БЕЙІНДІК МЕКТЕПТЕРДЕ БЕЙІНДІК ОҚЫТУДЫҢ ДАМУЫ

Есен А.С. — ҚарМТУ студенті (ПО-14-1 тобы)
Ғыл.жетекші — х.ғ.к., доц. Нұрмағанбетова М.С.

БЕЙІНДІК МЕКТЕПТЕРДЕ БЕЙІНДІК ОҚЫТУДЫҢ ДАМУЫ

Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы халыққа Жолдауында әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған 50 елдің қатарына қосылу міндеті қойылған. Оны жүзеге асырудың бір өлшемі — еліміздің білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру, бәсекелестікке қабілетті мамандар даярлау болып табылады. Білім беруде қазіргі таңда өзекті болып отырған бейіндік оқыту аталған мәселені шешудің бір жолы болып табылады [1].
Бейіндік оқыту дегеніміз — кәсіптік білім беру бағдарламаларын игеруге дайындау, оқушылардың белгілі бір кәсіпті игеруге деген бейімділігі мен қызығушылығын, танымдық қабілетін ескеруге бағытталған білім беру процесін ұйымдастыру, жоғары сынып оқушылырының білімін даралау мен саралап жіктеудің педагогикалық жүйесі.
Бейіндік оқытуды енгізудің негізгі мақсаты – жалпы білім беретін мектептің жоғары сыныптарында оқушыны еңбек нарығының нақты сұраныстарын ескере отырып, әлеуметтендіруге бағытталған арнайы дайындау жүйесі мен оқушылардың кәсіптік, тұлғалық өзін-өзі анықтауына мүмкіндік беретін құзыреттіліктерді игеру, даралық білімдік қажеттіліктерді қанағаттандыру.
Білім беру жүйесіндегі басты қағидаларды ұстана отырып, Қазақстанда ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды, тарихи тәжірибелерді, сан ғасырлық мәдени ұлттық дәстүрлерді ескере отырып, қазіргі білім мазмұнын жаңғыртуда, жаңа талаптар қоя отырып, ұлттық рухта болашақ ұрпаққа бейіндік оқыту мен тәрбие беру, әрі оны психологиялық тұрғыдан алдын- ала анықтау аса қажет. Оқушының болашақ ЖОО-на түсуіне және жоғарғы кәсіптік білім алуына септігін тигізетін білім алу бағытын таңдау туралы саналы шешім қабылдау және қабілетін қалыптастыру бейіналды даярлаудың негізгі міндетіне жатады. Яғни, бейіналды даярлықтың арқасында оқушылар өмірлік маңызды таңдауды да дұрыс жасай алады.
Қазақстандағы бейіндік оқытуды ұйымдастыруды екі кезеңге бөліп қарастыруға болады:
Бірінші кезеңге — ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап, білім беру мекемелерінің (лицей, гимназия, арнаулы мектептер, дарынды балалар мектебі, халықаралық мектептер) моделінің дамуы және қалыптасуымен, мемлекеттік емес сектордағы оқу орындарының құрылуымен, авторлық оқу курстарының бағдарламасын әзірлеумен, қолданылатын білім беру технологиялар спекторының кеңеюмен байланысты.
Бейіндік оқыту идеясын жүзеге асырудың екінші кезеңі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті жалпы орта білім беру стандарты «Негізгі ережелер» (МЖБС 2.003. – 2002) енгізілуімен байланысты. Бұл құжатта жалпы орта білім берудің жоғарғы сатысына сипаттама беріліп, 2006-2007 оқу жылынан бастап Қазақстандағы бейіндік оқытудың ұйымдастырудың негізі анықталды.
Қазақстанда бейіндік оқыту жүйесін дамыту өзектілігі бірқатар факторлармен келісілген, оның ішінде: мектептердің 12 жылдық білім беру үлгісіне көшуі, шетелдік тәжірибедегі жоғарғы сыныптағылардың оқуын ұйымдастыру тенденциялары, еңбек нарығының мектеп түлектерінің дайындығына қоятын талабы мен білім берудің келесі деңгейлерімен сабақтастығын жүзеге асыру қажеттілігі.
Қазақстанда бейіндік оқыту жүйесін дамытудың ықпалдастығы: білім алушыларды әлеуметтендіруде педагогикалық жағдайды кеңейту, алдағы уақытта еңбек нарығының арықарай даму жағдайында оларды саналы түрде таңдауға дайындау, орта білім алу жолдарын анықтауда негізгі мектеп түлектеріне әлеуметтік-педагогикалық қолдау көрсетуге, үздіксіз білім беру жүйесінің барлық деңгейлерінде оқытуды ұйымдастыруға үйлестіру [2].
Қазақстан Республикасында бейіндік оқытуды дамыту негізгі идеяларын іске асыру бірқатар жағдайларды, орындағанда мүмкін болады, солардың ішінде: ҚР БҒМ 12 жылдық білім беру үлгісіндегі бейіндік оқытуды ұйымдастырудың және іске асырудың шараларының бағдарламасын даярлау, бейіндік оқытудың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес орта білім берудің нормативтік құқықтық қамтылуын іске асыру, бейіндік білім беру жүйесінің ғылыми-әдістемелік қамтылуын дамыту, педагогикалық жұмысқа даярлаудың, жоғарғы және жоғары білімнен кейінгі кәсіби білім берудің стандарттарын, орта білім беру деңгейіндегі бейіндік оқыту мен бейіналды даярлығына сәйкес жаңарту, бейіндік оқыту жүйесін қаржыландырудың жаңа механизмдерін жасау.
Қорыта келгенде, Қазақстан Республикасында білім беру сапасын жоғарылату мен оны дамыту өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Елбасымыз алдыға міндет етіп қойғандай өзіндік өмір өрнегін жасай алатын, өзіндік даму арнасын белгілеп, өмірдің қиыр көкжиегіне батыл қадам басатын бүгінгі бәсекенің қатал заңына икемді ұрпақтың тұғыры мектептен басталады. Сол себепті, жоғарыда айтылған нұсқауларды ескерсе, бейіндік оқытуға бағытталған бағдарламалар мен басқа да құжаттарды оқу процесі кезінде үйретсе, келешекте олардың бейіндік оқыту жөнінде толыққанды білімі болатыны айқын.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Н.Ә. Назарбаев. Қазақстан – өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында // 2006 жылғы Қазақстан халқына Жолдауы. Астана, 2006. —
43 б.
2.Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы // Орталық Қазақстан, 2003. — 3 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *