Жүсіпбек Аймауытов
Тәрбие негізі
Тәрбие һәм білімдендіру. Тәрбиенің де, білімдендірудін, де тірегі мәдениетті өмір, яғни адам баласының түрлі тараулы толық өмірі. Тәрбие беру мен білім беру бірімен-бірі байланысулы; үйтсе де әрқайсысының өзгеше мінезі, бірінен-бірі айырылатын өзгеше мақсұттары бар.
Тәрбие– кең мағыналы ұғым. Адам баласынын, өсу, өркендеу, жетілу дәуірінде тәрбиеге кірмейтін жағы жоқ, дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, әдемілік сезімі тәрбиесі, адамгершілік – құлық тәрбиесі – бәрі тәрбиеге жатады. Адамның талабын, амалын түзу бағытқа, ретке салып, адам баласының арасындағы қатынасын жөндеу – бұ да тәрбиенің ісі. Ол ғана емес, тәрбие одан да жаңа, одан жоғары кемелдікке, яғни шындық, ізгілік, көркемдік көксеуге, оларды өмір жүзінде іске асыруға адамды жетектейді. Осындай қасиетті міндеттерге жетуге жанды қаруландырады, қанаттандырады. Немен? – Насихатпен, ақылмен, пайдалы біліммен, үлгілі амалмен, оқытумен, үйретумен. Үйрету алғашқы кезде ретсіз, жоспарсыз жәй машықтандыру түрінде жүргізілуге мүмкін, жүре бере үйрету белгілі жүйемен жүреді.
Білімдендірудің мағынасы үйрету, жабайы білім алудан гөрі тереңірек. Білімдендіру бірнеше адамдардың белгілі істерінің нәтижесі, одан гөрі сыртқары мағынасы – бір заттан белгілі қалыпта бір нәрсе жасап шығару; адамға арнағанда, адамшылық мұратын бойына сіңірген шын мағынасында кемел адам етіп шығару. Әр адам – өз заманының ұлы. Білімдендірудің мақсұты: әр адамды өз заманына қолайлы тарихи тұрмысының әр тарауына қатынасатын адам етіп шығару.
Тәрбие мен білім беру арасында жақын нәрселер барлығында сөз жоқ. Тәрбие жалаң денеге, ақылға емес, адамның қайратына да, сезіміне де бағытталады. Білімдендіру, көбінесе, ақыл жұмысын күшейтуге арналады.
Білімдендірудің ошағы – мектеп. Тәрбиенің ауданы одан кең,түбі терең: адамның өсетін, жетілетін балалық, жеткіншектік дәуірі түгілі, тәрбиенің әсері жігіттік, кекселік кездерінде де қалмайды. Тәрбие сәулесі түспейтін адамның ешбір қалтарысы жоқ. Тәрбие болмаған жерде шын ақылды, мәдениетті өмір де болмақ емес.