Мұғалімдерге

Мұғалімдерге

Міржақып Дулатов
Сүйікті қазақ мұғалімдері!
… Қазақ түгіл ноғайдың да оқуы керегінше ілгері баспай тұрған себебі сол, рас осы кезде ноғайда тәртібі тәуір деген медреселер бар, олардан өздерің де оқып шықтыңдар. Бірақ сіздер онда аз-көп болса да, өздерің ғана үйреніп шықтыңдар, басқаларды қалай үйрету жөнін үйренген жоқсыңдар. Өзі білумен өзгелерге білдіру екі басқа. Білгенін кісіге білдіру, яғни балаларды оқыту өз алдына бір ғылым. Ғылым – педагогика. Орысша учительскийинститут, учительская семинария. Педагогическийкурстар көп. Сондықтан орыс учительдері көп жапа шекпейді. Біздің қазақ, ноғай, мұғалімдері өздерінің тырысуымен тәжірибелерінің арқасында ғана мұғалім болып жүр.
Мектеп программасында бірінші орын алған нәрсе қирағат, баяндап оқыту. Соның үшін оқытушы ең әуелі баяндап оқытудың асыл мақсұтын жақсы білерге керек. Қирағаттың мақсұтын түсінбеген мұғалім үміт еткен пайданы бере алмайды. Балаларға кітаптің кұр қарасын саулатып оқыта береді. Жас балаларды оқыған нәрсесі хақында ойлануға, оның мағынасын, қасиетін сездіруге қалай үйретпек керек? Балалар оқыған нәрсесін бір-біріне ұқсастырып ойлануына, оқып шыққаннан кейін жадында ретті һәм толық мағынасымен қалдыруға әдеттендіру керек. Әрбір жазылған сөз жазушының сезінуімен, естуімен, көруімен (табиғаттан һәм адамның тұрмысынан) шыққан нәрсе. Өзін қоршап тұрған нәрсе табиғат һәм тұрмысты сезуі, көруі, жазушының ойында ретке келіп, мағынаға айналғаннан кейін сөз болып сөйленіп, жазу болып қағаз бетіне түседі. Сөйтіп, сөз болып, жазылып шықкан хикаялар, мысалдар, ертегілер, өлеңдер жазушының ойы,табиғаттың, тұрмыстың көңіліне түскен суреті, соның үшін оқушысының да жазушының сезінгеніндей сезіп, ойлағанындай ойлап һәм сол ойлағанын өз ретімен, өз мағынасымен түсінерге һәм қалдырарға керек. Жазушы әлгі ойларын қалай тізді, басқаларға қалай сездіргісі келеді, соның бәріне жазушының өз көзімен қарап, өз ойымен ойларға керек. Жазушы қайғырса қайғырып, күлсе күлу керек. Оқыған нәрсенің ішкі мағынасымен бірге оның сөзін һәм қалауында есінде қалдырарға керек. Әрине, ақылы толған үлкен кісі оқыған нәрсесі хақында жазушыға еруден бұрын, өзі сынайды, сонан кейін ғана жазушының пікіріне қосылады, айырылады. Біздің әлгі айтылып өткен ретіміз балалар туралы. Балалар үлкендердей сынмен оқымай, тек оқыған нәрсенің ағынымен кететін болғандықтан, мінсіз үлгілі боларға керек. Бастауыш мектепте алған тәрбиесінің әсерлі, күшті, сіңімді болуы, қай халықтың мектебінде болса да оқу кітаптары ана тілімен, өз ұлтының тұрмысынан һәм табиғаттан жазылып, баяндап оқытудың асыл мақсұтына муафиқүйретуден, осылай біліп, баяндап оқытқанда, балқыған жас баланың ойына, қанына, сүйегіне ұлт рухы сіңісіп, ана тілін анық үйреніп, керекті мағлұмат алып шығады. Мұндай балалар бастауыш мектепті бітіргеннен кейін қай жұрттың мектеп медресесінде оқыса да, қай жүрттың арасында жүрсе де, сүйегіне сіңген ұлт рухы жасымайды. Қайда болса да тіршілігінде қандай ауырлык, өзгерістер көрсе де ұлт ұлы болып қалады.
Оқудағы мақсат жалғыз құрғак білім үйрету емес, біліммен бірге жақсы тәрбиені қоса беру. Тәрбие беру үшін қирағат кітабын оқытқанда құр қарасын ғана оқытпай, жоғарыда айтканымыз секілді ішкі мағынасын да түсіндіру тиіс. Баяндап оқытудың мәнісін білмеген тәжірибесіз жас мұғалімдер қирағат оқытудан мақсат ғарфін танып, көрмей окып кету деп біледі. Сондықтан 8-9 ай оқитын кітабын 3-4 айда оқып бітіріп қарап отырады.
Иә, басқа кітапқа түсіруге даярланады, жаңа түскен кітапты да әлгіндегідей оқитын шығарады. Бұрынғы тәртіпсіз оқытатын заманда бір кітаптан екінші кітапқа түсіру, неғұрлым көп кітап оқыту таңсық еді. Бірақ балалардың жадында керекті білім қалмаушы еді. Қазақ мұғалімдері тәртіппен оқытқанда мектептің программасы болады. Балалар бөлімге бөлінеді, сабақты сағатқа айырады. Солай оқытқанда қирағат күніне бір сағаттан артық тимейді. Сол бір сағаттың ішінде қирағатты дұрыстап оқытқанда кітаптағы қысқа хикаялар, өлендер бірсабақ, ұзыңдары екі-үш сабаққа бөлініп оқылады, сөздің сыртқы карасы оқылып (бұл сөздің казақшасы пәлен дейтін басқа тіл емес) ішкі мағынасы һәм онан алатын өнеге жабулы қала берсе кітапты тез оқып шығып, керекті пайдасына жетіспей қалуы сол болады… Баяндап оқытудыңтағы мынадай шарттары бар: анық, айқын оқу. Ыңырсымай, сөзді орынсыз созбай, салмақты айтатын орында асықпай, кісі қалай сөйлесе, солай оқу керек. Сұрау, тандану, кідіру белгілерді тиісінше оқып, дауысты көтеретін орында көтеріп, бәсеңдететін орында жәй оқу тиіс. Балалар дұрыс оқи алмай қиналған жерде, мұғалім өзі оқып көрсету ылайық. Баяндап оқытудың асыл мақсаты һәм тәртібі, қысқа да болса осыдан аңдалса керек.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *