1. Тұлғаның өзін-өзі тануы мен өзін -өзі түсінуі терминологиялық статусқа Е.М. Боброваның, Н.И. Кузьминнің, Ю.Н.Кулюткиннің, В.Н. Козиевтің, С.В. Васильковскаяның, Л.М. Митинаның, А.К. Маркованың, В.А. Якуниннің еңбектерінде ие болды.
Мысалы, Е.М. Боброва өзін-өзі түсінуді, яғни студенттің болашақ педагогикалық қабілет дағдыларды игеру деңгейін тұлғаның өз бойында бар білім мен тәжірибені педагогикалық үрдісте мақсаттарына жету үшін пайдаланады деп түсіндіреді.
В.Н. Козиев болашақ педагог тұлғасының өзін-өзі түсінуін ол тұлға өзін ұғына отырып, өз ісін белгілі бір жүйеге бағыттап отырады деп қарастырады. Бұл іс-әрекетінің арқасында студент тұлғасының бойында белсенді түрде өзіндік жетілу, өз бойында саналы түрде жеке тұлғаның маңызды қасиеттері мен өз шеберлігін қалыптастыру процесі жүреді.
Ю.Н. Кулюткин өзін-өзі түсіну-қол жеткен жетістіктерді бағалау, өзіндік өсіп-жетілу бағыттарын жоспарлап, оларды жүзеге асыру жолындағы іс-әрекеті деп көрсетеді. Бүгінгі студент болашақта өз бойында қандай рухани-адамгершілік қадір-қасиеттерді тәрбиелеп дамыту қажеттігін, екінші жағынан ол қасиеттердің өз бойында қаншалықты өсіп жетілгенін білгенде ғана ол аталмыш қабілеттерді қалыптастыру мен дамытуға саналы түрде ұмтылуы мүмкін. Тек тұлға өзінің психологиялық ерекшеліктерін танып-біліп, оларды өз даму жолымен салыстырып, сәйкестендіре алған жағдайда ғана оның бойында қажетті адамгершілік қадір-қасиеттер мен дағдыларды тәрбиелеу мен жетілдіруге бағытталған белсенділік туындайды. Ұсынылған анықтамалардың көрсеткеніндей, көптеген зерттеуші — ғалымдар өзін-өзі түсінуді өзін-өзі тану, өз бойындағы ерекшеліктерді пайымдап, оларды нақты іс-әрекет саласының талаптарымен сәйкестендіру үрдісі ретінде қарастырады.
Е.М. Боброва студенттердің өзін-өзі түсінуінің мазмұндық жағына көп көңіл бөледі. Ол бұл аспектіні студенттердің оқыту үрдісінде қалыптастыратын дағдылардың үш тобына жіктейді: жалпы педагогтық дағды, арнаулы және тұлғалық дағдылар.
Л.М. Митинаның пікірінше, студенттің өз мамандығында өзін-өзі түсіну деңгейінің төмен болуы оның тек жекелеген қасиеттер мен қабілеттерді түсінуінен туындайды. Өзін-өзі түсінудің жоғарғы деңгейіне қол жеткізген студенттердің ұғымындағы “Меннің” біртұтас бейнесі оның құндылық бағытының жалпы жүйесіне кіреді. Бұл бағыт оның өз дамуы мен алға қойылған мақсаттарына жетуде басты негіз болады.
Егер бұдан ертеректе болашақ педагог шеберлігінің критериі ретінде оның, негізінен, арнаулы әдістемелік және педагогикалық саладағы білімі мен дағдылары қарастырылса, соңғы кезде зерттеуші ғалымдар болашақ педагог тұлғасының психологиялық қасиеттеріне баса көңіл аударады, әсіресе тұлғаның қайталанбас бітім болмысы мен тұлғаның өзін-өзі қабылдап ұғынуын сараптауға мүмкіндік беретін перцевтивтік-рефлексиялық қабілеттеріне ерекше мән береді.
