Тәрбиенің мақсұтын түрліше ұғыну
Жүсіпбек Аймауытов
Тәрбиенің түрлі мақсұты туралы тәрбие ғылымдарында түрлі пікір болған.
Ерте замандағы жабайы педагогиканың мақсұты: баланы ата-анасына тартқызып тәрбиелеу болса керек, басқаша айтқанда, әкенің қызметін ұлы, шешенің қызметін қызы білу. Соңғы заманның тәрбиешілері (Коменский, Песталоцийден бастап) тәрбиеге басқаша тілек қоятын болған: баланың жан қуаттары өсуіне қарай, табиғатына лайықталып тәрбие берілсін деген пікір туа бастаған. Кейбір тәрбиешілер тәрбие етудегі мақсұт: адамды бақытты қылу деген пікірді айтқан. Бұл шындыққа орайласатын пікір болғанмен, тым көмескі, созылмалы ұғылатын пікір, бақ дегенді әркім әр түрлі жориды, біреу бақ – тұрмыстың сыртқы қолайлы болуы, яғни байлық, атақ, сый, кұрмет деп ұғады; біреу оқымысты болуды, әдебиетке қызмет етуді бақ деп санайды; біреулер өнерді бақ депбіледі. Байқап отырсаңыз, бақ деген ұғым адамның жасына, еркек, әйелдігіне, мінезіне, ден саулығына, тәрбиесіне, білім парасына, уақытына, заманына қарай өзгеріп отыратын нәрсе, жалпыға бірдей бекіген нәрсе емес.
Грек жұрты өмірдің мақсұты да, құралы да көркем адам болу дейді екен. Гректерше адамдықтың шарты – дене де, жан да ізгілікпен қабысқан көркем болу. Гректің өмірі – сұлулық.
Рұм жұртының арманы басқаша, рұмның адамы – істің адамы. Рұм халқы – өмірге ашық көзбен қарайтын, ісшіл, тәжірибешіл жұрт болған. Сондықтан олардың көздегені – сұлулық емес, қолайлылық. Олар соғыс ісіне, мемлекет құрылысына пайдалы нәрсеге ғана артық баға берген. Тәрбиенің арманы, гректің ұғуынша, адамның жан, дене құбылыстарын келісті жетілту, рұмдықтарша – мемлекетке пайда келтіру, таза қызмет еткізу.
Енді соңғы замандағы халықтарға келейік. Мысалға, немістерді алсақ, Германияның тарихта да зор орын алғанына, күллі адам баласының мәдениеті көтерілуге себеп болуына неміс жұртыныңмінезіндегі өзгешелігі – ойшылдығы, ісіне табандылығы, не нәрсені болса да тексеріп ретке салғыштығы зор әсер берген. Неміс өмірдің барлық түрінде келістік (гармония) байланыс болуын іздейді. Заттың бәрін дерексіз ойға салады, неден болсын пікір туғызады. Неміс нәрсені ұғуды місе тұтпайды, ұққан нәрсесіне өзінің білім саласының ішінен белгілі орын беруге, тағайындауға тырысады, неміске тағайындамаған нәрсе – нәрсе емес. Ол әр затты пәлсәпә жағынан қарайды, әр істі пәлсәпәмен бастап, пәлсәпәмен бітіреді. Дерексіздікке, ой жүйесіне құмарлықтан неміс жұртының нелер ойшылы, данышпан, ғалымдар, философтар шыққан. Бірақ жоқтан өзгені ойға, пәлсәпеге салғыш ұсақшыл жеңіл ойлы адамдар да шыққан. Немістің осындай өзгеше мінезі әлеумет тәрбиесіне де өзгеше реңк береді. Немістің тәрбие арманы – оқымыстылық. Оқымысты болу үшін немістің құрбан қылмайтын заты жоқ.
Бұл аталған мақсұттар көмескі, сыңаржақты, толық емес. Тәрбиенің мақсұты: шындыққа, ізгілікке, көркемдікке қол сермеу, соларға жетуге тырысу, солардың жолында адамның қызметін күшейту, адамның, тұрмысын солармен үйлестіріп жасау деп айтатын тәрбиешілер (мысалы, Дистерберг) бар. Адамның адамдығын сақтап, барлық керекті, қасиетті жан қуаттарын түгел тәрбие етуге осы мақсұт толығырақ сықылды.