1. Философиялық көзқарастар тарихындағы тұлғаның өзін-өзі тануының негіздерін Хилон мен Фалес аузынан шыққан дана сөз немесе даналық формуласы “өзіңді-өзің таны” ұғымы ретінде Сократқа дейін пайда болды. Ең алғаш Греция тарихында теориялық ойлаудың жаңа кезеңінде адам проблемасы, философия проблемасын өзін-өзі тану арқылы түсінуге болатындығына көз жеткізілді. Кейін бұл идея кімде-кім өзін -өзі тани білсе ол өзінің не істей алатынын және не істей алмайтынын түсіне біледі. Соның нәтижесінде бақытты өмір сүре отыра өзін қанағаттандыра алады, білмейтін нәрсесінен аулақ болып, өмірде қателікке бой алдырмай бақытсыздықтан айналып өте алады. Осы артықшылығының арқасында біреудің құндылығын көре алады және оны өз қажеттілігіне қолдана алады” — деп, Сократ еңбектерінде өз жалғасын тапты.
Өзін-өзі тану философиялық тұрғыда — бүкіл дүниені ойлау, оның шығу тегін білуге ұмтылу, адамның дүниедегі орнына үңілу, адамның ішкі дүниесінің сырын ашу, табиғат пен қоғамның негізгі заңдарын танып білу, адам өмірінің мәнін айқындау т.с.с. жүйе ретінде қарастырылады. Бұдан шығатын қорытынды сол кездегі көзқарастарға тоқтала келе, өзін-өзі тану көзқарастарын зерделей отырып, олардың адамның ішкі дүниесі мен сыртқы дүниенің бірлігі үндестік тапқанда ғана табиғат пен қоғамның талабына сай тұлғаның қалыптасуына көз жеткізуге болады. Өзін-өзі тану арқылы тұлғаның өзіндік дамуына, білімдік және танымдық әрекеттеріне ықпал ету, өзара адамгершілік құндылықтары мен өзіндік бағдарын таңдауға мүмкіндік жасалу идеялары алынатындығы белгілі болды.
Аристотель: “Адам өмірінің мақсаты бойындағы рахымшылдық сапаларын дамытса, онда ол мейірімділік мінез танытады”-деп, рақымшылдығы басым адам өзін үнемі дұрыс ұстай білетіндігін, ол табиғатынан мейірімді, сондықтан да өзін адамгершілікке бейім ұстайтындығын сипаттайды.
Әбунасыр әл-Фараби өзінің философиялық трактатында ақыл, қайрат, жүрек жайлы егжей-тегжейлі түсінік бере келіп: “Жүрек — басты мүше, мұны тәннің ешқандай мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ үстемдігі біріншісі емес”, -дей келе өзінің әлеуметтік, рухани құндылықтарының негізіне адамның ішкі сана сезімінің даму ерекшеліктерін алады. “Тек қана өзіндік еркін әрекеттене алатын белсенді пенде қоғамдық пайдалы қызметімен жеке бақытын жасай алады- деп, … “бір халық екінші халықтан табиғи үш қасиетімен ерекшеленеді: болмысы, мінезі және тілі”. Ғұлама ғалым әртүлі халықтың музыкасын, мәдениетін, тілін, әдетін, болмысын, мінезін зерттегенде рухани құндылықтарға зор мән бере отырып адам бойындағы осы қасиеттердің дамуына ерекше көңіл қояды. Себебі адамның бойындағы ізгілігі, қайырымдылығы, мейірімділігі ол оның бойындағы өнері мен мәдениетінің дауына тікелей байланысты. Адам мінезге бай, болмысы биік, тілі құдіретті болатын болса оның рухани-адамгершілік даму сатысы өте жоғары болатындығын дәлелдейді.
2. Ғылым — білім негіздері, негізгі принциптер мен жалпы заңдылықтарды қорытып шығаруға жұмылдырылған зерттеулер не пәндер саласы. Ғылым табиғат, қоғам, ой жүйесі туралы жаңа білімдерді жасауға бағытталады.
Ғылыми зерттеу — жаңа біліммен қаруландыру процесі, оқыту, тәрбиелеу, дамытудың обьективті заңдылықтарын ашуға бағытталған танымдық іс-әрекеттің түрі. Ғылыми зерттеудің үш деңгейі сараланады: эмпирикалық — ғылымда жаңа фактілер белгіленеді, теориялық — бұрын ашылған фактілерді түсіндіруге және олардың дамуын болжауға мүмкіндік беретін негізгі, жалпы заңдылықтар ұсынылып қалыптастырылады; әдістемелік-тәжірибелік зерттеулер негізінде құбылыстарды зерттеудің жалпы қағидалары мен әдістері, теория құрылымы қалыптасады.
Өзін-өзі тану ғылымның объектісі — білім беру, тәрбиелеу.
Білім беруді тек өзін-өзі тану пәні ғана емес, сонымен қатар философия, педагогика, әлеуметтану, психология, экономика және т.б. зерттейді. Мысалы, экономист жұмысшылардың шынайы мүмкіншілік деңгейін зерттей отырып, оларды дайындауға қажетті шығынды есептейді. Әлеуметтанушы білім беру жүйесінің адамды әлеуметтік ортаға бейімделуге, ғылыми-техникалық прогрестің дамуына көмектесуге дайындайтынын білгісі келсе, философ білім берудің жалпы өмірдегі мақсаты, орны жайындағы мәселелерді қарастырады. Психолог білім берудің психологиялық жақтарын зерттейді. Саясаттанушы мемлекеттік білім саясатының тиімділігін анықтауға бағытталады.
Бұл ғылымдардың білім беру де, зерттеуде тигізер көмегі өте зор болғанмен, олардың біреуі де адамның өзін-өзі адами тұрғыдан тануы мен ішкі дүниесінің ізгілік бағытта тәрбиеленіп қалыптасу қырларын, осы қарым-қатынасқа түсу процестерімен байланысты білім берудің мәндік аспектілерін қарастырмайды. Осы аспектілерді зерттеу білім берудің белгілі саласы-пәні ретінде танылады.
Өзін-өзі тану пәні — жалпы білім беру мектептерінде, институттарда, университетте (жанұяда, білім беру, мәдени, тәрбиелеу орталықтары) ұйымдастырылатын педагогикалық процесс.
Осы мағынада, өзін-өзі тану -адамның өзін-өзі тануының факторы және құралы болып табылатын педагогикалық процестің мәнін, заңдылықтарын, дамуын зерттейтін ғылым.