жоғары активтілігі және беттік қабат молекулаларының бағдарлануы, оның құрылымы мен құрылысының ерекшеліктері тудыратын құбылыстар. Беттік құбылыстар сонымен бірге денелердің ең алдымен беттік қабаттарындағы химиялық және физикалық өзараәсерлесулерімен анықталады. Беттік құбылыстар негізінен беттік энергияның беттік ауданға пропорционал азаюына тәуелді. Теңбе-тең пішінді сұйық тамшы немесе газ көпіршіктерінің түзілуі, сонымен қатар кристалдардың өсуі тұрақты көлемдегі еркін энергияның ең аз шамасымен анықталады. Молекулалық күштер (беттік керілу және жұғу) және сыртқы күштер (ауырлық күштер) өзара бірлесіп әсер еткенде ажыратушы сұйық беттердің қисықталуы пайда болатын беттік құбылыс – капиллярлық құбылыстар деп аталған.
Қатты денелердегі беттік құбылыстар ең алдымен дененің сыртқы бетінде орын алады. Бұларға жататындар: ілінісу (адгезия), сулану, үйкеліс. Беттік құбылыстар кристалдық торлардың ақаулары негізінде дамитын ішкі беттерде де орын алған. Қатты денелердің беріктігін жеңіп оның қирауына себеп болатын да осы беттік құбылыстар. Беттік құбылыстар жаңа-ажырату беттерін тудырады. Беттік құбылыстардың көпшілігін адсорбциялық құбылыстар құрайды, бұл құбылыстарда беттік қабаттың химиялық құрамы өзгереді.
Беттік қабаттардағы жылулық қозғалыстардың ерекшеліктері беттердің жарықтың молекулалық шашыратылуын тудырады. Құбылыстардың басқа бір тобына термоэлектрондық эмиссия, потенциалдардың секірістері және фазалардың ажыратылу бетіндегі электрлік қос қабаттың пайда болуы жатады. Осы беттік құбылыстар иондардың адсорбциясы мен диполдік молекулаларға байланысты. Беттік құбылыстар тек өте дамытылған беттерде фазалардың термодинамикалық тепе-теңдігіне әсерін тигізеді. Беттік құбылыстар берілген ортада материалдар мен құрылымдық құрылыстардың ұзақ мерзімді шыдамдылығына әсерін тигізеді.