Сенека

Сенека

Луцийге жазылған адамгершілік хаттары

1. Өзіңді өзің үшін жеңуге тырыс, бұрындары сенен тартып алған немесе ұрлаған, бостан-босқа өткен уақытыңды сақта және жинақта. Біздің уақытымыздың бір бөлігін бізден күшпен тартып алады, бір бөлігін ұрлайды, біраз бөлігі босқа ағып кетеді. Бірақ барлығынан ұяттысы – біздің өз ұқыпсыздығымыздан жоғалтқан уақытымыз. Бажайлап қарап көрші, біз өміріміздің басым бөлігін ақымақтық істерге, бірталай бөлігін бостан босқа және барлық өмірімізді керек емес істерге жұмсап өткіземіз. Уақытын бағалай білетін, бір күннің өзі неге тұратынын білетін, әр сағат сайын өлімге жақындап жатқанын толық сезінетін бір адамды көрсетші… Өлім біздің алдымызда тұр, біз өлімнің құрығындамыз. Сондықтан әр сағатыңды босқа жіберме. Бүгінгі күнді уысыңда ұстай білсең, ертеңгі күнге азырақ бағыныштасың. Кейінге қалдырып жүргеніңде, бүкіл өмір ағызып өте шығады.
2. Барлық жерде боламын дегендер еш жерде де болмайды. Дәрілерді жиі ауыстыру ауруға ем болмайды. Түрлі дәрі жаққан жараның жазылуы қиын. Өсімдікті бір орыннан екінші орынға ауыстырып отырғыза берсең, жайқалып өспейді.
Дүниесі аз адам кедей емес, соны көбейте түскісі келетін адам кедей. Адамдағы ең аз байлық – барлық керектіңнің болуы, ең көп байлық – тойынғаныңша баю.
3. Дос болғың келген адамды жан-тәніңмен қабылда, пікіріңді ашық айт, онымен өзіңмен сөйлескендей сөйлес. Сонда оны танисың. Танып болған соң одан күдіктенбе. Онда ол сатқынға айналады. Оған сенсең – сенімді етесің.
Әбігершілікке құмарлық – қайраткерліктің белгісі емес, рухы ылғи қозып езілудің белгісі және әрбір қимылды ауырлық санау әдеті – алаңсыздықтың белгісі емес, еркелік пен имансыздықтың белгісі.
Табиғаттан кеңес сұра: ол саған күн мен түнді жаратқанын айтады.
4. Бастаған ісіңді табандылықпен жалғастыр және жаныңның жайлылығы мен жетілуіңнен ұзағырақ рахат алу үшін асық.
Көп адамдар сарқырап ағап жатқан суға кетіп бара жатқандай, тікенекті бұтақ пен үшкір тастарға жабысқандай жабысатын мына өмірден ешбір қиналыссыз айырылыса алатындай болуды күн сайын ойлан. Көп адам өлімнің қорқынышы мен өмірдің азабы арасында аласұрады, олар өмір сүргісі де келмейді, қалай өлуді де білмейді. Өз өміріңді тартымды ет, ол жайындағы барлық үрейді таста. Жоғалту әзір тұрмаса ешбір игілік оның иесіне қуаныш әкелмейді.
Кім өзінің өмірін жек көрсе, өзгенің өміріне қожайындық жасайды.
Аштық пен шөлге шыдай алмай, өзіңе үстірт қарайтындардың есігінен қарама, қабағын түйе жақтырмай қарағандар мен сәлеміңді жек көргенін жасырмай алатындарға барма.
5. Тобырдан дұрысырақ өмір сүру үшін бәрін жасауға тиіспіз.
6.Өзім үшін алған білімім, қанша ізгілікті болса да, мені ешқандай қанағаттандырмайды.
Гекатонның мына сөзі маған ұнады: «Сен менен қандай жетістікке жеттің деп сұрайсың. Мен өзіме өзім дос болдым».
7. Барлығынан бұрын неден қашу керектігін білесің бе? Тобырдан! Тобыр ішіне кірсем сол күйімде шыққан кезім болған емес. Одан бір нәрсе жұқтырып, кірленіп шығасың. Одан шыққанда сараң, менменсін – салтанатқа құмар, ашушаң және қатігез болып шығасың.
Келіңіздер, біздер көпшіліктің мақтағанынан рахат ала кетпеу үшін жанымызды таза ұстайық. Бізді көп адам мақұлдағаны сенің көп адамға түсінікті болғаныңнан шығар оған несіне риза боласың? Біздің қадір – қасиеттеріміз біздің ішкі дүниемізге әсер етсін.
9. Кімнің ісі жүріп тұрса – достары мың, қиналысқа түссе айналасы шөл.
10. Мен өз пікірімді өзгерте алмаймын: тобырдын қаш, аз ғана топтан да қаш, бір адамнан да қаш!
Адамдармен өмір сүргенде, Құдай саған қарап тұрғандай бол, Құдайға қарата сөз айтқанда, сені адамдар тыңдап тұрғандай бол.
12. Әрбір күніңді сол күн қатардың соңын алып тұрғандай, өміріңнің күнін аяқтап тұрғандай етіп шығарып сал.
15. Бізден бұрынғылар хат жазысқанда: «Егер сенің денің сау болса, онда жақсы, ал менің денім сау» деп бастайтын болған.
Өзімнен өзім озсам де!
17. Саған жақсы өмір сүруге біреулер кедергі болса, жақсы өлуге ешкім де кедергі бола алмайды.
Эпикур: «Көп адамдар байлық жию арқылы қиындықтарынан құтылам деп ойлайды, олар қайта басқа қиындықтар тауып алады» деген. Оған таңданатын ештеңе жоқ, ауру адам ағаш кереуетте жата ма, алтыннан кереуетте жата ма, қайда болса да кеселі бірге жүреді.
22. Өлім сағаты алдында біз дүниеге келген сәттен гөрі нашарырақпыз. Оған өзіміз ғана кінәліміз: Біз ынтықтықтан, қорқыныштан, ырымшылдықтан, залымдықтан, тағы басқа кеселдерден құтыла алмадық. Өлгенде туғандағыдай алаңсыз болғандар даналыққа жетеді.
23. Біреулер өмірін аяқтауға тиіс кезде бастайды, кейбіреулердің өмірі басталмай жатып аяқталады.
24. Кәрілік деп толық қуатсыздықты емес, адамның шаршаған жасын айтамыз.
28. Өзіңнен қашып кете алмайсың! Өзінің кемшілігін білмейтін адам, оны болдырмауға тырыспайды.
30. Теңдік – әділеттіліктің басы.
51. Сен еркіндік деген не деп сұрайсың. Жағдаяттың да, болмай қоймайтын істің де, кездейсоқтықтың да құлы болмайтын, фортунаны өзімен бір қатарға қоя алатын, ол сенің алдыңда әлсіз болып шықса, еркіндік сол.
53. Кім қалың ұйқыға кете алмаса, қайдағы-жайдағылар түсіне кіреді, шырт ұйқыға кеткен адам өзін-өзі ұмытқандай болып ұйықтайды.
59. Егер қызық пен рахат қусаң – қасіретке ұшырайсың. Қуаныш деген әркімнің-ақ мақсаты, біреулер ойын-сауық пен сән-салтанаттан іздейді, тағы біреу – атаққұмарлықтан, оны қоршап ісі түсіп тұрғандардың көп болғанын іздейді, тағы біреу – көңілдестерден, тағы бірі – ештеңеге ем болмайтын сөз өнерінен іздейді. Олар осы іздегендеріне мас болғандай алдамшы тәтті сезімде жүреді. Бірақ айнымайтын қуаныш – даналықта.
61. Барлығын бұйрықпен жасаушы бақытсыз емес, сол ісін өз еркінен тыс орындағандар бақытсыз.
64. Қайғы деген тез арада-ақ жеккөрінішті нәрсеге айналады. Біреудің өлгеніне қатты күйзелген адам – өзінің одан бұрын өлуі мүмкін екенін ойлап көрмеген адам. Өлген кісі кіші болсын мейлі, тағдыр өлімді кезекке қарап келтірмейді. Біз ылғи өзіміз де бізге сүйікті адамдар да өлетінін ойлана жүру керек.
77. Ақылды қашан да байсалды. Өйткені ол басқа нәрсеге тәуелді емес және фортунадан да, адамдардан да мейірім күтіп тұрған жоқ. Фортуна күліп қарағанда пенделерді құрметке, игілікке толы етеді, бірақ бір нәрселерден айырады – жаңағылардың жолында ардан аттаудан арланбайтын жолдастар кезігеді, тойымсыздықпен жиналған дүние- мүлік жоғалуға бейім келеді, бір сөзбен айтқанда қуанышы аз болады.