Н.В. Кухарев еңбетерінде шебер педагог жұмысын қатаң қадағалау олардың өз тәрбиеленушісінің жеке тұлғасына айрықша нәзік сезімталдықпен қарайтындығын көрсетті. Тұлғаның мұндай сезімталдығы олардың жоғары байқағыштығы мен көрегендігінің жемісі. Бұл қабілет олардың болашақ педагог жолындағы шығармашылық табысының алғы шарты. Олай болса, бүгінгі студенттің өзін-өзі үнемі танып, қадағалап отырып, олардың бойында қырағылық, жоғары сезімталдық, соның арқасында жаманнан жиреніп, жақсыға ұмтылысы жоғарлайтыны сөзсіз.
А.К. Маркованың пайымдауынша, бұл қабілеттер — қайтадан қалпына келмейтін қабілеттер. Тұлға бойындағы олардың мардымсыздығы немесе мүлде дамымағандығы оның жеке бітімінің жағымсыз жаққа өзгеруіне әкеліп соғады.
Н.В. Кузьминаның зерттеу еңбегінде шеберліктің жоғары деңгейін меңгерген студент үздіксіз өзін-өзі тану процесіне жететіндігін көрсетті. Бұл үрдіс тәжірибенің өзге адамдар мен өзін- өзі танудың барлық компоненттерінің бір-бірімен үйлесе ұштасуына негізделген. Оларға өзін-өзі әділ бағалау, өзінің жеке тұлғасының жетістіктері мен сәтсіздіктерінің себептерін түсіне білу, өз іс- әрекетінің нәтижелерін пайымдай және сараптай білу, өз іс-әрекеті мен өзге іс-әрекеттерін салыстыру қасиеттері тән. Жоғары деңгейдегі студент тұлғасы өз мүмкіндіктерін әділ бағалай білудің арқасында өзінің іс-әрекеттерін тиімді қадағалайды, оқу-тәрбиелік мәселелерді шешуде жоғары деңгейге қол жеткізеді, жеке тұлғаның бойында рухани-адамгершілік құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады. Перцептивтік-рефлексиялық, диагностикалық және алдын-ала анықтау дағдылары студент тұлғасының кейбір психологиялық қасиеттерімен тығыз байланысты.
Г.М. Метельскийдің зерттеу еңбегінде студенттің жоғарыда аталған дағдылары мен оның санасының сынилығы, өзіне талап қоюы, оның өзін-өзі бағалауының әділдігі, өз уақытын ұйымдастыра білуі, өз мінез-құлқын және дағдыларын тәрбиелеу жүйесін жобалауға көмектеседі, яғни рефлексиялық міндеттерді тиімді орындай білу студент тұлғасында рухани-адамгершілік құндылықтарының табысты жетілуіне жетелейді.
Қазіргі кезге дейін тұлғаның өзін-өзі түсінуін зерттеу еңбектері негізінен теориялық негіздері терең сарапталмаған. Бұл жөнінде шектеулі мәселелер қарастырылады. Олар өзін-өзі түсінудің деңгейлері мен бірліктері секілді мәселелерге бағытталады.
Тұлғаның өзін-өзі түсінуінің құрылымын теориялық сараптау оның үш құрама бөлімнен /когнетивтік, аффективтік және мінез- құлықтық компоненттер/ тұратын өзін-өзі толықтырушы бірлік екендігін көрсетті. /Л.М. Митина, А.К. Маркова/.
Когнитивтік құрылымдық бөлімнің ішіне тұлғаның өзін педагогикалық саладағы тұлғааралық қарым-қатынастар жүйесіндегі және өзінің тұлғалық даму жүйесіндегі өзін-өзі түйсінуі /сезінуі/ кіреді. Біртіндеп, жекелеген педагогикалық ситуациялардағы өз бітімі туралы ұғым — түсінігі негізінде, әріптестерінің пікірі негізінде тұлғаның бойында тұрақты “Мені” қалыптасады. Ол тұлғаға өз-өзіне деген сенімділік туғызады немесе керісінше, ол сенімді яки мүлде жояды. “Мен”- негізінде тұлға өзіне қатысты құбылыстарға баға береді.