Тәрбие арманы туралы
Жүсіпбек Аймауытов
Әр адамның әр түрлі дене тілегі, ақыл тілегі бар, сол тілектеріне жетсем деп, өмір бойы арман қылады. Әр адам өз ойынша әлде недей біреу болғысы келеді. Жай шебер – нағыз өнерпаз, ұста шын дарқан болсам екен деп талпынады, оқытушы – нағыз тәрбиеші болуды, оқымысты – шын ғалым болуды тілейді. Өзі туралы әркімде осындай мақсұт бар. Ол мұратқа жетуге түрлі тілектер бар, әркім тілегі орындалатындай, жетсем-ау деп, келешектен бір жақсы күнді көзіне елестетіп жүреді. Міне, осыны арман дейді.
Арман деген – бір шырақ, адамның істеген ғамалына жарық сәулесін түсіріп, не бастасаң, не етсең, жетекші болып сүйрейді. Әрбір өнерде, әрбір ғылымда, әр істе арманның маңызы зор. Арманның одан да зор пайдасы педагогика жолында.