Жан рахатына жеткісі келгендер құрмет пен игілікке тек адалдық арқылы жетсін.
Адалдықпен кешкен өмірді қысқартқанмен, одан оның адалдығы азаймайды.
Туллий Марцеллин өз жастығын байыппен өткізді, бірақ қатерлі болмаса да көп күшін алған, ұзағынан келген жанды ауыртатын ауру еңсеріп, тез-ақ қартайып қалды, сөйтіп өлім туралы ойлай бастады. Ол көптеген достарын жинады, олардың біреулері ауруға мән бермегенсіді, біреулері жағымпаздыққа салынып, досқа ұнайтын сөздермен жұбатқысы келді, тек біздің стоик досымыз ғана өзіне тән ержүректікпен және шыншылдықпен былай деді: Марцеллин, сен аса бір маңызды мәселені ойлағандай уайымдай берме! Өмір сүру маңызды емес, түптеп келгенде – сенің құлдарың да, малдарың да өмір сүреді, маңыздысы – адал, ақылмен және жүректілікпен өмір сүру. Тамақ, ұйқы, махаббат – осы үшеуінің төңірегінде ғана айналып жүргеніне көп болғаны есіңде ғой. Алдымен өлім турлы қорқыныштан өзіңді құтқар. Біз өлуге тиіс болсақ та өлгіміз келмейтіні, өліп бара жатқанда да өлгіміз келмейтіні жиі кездесетін жағдай. Айналып келгенде бізді бір өлім күтіп тұрғанын білмейтін тоғышар жан жоқ, бірақ өлім жақындап келе жатқанда қашқақтап, қалтырап, жылай бастаймыз. Мың жыл бұрын неге өмір сүрмедім деп ойлайтындар, мың жыл кейін де неге өмір сүрмеймін дегенмен бірдей. Сен бұрын да болмағансың, бұдан кейін де болмайсың. Бұрын өлгендердің қаншама тобы сенің алдыңда өткен, кейін өлетіндердің қаншама тобы алдында кезек күтіп тұр. Бізге дейінгі де, бізден кейінгі де уақыт біздікі емес. Өзіңе белгіленген уақытты созамын десең – күшіңді босқа жұмсағаның!
Жауының қолына түсіп қалған бір спартандыққа қорланатын бір жұмысты орындауды нұсқағанда: «Мен құл емеспін!» деп бақырыпты. Міне, бұл еркіндіктің бізге қаншалықты жақын екендігінің көрінісі. Сөйте тұра адамдар құлдыққа түседі. Сен – адамдардың, заттардың, өмірдің құлысың! Өйткені өлуге ерлігі жетпесе, ондай өмір – құлдық өмір!
Гай Цезарь құлдыққа алған біреу одан өлім тілегенде: «Сен қазір өмір сүріп жүрмісің?» депті. Кемпірлер ұзақ өмір сүргенін мақтаныш етеді, бірақ төңірегінде оған төзе бере ме? Өмір пьеса сияқты, оның ұзақтығы маңызды емес, құлаққа жағымдылығы мен жақсы ойналғаны маңызды.
78. Достардың махаббатты ауруға ем, ол қорқыныш пен өлімді күту туралы ойды қуады. Егер достарым өмір сүре берсе, менің де өмір сүргенім – олармен бірге болмасам да, олардың іштерінде, ойларында өмір сүремін.
Посидоний: «Білімдар адамның бір күні тоғышардың ұзақ ғасырынан да ұзақ» деген. Бақытсыздықта уайымға түсіп кетпе, сәттілікке сенбе, фортунаның алдамшылығын ойла – ол бірде оңынан, бірде терісінен келеді. Ұзақтан бері күтіп жүргеніміз бола қалғаны оңайырақ.
80. Денесін шынықтыратын адамдар көп, жан –дүниесін жетілдіретін адамдар өте аз.
82. Нені ойыңа алсаң, соны орында, қалай өмір сүргің келсе, солай өмір сүр, өмірің желіп өтетіндей болғанша қиын болсын.
83. Ішімдікке салыну – өз еркімен ессіздікке ұрыну. Адамдардың көбін тыйым салынатын нәрседен жақсы ниет емес, ұят ұстап қалады.
