
Портрет – шығармаға қатысушылардың (нәрселердің де) сыртқы тұрпатын, түрін, түсін, кескінін-келбетін, пішінін, тұлғасын жүріс-тұрысын суреттеу. Махамбет Исатайды:
Садағына сары жебені салдырған, Садағының кірісін,
Сары алтынға малдырған.
Тереңнен көзін ойдырған,
Сұр жебелі оғына,
Тауықтың жүнін қондырған.
Маңдайына сары сусар бөрік басқан, Жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан, –
деп, портретін осылай береді. Махамбеттің Исатай портретін бұлай жасауы да оның негізгі мақсатымен ұштасып жатыр. Иса тай образы – ұнамды образ. Ендеше оның портретін де оқушы сүйсініп оқығандай, «па шіркін, өзі де жігіт екен!» дегендей етіп суреттейді. Сонымен қатар ақынның өзі оны аса сүйгендігі де анық көрінеді.
Жазушы қаһарманның портретін кейде кең түрде бір жерде тоқтап суреттейді. Кейде қаһарманының амалын, басында болған күйінішінсүйінішін жазып отырып біртіндеп, портреттің әр бөлшегін әр жерде көрсету әдісімен жасайды. Портрет (французша – portrait) деген термин әдебиеттегі портрет пен живописьтегі портретті салыстыруды керек етеді. Шынында, әдебиетте адамның не басқа нәрсенің келбетіне кең тоқталып, суретін бұлжытпай қойған портреттер көп («Аттың сыны», «Қыз сыны» – Абай), бірақ әдебиеттегі портрет пен живопистегі портреттің үлкен айырмасы бар.
Живопистегі портрет қимылсыз, қозғалыссыз, ал жазушы адамды қимыл, қозғалыста етіп суреттейді (ол қаһарманның жүріс-тұрысын, дауысын және қалай сөйлейтінін де суреттейді).
Жазушы – адам портретін жасау үшін, оны оқушыларына жеткізіп беру үшін теңеу, эпитет, метафора, т.б. бейнелеу құралдарын қолданады. Живопистің портрет жасаудағы қолданатын құралы басқаша.
Қ.ЖҰМАЛИЕВ