
Конфуций даналығы
Ұстаз айтты:
Әкені құрметтейтін, үлкенді қадір тұтатын адам билікшіге сын айтпайды. Билікшіге өшікпеген адам бүліншілікке құмартпайды. Ізгі адам осының түбіріне үңіледі: әңгіме әкеге құрмет пен үлкенді сыйлау адамгершіліктің негізі екенін, бүкіл болашақтың тағдыры осында жатқанын түсіндіруде жатыр.
Ұстаз айтты:
Адалдық пен туралыққа ұмтыл, өзіңе тең көрмеген адаммен достаспа, өз қатеңді түзетуден қорықпа және тартынба.
Ұстаз айтты:
Жетілген кісі деп әділдікті өз пайдасына жеңдірмейтін, қиын кезде өзін қиюға аянбайтын, бірақ ұзақ қиыншылықтың өзі де мойымайтын, уәдесін ұмытпайтын кісіні де айтпаймыз ба?
Ұстаз айтты:
Жасында тәртіпсіз болып, үлкенді тыңдамағандар, үлкейгенде ұрпағына қалдырарлық ештеңе жасамағандар, қартайғанша солай жалғастыра беретіндер қарақшылар.
Ұстаз айтты:
Ескіні ұмытпай, жаңаны игерген адамды ұстаз десе болады.
Ұстаз айтты:
Ой болмаса, оқудың керегі жоқ. Оқусыз ой – қауіпті.
Ұстаз айтты:
Өзгенің айтқанына көзсіз еру зиян келтіреді.
Ұстаз айтты:
Егер адал адамды көтермелеп, арамзаларды басшылықтан аластатсаң, халық бағынады. Егер арамзаны басшы етіп, адал адамдарды аластатсаң, халықты бағындыра алмайсың.
Ұстаз айтты:
Әділеттілікпен іс істейтін жағдайға тап болғанда, бұғып қалғанды қорқақтық дейміз.
Ұстаз айтты:
Адамды сүйе де, жек көре де білетін адамды ғана адамгершілігі мол кісі дейді.
Ұстаз айтты:
Ізгі кісі адамдарға жәрдемді олар бай кезінде емес, кедей кезінде береді.
Ұстаз айтты:
Ізгі кісі үш нәрсені ұстанады:
Құр сыртқы пішін, мінез дөрекілігі мен салдыр-салақтықтан аулақтық;
Бет- пішіннің сенім келтірердей байсалдылығы;
Сөз сөйлегенде жалғандық пен ластықтан қашу.
Ұстаз айтты:
Ғалым кісі табанды әрі тиянақты бомаса болмайды, өйткені оның өзіне артқан жүгі ауыр және жүрер жолы ұзақ. Оның жүгі− адамгершілік, ол ауыр болмай қалай болсын! Ол өз жолын өлгенде ғана аяқтайды, бұдан ұзақ жол бар ма?!
Ұстаз айтты:
Сабырлы адам сирек қателеседі.
Ұстаз айтты:
Мансабым жоқ деп қайғыланба, өмірден өз орнымды таба алмадым ба деп қайғылан.
Ұстаз айтты:
Табиғатынан тәрбиелілігі басым болса, жай адам. Тәрбиелілігі табиғатынан басым болса, ғалым адам.
Табиғаты тәрбиесімен тең түсіп тұрса, нағыз ақылды азамат − сол.
Ұстаз айтты:
Ең алдымен, өзіңді дұрыс ұста, сонда ел сенің артыңнан еш бұйрықсыз ереді. Егер өзіңді дұрыс ұстамасаң, бұйрық берсең де, елің бағынбайды, бет бетімен кетеді. Ел басқарудың мәнісі қалай дегенде ұстаз айтты:
Патша− патша, құл− құл, әке − әке, ұл − ұл болсын.
Ұстаз айтты:
Сөйлесуге тұратын кісімен сөйлеспесеңіз дарындыны жіберіп аласыз, сөйлесуге тұрмайтын адамға сөз айтсаңыз, оған айтқан сөзіңіз босқа кетеді. Ақылды кісі мүмкіндікті жіберіп алмайды, сөзін де босқа шығын қылмайды.
Ұстаз айтты:
Менің орным қайда деп өкінбе, өзіңнің жетілмегендігіңе өкін. Мені білмей қалатын болды деп өкінбе, мен өзгелерді жете білмедім деп өкін.
Ұстаз айтты:
Оқуды сүйетін адам деп өзінің жетілмегендігін күніге ұғатын, үйренген нәрсесін айына бір рет есіне түсіріп тұратын кісіні айтады.
Ұстаз айтты:
Төрт нәрседен бойыңды аулақ сал:
− өнбес ойға берілу;
− үзілді- кесілді болу;
− айтқанынан қайтпайтын қыңырлық;
− жеке басын ғана ойлау.
Ұстаз айтты:
Ізгі кісі парызды ойлайды. Төмен адам пайда ойлайды.
Ізгі кісі өз абыройына сай емес іс туралы ойламайды.
«Жамандыққа жақсылық жасау керек пе?» деп сұрағанға
Ұстаз айтты: Онда жақсылықтың төлемі қандай? Жамандыққа әділдігіне қарай төлем жаса, жақсылыққа жақсылық жаса.
Ұстаз айтты:
Білімді кісі тоқ және жайлы өмір көксемейді.