84. Ғылымға құмарлық – өзгенің есебінен ақыл алу. Оқысам, біріншіден – өзіме өзім риза бола түсуден арыламын, екіншіден, біреудің білгенін біліп болған соң, оны жетілдіруді ойлаймын. Оқу ақылға азық береді. Тек жазумен немесе тек оқумен ғана айналысуға болмайды, оларды кезектестіріп отыру керек. Сонада біз оқығанымызды елеулі бір нәрсеге айналдырамыз. Осылай біз гүлге қонып бал шырынын жинап, оны алып келіп бір қауызға құйып балға айналдыратын бал арасына ұқсаймыз.
87. Кездейсоқ нәрсе бізді жақсы ете алмайды.
Байлық делдалға да, жезөкшеге де қона салады. Клеопатраның сүйіктілерінің бірі Хелитон да бай болған. Жалған сөйлейтін және аузы таза емес Натал да (әйелдер оның аузына кіші дәрет сындыратын болған) көп байлыққа мұрагер болған және мұрагерлікке көп байлық қалдырған. Кім қандай нәрсеге ие болса, өзі де сондай. Ақша салатын жәшіктің құны ішіндегі ақшаның құнымен тең, жәшіктің өзі сол ақшаға қосымша ғана. Сондай – ақ көп ақшаның иесі сол ақшаға қосымша. Ал игілік әркімге беріле бермейді. Ол жамандықтан туындамайды, байлық сараңдықтан пайда болады, демек, байлық – игілік емес.
Қанжар өзі ешкімді өлтірмейді, бірақ ол өлтіруге құрал бола алады.
88.Музыка жайында айтсақ ,шектер жуан және жіңішке дыбыстар шығарғанмен, өзара үйлесім табады. Адам жанында да осындай үйлесім болуы тиіс.
Геометрия менің иелігімдегі жерді өлшеуді үйретеді, бірақ адамға қанша жер керек екендігін үйрете алмайды. Маған сол иелігімді кішірейтіп алма деп ақыл береді, ол — жерді өз туыстарымен де бөліспе дегенімен тең. Одан да мен бәрін беріп, көңілді күйімде қалуды үйренсем болар еді. Тура сызықтың қандай екенін біле тұрып тура жол таппасаң, оны білгеннен пайда не?!
Білсең де, білмесең де солай болатын болса, болмай қоймайтын нәрсені алдын – ала білудің керегі не?!
Жақсылық пен жамандықты зерттейтін тек философия ғана. Уәдеге беріктік – өрте, ұр, өлтір, бәрібір сатып кете алмаймын дегенге алып келсе, ондай қаскөйлікке негізделген уәдеге беріктік неге керек.
Адамға қатысты істердің қайсысын алмасаң да, оның біліп аллатын және зерттейтін нәрселері қисапсыз көп, соның жаныңның қоржынына сыйғызу үшін басқа артық нәрсенің бәрін жаныңның қойнауларынан қуып шығу керек. Ізгілік тар, лас, жерде жасалмайды.Жаныңды тазарт , керексіз нәрселерді қоқысқа таста.
89.Өзіңді бағындыр, Луцилий! Енжар бола бастасаң оят, бейбастақтық бар болса – тыйым сал, өзіңнің де өзгенің де сараңдығын қадағалап, түзет. Жеріңнің шекарасын, байлықтың көлемін өсіремін деп қашанғы тырысуға болады?! Бүкіл ел сыйып кететін жердің бір ғана қожайынға керегі не? Араларын бөліп тұрған өзенді, тіптен теңізді де бөліп алуға тырысудың қажеті қанша? Ондаға аралдыр да менікі болсын деу қай ақылға сыйады? Бүкіл имениені, тіпті державаны өз иелігіне алғанның иелігінен тыс тұрған бөлек бәрібір көп болады.
Ал біреу сараңдақ жасаса, бірелер орынсыз шашуға құмар, оларды қайтеміз. Әсем көлдердің жағалауын менің үйім сәндендіріп тұрсын дейтіндер сін – салтанатқа құмарлар неге көп? Соншама көп ұйықтайтын бөлмелер кімге керек? Соның біреуінде ғана жатпай ма адам?
Біреуге бір нірсе айтқанда оны өзің де есітетініңді, жазғанда оны өзің оқуға тиіс екендігіңді ұмытпа?
90. Дүниеге келгендердің барлығы саналы болса, даналық өзінде барды жоғалтып алар еді. Оның ең бағалы жіне биіек болатыны – ол бізді өзі іздеп келмейді, оны ұғынуға әркім өзі барады, біреу арқылы оны ешкім ала алмайды.
