ҚАЗАҚСТАНДА ЕҢБЕК НАРЫҒЫ ТАЛАПТАРЫНЫҢ МӘНМӘТІНІНДЕ КӘСІПТІК БАҒДАР БЕРУ

Каримова А.Н. — ҚарМТУ магистранты (ВТМ-15-1к тобы) Ғылыми жетекші – Ph.D докторы Амиров А.Ж.

ҚАЗАҚСТАНДА ЕҢБЕК НАРЫҒЫ ТАЛАПТАРЫНЫҢ МӘНМӘТІНІНДЕ КӘСІПТІК БАҒДАР БЕРУ


Халықты жұмыспен қамтамасыз ету адам әлеуетін сақтау мен дамытудың негізгі факторлары болып табылады. Сондықтан мемлекеттің жұмыспен қамту саласындағы саясатын өңдеу мен жүзеге асыру-әсіресе нарықтық экономикада өте маңызды әрі күрделі мәселе.
«Жұмыспен қамтылу – азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiне қайшы келмейтiн жеке қажеттерiн қанағаттандыруға байланысты және оларға табыс немесе кiрiс әкелетiн қызметi» деп ҚР «Жұмыспен қамту туралы» Заңында атап көрсетілген.
Жұмыспен қамту саясатында жұмысбастылықтың әлеуметтік және эконономикалық тұрғыдағы мәнін анықтап алу керек.
Әлеуметтік тұрғыдан жұмысбастылықтың мынадай түрлері бар: жалпы білім беретін және арнайы оқу орындарында оқу, әскер қатарындағы қызметі, үй шаруашылығы, балаларды тәрбиелеу, қарттар мен ауруларды бағып күту, қоғамдық ұйымдардың жұмысына қатысу.
Экономикалық тұрғыдан жұмысбастылық – тұрғындардың қоғамдық өнімді немесе ұлттық табысты өндірудегі қызметі, ал қоғамдық өндірісте — жұмыс істеуге жарамды немесе ынталы адамдарға жұмыс тауып беру жаппай жұмысбастылыққа алып келеді.
Еңбек нарығындағы мемлекет қызметінің маңызды бағыты болып, жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған шараларды әзірлеу және жүргізу табылады.
Қазіргі әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастарға сай жастарға кәсіптік бағдар беру жұмысы қоғамдағы өзекті мәселелер қатарына жатады. Қоғам өмірін демократияландыру мен ізгілендіру бағытында болып жатқан түбегейлі жаңаруларға байланысты республикамыздың білім беру мекемелеріндегі шәкірттің кәсіп таңдау мәселесіне жаңа талаптар қойылуда.
Қазіргі қоғамымыздағы белең алып бара жатқан жұмыссыздық мамандықтың дұрыс таңдалмауынан туындаған күрмеулі мәселелердің бірі деп айтуға болады.
Кәсіби бағдар беру – жас ұрпақты өзіне ұнаған тиісті мамандықты саналы таңдап алуға дайындауға арналған мектеп мұғалімдердің, тенологтардың, дәрігерлердің, инженер-педагогтердің, жанұяның, еңбек ұжымдарының бірлескен іс-әрекеті. Кәсіби бағдар беру оқушыларды мамандықтар әлемінде, олардың мазмұны, ерекшеліктері, жеке тұлғаға қоятын талаптарын өз бойындағы қасиеттерімен ұштастырып, өндіріс, шаруашылық салаларының даму міндеттеріне, оның нарықтық экономика жағдайындағы рөліне сай саналы таңдалынып алынған мамандыққа мүдделігін тәрбиелеуді қажет етеді. Кәсіби бағдар беру жүйесі қазіргі таңда жастарды өз бетінше кәсіп үйренуде ғылыми-теориялық және практикалық қабілеттерін, ел экономикасындағы қажеттілікпен ұштастыру болып отыр.
Кәсіби бағдар мақсаты – жас ұрпақты түрде мамандық таңдауға дайындау, үйрету екендігі белгілі. Ол үшін мына нәрселер қажет:
— оқушылардың бойында ішкі психологиялық-әлеуметтік мәнділікті реттейтін қызмет түрлерін тәрбиелеу;
— түрлі еңбек қызметтері мен сыйластық қатынастарын тәрбиелеу;
— кәсіпті өз бетінше, саналы түрде жеке қасиеттерін есепке ала отырып орындау бағытын жетілдіріп, тәрбиелеу.
Мектеп бітірушілерге мамандықтың болашағы мен мазмұны және кәсіби мансаптың нұсқалары туралы нақты және дер кезінде ақпарат беруге мүмкіндік беретін кәсіби бағдардың қолданыстағы жүйесі қазіргі кезде өзінің функционалдық міндеттерін шешуге қауқары жоқ.
Азаматтарды кәсіби бағыттау еңбек нарығын реттеу формаларының бірі болып табылады, адам ресурстарын дамытуға ықпал етеді, кәсіптік білімнің, кәсіби білікті мамандарға нақты қажеттілігімен байланысын қамтамасыз етеді.
Нарықтық экономика жұмыспен қамтудың жаңа үлгісін және қызметкерлерге қойылатын жаңа талаптарды қалыптастырды. Еңбек нарығында қажетті болу үшін, икемді, бейімді және білікті болу керек.
Осыған байланысты халықты кәсіби бағыттау және психологиялық қолдаудың ролі артып отыр. Жұмыссыздықтың өсуі және еңбек нарығының эволюциясына байланысты кәсіби бағдар беру жұмыссыздық, дем алу, әлеуметтік қызметтер туралы білімнің элементтерін қамтиды. Ол адамды ол үшін кәсіби даярлық және қайта даярлық арқылы нақты ашылатын мамандықты таңдау перспективаларына бейімдеуге ықпал ететін, әлеуметтік реттеудің маңызды құралы болып табылады.
Маман даярлау мәселесі қай кезеңде болсын, қай мемлекетте болсын өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі таңда мамандық таңдау кешегі күнге қарағанда әлдеқайда қиын. Өйткені, заман сұранысына байланысты көптеген жаңа мамандықтар ашылып, даярлануда. Көпшілік, соның бірін білсе, бірін білмей жатады.
Бүгін дұрыс таңдалған мамандық – ол ертеңгі табысты өмірдің кепілі. Сондықтан, әрбір адам қолынан не келсе, сонымен айналысуы керек. Ол өз кәсібінің шебері болуы қажет. Сол кезде ғана ол жақсы өмірге қадам жасай алады. Өскелең ұрпақ осы қағиданы неғұрлым ертерек түсінсе, соғұрлым оларға осы мақсатқа жету жеңіл болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *