
АБСОЛЮТ ҚАРА ДЕНЕ – өзіне түскен бүкіл сәулені толықтай жұтатын дене. Жарық сәулені жұтқан дене қызады. Табиғатта абсолют қара дене жоқ. Оны жасанды түрде жүзеге асыруға болады. Көмірдің қара күйесі, мысалы, күннің оптикалық диапазондағы сәулесінің 99%-ын жұтады, бірақ та инфрақызыл сәулені жұтуы нашар. Абсолют қара дененің ең кемелденген моделі жіңішке саңылаулы, мөлдір емес, іші қараңғы қуыс болмақ. Осы саңылауға түскен кез келген сәуле қуыстың ішінде көптеген рет шағылысып түгелдей жұтылатын болады. Абсолют қара дененің жұту коэффициенті 1-ге тең және сәуленің толқын ұзындығына тәуелді болмайды. Абсолют қара дене ұғымының сәуле шығару теориясында маңызы зор. Абсолют қара дененің сәуле шығару қарқындылығы өзге («қара дене емес») денелердікінен жоғары, тек оның температурасымен және сәуле жиілігімен ғана анықталады және ондағы сәуле тығыздығының сәуле жиілігі бойынша үлестіру функциясы Планктің сәуле шығару заңына бағынады. Абсолюттік қара дененің сәулесін анықтайтын заңдылық оптикалық пирометрияда жоғары температураны өлшеу үшін пайдаланылады, сонымен қатар жарық эталоны ретінде де қолданылады.
«Абсолют қара дене» ұғымын 1859 ж. неміс физигі Густав Кирхгоф
(1824 – 1887) енгізген.