Өзін-өзі тану пәнін және оның зерттейтін салаларын толық түсіну үшін ең алдымен негізгі өзін-өзі тану ұғымдарын қарастырайық: Өзін-өзі тану пәнінің болмыс ұғымдарына тәрбие, үйрету, оқыту жатады. Ұғымдар — объективтік құбылыстарды, қасиеттерді және қатынастарды бейнелейтін ойлау формасы. Өзін-өзі тану арқылы тұлғаның өзіндік дамуына, білімдік және танымдық әрекеттеріне ықпал ету, өзара адамгершілік құндылықтары мен өзіндік бағдарын таңдауға мүмкіндік жасалу идеялары алынатындығы белгілі болды. Өзін-өзі тану ұғымдары: Елімізде 2002 жылы шыққан «Педагогика және психология» саласының түсіндірме сөздігінде «Өзін-өзі тану» ұғымына төмендегідей түсінік берілген: «Өзін-өзі тану» — өзін-өзі бағалау секілді интероспекциядан маңызды өзекшелігі бар /өзін-өзі бақылау әдісі секілді, психиканы субъективтілік тұрғыдан танып білу/: 1/ интроспекцияның әдеттегі актілеріне қарағанда бұл процестер әлдеқайда күрделі және ұзағырақ, жинақталған және өңделген өзін-өзі бақылау мәліметтері бұларға тек бастапқы материал ретінде ғана енеді; 2/ адам өзі жайлы мәліметтерді өзін-өзі бақылау арқылы ғана емес, сондай-ақ сыртқы бастау-көздер — өз әрекеттерінің объективті нәтижелері, өзге адамдармен қарым- қатынасы арқылы да алады». Өзін-өзі тану ұғымдары арқылы адамның ішкі дүние танымындағы құбылыстарды, олардың өзара байланысын көреміз. Өзін-өзі тануда «өзін-өзі тану», «өзін-өзі өзектілеу», «өзін-өзі жетілдіру», «өзін-өзі тәрбиелеу» «өзін-өзі басқару», «даму» және «қалыптасу» «саналы пайымдау», «өзінді талдау» сияқты ұғымдар да кездеседі. Педагогика ұғымдарының бірі — өзін-өзі тәрбиелеу. Өзін-өзі тәрбиелеу — жеке тұлға болып қалыптасудың негізгі маңызды бөлігі. Оның нәтижесі қоғамдық талаптарға адамның өзіндік жауап қайтаруы, яғни реакциясы арқылы көрінеді. Өзін-өзі тәрбиелеу — ол моральдық және этикалық нормалардың қалыптасуы және олардың әдетке айналуы. Өзін-өзі тәрбиелеу — адамды дамытуға арналған тәрбие үрдісі. Кез-келген тәрбие жүйесінде адам өзін әлеуметтік тұлға ретінде сезініп, қоғаммен және табиғатпен біртұтас тіршілік етеді. Өзін-өзі тәрбиелемей жеке тұлға қалыптаспайды. Өзін-өзі тәрбиелеу барысында адам өз білімін дамытады. Өздігінен білім алу — мәдени мұраны игерудің өзіндік жүйесін жасау, өзін дамытушы жүйе құру. Өздігінен білім алу білімді дамытушы қозғаушы күш болып табылады. Өздігінен оқу- адамзат тәжірибесін өзінің ынтасымен, өзі таңдаған әдіспен игеру үрдісі. Осы өздігінен білім, тәрбие алу, оқу адамның ішкі жан-дүниесінің қажеттілігінен туындап, өздігінен дамуға өзін-өзі жетілдіруге тұлғаны бағыттайды. Өзін-өзі оқытуды оқу орындарының оқу бағдарламасы мен оқу жоспарынан тыс қоғамдық және өзіндік қажеттіліктер негізінде жүйелі және белгілі бір мақсатқа құрылған жеке тұлғаның танымдық іс-әрекеті деп тануға болады. Өзін-өзі оқыту — жалпы және кәсіби білімнің үздіксіз жалғасы, өйткені білімнің жан-жақты болып кеңеюіне және адамның рухани баюының жетілуіне септігін тигізеді. Сонымен қатар интеллектуальдық арсеналының үнемі жаңалануына, кәсіби шеберлігінің шыңдалуына әсер етеді. Өзін-өзі тануды өзін-өзі тәрбиелеуден ажыратып қарауға болмайды. Ол педагогиканың негізігі бөлігі ретінде қарастырылады және ол берілген тәрбиенің қорытындысы. Ол жалпы жеке тұлғаның рухани даму үрдісінде де байқалады. Өзін-өзі тану түсінігінен жалпы мәдени дамуды да бөліп қарастырмаймыз. Өзін-өзі оқыту мәселесінде теориялық материалдарға анализ жасау және өзін-өзі тәрбиелеу барысында анықталғаны жоғары курс студенттерінің көбінесе өзін- өзі басқару тәртібі сәйкес келсе, ал қалған пайызы өз-өзімен жалпы жүйесіз жұмыс жасайды. Сонымен бірге өз-өзімен жүйелі жұмыс жасау қатары университет ішіндегі студенттердің бойында күннен күнге сиреп барады. Оның себебі, студенттер өзін-өзі басқару үрдісіне даярланғанымен, оның әдіс-тәсілдері үйретілмейді. Егер мұғалім мектеп оқушыларының өзін-өзі тәрбиелеуіне басшылық жасауда қиындықтар сезінсе, онда оның өзі де өзін-өзі дамытуды дұрыс біле бермейді. Мұның себебі, педагогикалық курстарда өзін- өзі тәрбиелеу мәселесі бойынша дәріс өте аз оқылады, ал практикалық-тәжірибелік сабақтар дұрыс жүргізілмейді. Осы тұрғыдан студенттердің өзіне өзін-өзі тәрбиелеу мен өзін-өзі тануға қатысты тәжірибе аз екенін ескерген жөн. Тәрбие — қоғамның негізгі жеке адамды мақсатты жүйелі қалыптастыру принципі болып табылады. Тәрбие жайында осы уақытқа дейін әр түрлі теориялар мен пікірлер айтылып келеді. Тәрбиені ересек адамдардың балаларға ықпал жасауы деп түсіңдірушілерде бар. Бұл жағдайда бала пассивті обьект түріңде қарастырылады. Ол субъекті бола алмайды, яғни, өздігінен ойланып, белсенді іс — әрекет жасау рөлін атқармайды. Студенттердің өзін-өзі тану және өздігінен оқу, өзін-өзі тәрбиелеуді қалыптастыру өзінің жеке даму жолында пайдалану үшін мыналарды білуі қажет: 1) Осы үрдісті басқару принциптерін; 2) Оның негізгі салаларын; 3) Өзін-өзі тану мен өзін-өзі тәрбиелеудің әдістері мен тәсілдерін. Студенттерді өз таңдаған жолында даярлауда өзін-өзі оқыту мен өзін-өзі тәрбиелеу, оқытудың ролі мен мәнін студенттерге жеткізу; ақпараттандыру (педагогикалық-психологиялық білім беру); Оларды өзін-өзі жетілдіруде бағытталған іскерлікпен және дағдымен қаруландыру; өзін-өзі тану мен тәрбиелеудің жолдарын қалыптастыру; студенттердің өзін-өзі тану мен тәрбиелеу барысындағы жұмыстарын ынталандыру, қанағаттандыру.