Философияның еңбегі біреу ғана – барлық құдайлық және адамдық істерде ақиқатты табу. Әділеттілік, арлылық, ұяттылық онымен дос. Ол бүкіл киелі нәрселерді құрметтеуді және бүкіл адами нәрселерді сүюді үйретті, Құдайлардың қолында билік, адамдардың қолында достастық болуды насихаттады.
Барлық нашарлардың жақсыларға бағынатыны – табиғи іс. Үйірді немесе қотанды үлкені немесе мықтысы басқарады. Адамдарды басқаратын билікшілер үлкен немесе мықты болумен бірге адамдық қасиеттері мол болса игі.
Пасидонийдің: «құйылған темірді ақылмандар жасап шығарады», дегенімен келісе алмаймын. Темір мен мысты ақылдылар емес айлалылар тапқан. Өйткені ондай заттарды табу үшін оны бағалай білу керек.
Ақылманның тамақ табуы жеңіл. Өйткені оған көп нәрсе керексіз.
Бір ақылман қос алақанын біріктіріп бұлақтан су ішіп тұрған баланы көріп қашаннан бері қалтасында алып жүрген шынаяғын лақтырып жіберіпті. Табиғат ешкімге салмақ салмайды, ешкімнен ешқандай ауыр жұмыс талап етпейді. Біз әзірге тап болғанбыз, тойына бастағанда оданда жақсырақ болуын қалап, өзімізді-өзіміз қиындыққа мойынсұндырғанбыз. Сән-салтанатқа құмарлық табиғаттың тепе-теңдігін бұзды, олар алдымен артық нәрсені қалай бастады сонсоң табиғилыққа жат істерге барды, бірте-бірте жанын тәніне құл етті.
Ақылман жалған пікірлерге бағынуға тыйым салды, кейін өкінетін рахатты айыптады, бізді ылғи қуанышқа алып баратын игілікті мадақтады.
Ең бақытты адам – бақытты керек етпейтін адам, өзіне билік ете алатын адам – ең билігі толық адам.
93. ұзақ өмір сүруді емес, ризалықпен өмір сүруді уайымдау керек.
98. бақытқа бағыныштыларды бақытты деме.
Кім керегінен ерте қасірет шексе, сол керегінен көп қасірет шегеді.
Бақыттың сағаымы тобырды еліктіреді.
99. досың қаза болса, сондай досыңның болғанына шүкіршілік ет, сонда қайғың азаяды.
Бақытты да қайғыны да көзге ұрып тұратындай сездіру санасыздық.
101. әрбір күн, әрбір сағат біздің түкке тұрмайтынымызды көрсетіп тұр.
Өмірге құштарлықтан да құтыла жүру керек: ақыры болмай қоймайтын нәрсе болмай қоймайды.
Дүниеден өтер сағатың соққанда қорықпа: ол сенің жаныңның емес, тәніңнің соңғы сағаты.
Табиғат бізді кетерді келген кезіміздегідей тонайды. Әкелгеніңнен көп нәрсе әкете алмайсың, қайта өмірге ала келген нәрсеңнің біразын тастап кетуге тура келеді. Сенің соңғы күнім деп қорқып жүрген күнің – сенің мәңгі өміріңнің туған күні.
103. дауылдың алдында найзағай жарқылдайды, ғимарат құлар алдында қабырғасында жарықтар пайда болады, өрт болғанда алдымен түтін иісін сезесің.
105. адамды басқа біреуді өлтіруге итермелейтін – үміт, қызғаныш, жек көру, қорқыныш, жаны жаратпау.
Ең пайдалысы – қобалжымау және адамдармен аз сөйлесу, өзіңмен көбірек сөйлес.
аза күткен жазаға ұшырайды, ал ол жаза лайықты болса, онда келмей қоймайды. Ұсталмаған айыптының өзі ұсталып қалар ма екенмін деп уайыммен өмірін өткізеді.
107. өмір – дөрекі нәрсе. Сен ұзақ жолға шықтың, демек бір жерде сүрінесің, бір нәрседен таяқ жейсің, құлайсың шаршайсың, сонда «өліп қалсам етті» деп ойлайсың бірақ өзіңді алдап тұрсың, ол ойдан шошисың.
Қыста жаурайсың, жазда – ыстық, теңіздегі тыныштықтан кейін толқындар көтеріледі, кезектесіп желдер соғады, түн күнді алмастырады, мәңгіліктің өзі қарама-қарсылықтардан тұрады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *