1 .Психология
2 .Этнопсихология
Бүгінгі халық ұстанатын тәлім-тәрбиелік нормаларды жан жүйесі тұрғысынан баяндау – барлық адамзатқа ортақ халықтық психологияның зерттеу нысанасы болып табылады.
Мұнда ғасырлар бойы сұрыптала жинақталып, жүйеге түскен ұлттық дәстүр, салт-сана, әдет-ғұрып, ұрпақтан-ұрпаққа біртіндеп жалғасатын адамгершілік, ақыл-ой, эстетикалық, еңбек, дене т.б. тәрбие түрлеріне қатысты таптаурынды нормалар мен принциптер, яғни белгілі бір этностың мінез-құлқы, іс-әрекетінің ішкі астарлары сөз болады. Халықтық психолгия – психика мен мінез-құлықтың қанға «сіңген» тез өзгеріп, не жоғалып кетпейтін ұлттық бітісі, мезгіл мөлшерімен алғанда ұзақ дәуірдің жемісі. Халықтық психология – адамдардың қоғамдық және жеке тәжірибесінен, өмірдегі пайымдауларынан туындайтын қарапайым психолгиялық білімдерінің жүйесі. Бұл – адам мінез-құлқының көптеген жақтарын қамтып, белгілі этностың өзіне тән психикасы жөнінде біршама мәнді мағлұматтар беретін ілім – білімдердің жүйесі. Әйтсе де, бұлар арнайы ғылыми жүйеге негізделмегендіктен, жеке тұлғамен этнос психолгиясын ажыратуға жөнді қарай бермейді. Мұндай жағдайда біз тек ғылыми психологияның деректеріне ғана сүйенеміз. Халықтық психологияның теориялық мәселелерін зерттеумен этнографиямен астарласа дамыған этнопсихология атты ғылыми саласы шұғылданады.
Этнопсихология – әрбір халықтың рухани әрекетін (миф, фольклор, тіл, дәстүр, салт, әдет-ғұрып, діл, дін, т.б.), жемісін сол халықтың психологиясын, сана-сезімін көрсететін негізгі өлшемдер деп есептейді. Этнопсихология жеке ғылым ретінде ХІХ ғасырдың орта шенінінде Ресейде, кейінірек батыс Еуропа елдерінде (Лацарус, Штейнталь, Вундт, т.б.) пайда болды. Қазақ топырағында бұл мәселемен көбірек айналысқан Шоқан Уәлиханов еді. Оның еңбектерінде «халық рухы» дейтін ұғым жиі кездеседі. Мұны «халықтық психология» ұғымының синонимі деуге болады. Бұдан біртуар ғұлама – ғалымның еуропалық этнопсихологтардың еңбектерінен біршама хабардар болғаны байқалады. Этнопсихология зерттейтін проблемалар (этностереотип, этноцентризм, ұлттық тұрпат, халық рухы, ұлттық намыс, ұлттық сана, дәстүр, салт, т.б.) сан алуан.
Қазақтың ұлттық мінез-бітістері, олардың кейбір ерекшеліктері
Бұл – өте күрделі, әлде де толық зерттеліп, шешімін таппай келе жатқан мәселе. Осы жайтты жақсы аңғарған Н.Назарбаев былай дейді: «Менің ойымша, қазақтардың қайталанбас этикалық, психологиялық әлемі жете зерттелмей, зерделенбей жатқан тылсым дүние».
Ғасырлар бойы көшіп-қонып жүрген халық өзі өмір сүрген ортаның әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, мәдениеті мен тарихына, табиғатына орайлас жас буынға тәлім-тәрбие берудің айрықша талап-тілектерін дүниеге әкелді. Мәселен, бұлар жас адамның жұртқа танымал моральдық-психологиялық нормасын «сегіз қырлы, бір сырлы» делінетін қанатты нақыл сөздермен қисындады. Осынау аталы сөздің мән-мағынасы мыналар еді: көшпелі мал шаруашылығын жете игеру; еңбек сүйгіштікпен қиыншылыққа төзе білу; ел намысын қорғау; жаудан беті қайтпау; ата-тегін жадында сақтау; сөз асылын қастерлеу; тапқырлық пен алғырлық, ат құлағында ойнау; ата салтын бұзбау (жасы үлкенді сыйлау, құдайы қонақтың меселін қайтармау, көрші хақын жемеу, т.б.).
Көшпелі өмір тіршілігі қара күшке мығым, қиыншылыққа төзімді, құбылмалы табиғат жағдайына тез икемделгіш болумен бірге, жан-жүйесі жағынан да жан-жақты жетілген кемел адамдарды қалыптастырады. Үйде де, түзде де бала ес білгеннен бастап із кесіп, жол қарап, жұлдыз санап өсті. Олардың көзі қырағы, құлағы сақ, қияндағыны шалатын болды. Аң аулап, мал бағып, күнделікті күйбең тіршілікпен жүрсе де жас өскін ақынның сөзін, жыраудың жырын, әншінің әні мен әуенін қалт жібермей тыңдап, ел аузындағы ұғымды мақал мен мәтелді, ертек пен жұмбақты, терме мен шежірені жадында сақтап, халық даналығын өзіне рухани азық етіп отырды. Әрдайым көшіп-қонуға дайын отырған қазақтар үшін аң-құс аулау, мал күзету, жау түсіру – тұрмыстың дағдылы машығына айналды. Әрбір көшенді әрі жауынгер, әрі малшы, әрі жауынгер болып табылатын кейіннен мақал болып кеткен «Өнерді үйрен де, жирен», «Жігітке жетпіс өнер де аз», «Шебердің қолы ортақ», «Жауда жүрсе ат ойнатқан батырым» сияқты бес аспап адамның психологиясы жайлы қанатты сөздер біздің заманымызға дейін жетті. Көшпелі қауым бірін-бірі жақсы білді, әр адамның қадыр-қасиеті, оның жасына, жол-жоралғысына, әлеуметтік ортадан алатын орнына қарай белгіленіп отырды. Мұндай қауымдастық адамаралық қатынастарды қаршадайынан көріп өскен бала да өсе, ер жете келе ортақ мүдделілікті, көзқарас сәйкестігін, кісілік белгісін түсініп, жеке бастың өзіне бұра тартуына мүмкіндік бермеді. Психологиялық тұрғыдан «бірауызды» болып қауымдасқан жандар үнемі өздерінің рулық одағына етене сіңіскен салттар мен дәстүрлерді ұстанды. Осыған орай көшпелі тұрмыс тәліміне лайықталған бата беру, ант ішіп ақталу, айтысқа, дау-дамайға төрелік айту сияқты этностық таптаурындар (стереотип) кең өріс алды. Әрине осы топтық санамен бірге әркімнің жеке басының әлеуметтік және биосфералық факторларға орайлас жеке-дара, жас, жыныс ерекшеліктерінің де болатындығы еске алынды. Мәселен, көшпелі халық қыз баланы ерекше қадырлеп, қастерлеп, әлпештеді. Оны әдемілік пен әдептіліктің, сұлулық пен іңкәрліліктің символы деп, ал мінезі жайсаң, әдепті жігітті «қыз мінезді жігіт екен» дейтін болды.
Қоғам өмірінде қазіргі кезде жүріп жатқан терең саяси-экономикалық өзгерістер халқымыздың баға жетпес рухани байлықтары: тілі мен ділі, діні мен тарихы, өнері мен әдебиеті, табиғи ортасы, күн көрісі мен шаруашылығына (қолөнері, киім-кешегі, ою-өрнегі, әуез аспаптары, үй жиһазы, т.б .) байланысты небір асылдарды, қысқасы ұлттың бүкіл болмыс-бітімін жаңартып, жаңа мазмұнмен байытуда. Әрине еліміз бен жеріміздің түпкілікті иегері – қазіргі қазақтардың психологиясында осы этносқа ғана тән біртұтас ұлттық ерекшелік бар деп айту өте қиын, өйткені, қазақ этаосының қазіргі бүкіл тыныс-тіршілігінде, отбасындағы әдет-ғұрпы мен салт-дәстүр, жөн-жоралғысы кең байтақ өлкемізді біраздан бері мекен етіп келе жатқан басқа этностар мінездерінің элементтері де көрініс беріп жүр. Десе де бәз біреулер айтып жүргендей, біз жылқы мінезділіктен айырылған, «қой мінезді» момын жуас, намысы жаншылған халық емеспіз.
Жеріміздің ұланғайыр кеңдігімен, мұндағы табиғат сұлулығының әсерінен ғасырлар бойы қалыптасқан дархан, жомарттық адамға деген мейрімділік пен өнерпаздық, қазақ биосферасының өзіндік ерекшелігнен туындаған асқан қонақжайлылық, жойқын соғыс пен қуғын-сүргінге ұшырау салдарынан тірнектеп жинаған рухани мұраны өсер ұрпаққа жеткізу ниетінен қалыптасқан балажандық, үнемі мал шаруашылығымен айналысудан қанымызға сіңген малжандылық, ешуақытта басқа жұрттың жеріне көз алартпаған бейбітшілік саясат, өзі тиген дұшпанның қабырғасын қақсатқан көзсіз батырлық, «мың өліп, мың тірілген» кездердегі керемет шыдамдылық пен барға қанағатшылдық – біздің ұлттық мінезіміздің жоталы бітістері, халқымыздың ұлттық мақтанышы.
Психология ғылымына тікелей қатысты болғанымен, адамның жан дүниесі жөніндегі пайымдаулар мен ой – пікірлер Қазақстанда өте ерте кездерден бастау алып, XV-XIX ғасырлардағы қазақ халқы ғұламаларының , ағартушы-демократтарының туындыларында айтарлықтай көрініс берді. Ал одан бұрынғы дәуірлерде ақын-жыраулардың өлең-толғауларында,билердің шешендік сөздері мен халықтық нақылдарда, ел намысын найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған батырлардың отаншылдық істерінде адам жан дүниесінің жұмбақтарына терең бойлап, болашақ ұрпаққа тағылым берердей мол рухани қазына жатқандығы қазіргі кезде әр тарауы зерттеліп, белгілі жүйеге келтірілуде.
Аса көрнекті ғалым Шоқан Уәлиханов шығармаларында халықтың рухы , оның таным-наным түсініктерімен тығыз ұштастырылады.Ыбырай Алтынсарин еңбектері этникалық және балалар психологиясының қыр-сырына толы деуге болады. Сондай-ақ, Абай туындылары да туған халқының жан дүниесіне тән қарапайым сезімнен бастап кемеңгерлік ақыл-ой шыңына дейінгі мәселелерді егжей-тегжейлі қамтиды. Ал Сұлтанмахмұт Торайғыров жан мен тән ылғи да бірлікте, байланысты болады деген орынды сөз қалдырып, «Дене азыққа тоюдан жан ержетер, жан ержетіп, дүниенің сырын табар» дейді. Ол адамның тәнімен бірге оның жанын да, өмір де жоқ, яғни бір сөзбен айтқанда, тәннен бөлінген жанда еш уақытта өмір болмайды деген реалистік қорытынды жасады. Осы бағыттағы психологияялық ой-толғаулар мен пайымдау-түсініктер Шәкәрім Құдайбердіұлы мен өзге де ағартушы-демократтарда, ақын- жырауларда көп кездеседі.
Кеңестік кезеңде де Қазақстандағы психология ғылымының өрісі кеңейіп, оның аясы халыққа білім беру, тәлім-тәрбие істерінің мақсат-міндеттерімен сабақтасты. Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» оқулығы мен «Жан жүйесі және өнет таңдау» деген туындысы – психология пәні бойынша таза ана тілімізде жазылған бірден-бір алғашқы еңбек. 1920 – 1930 жылдары Ахмет Байтұрсынов ,Мағжан Жұмабаев , Міржақып Дулатовтардың оқу-ағарту, тәлім-тәрбие істерімен өзара ұштастырылған ұлттық сипаттағы психологиялық ой-пікірге толы терең мәнді еңбектер жазғаны мәлім. Сонымен қатар, С.Балаубаев, Е.Тәжібаев, М.Мұқанов, А.Темірбеков, Ә.Ситдықов, Е.Суфиев тәрізді психолог мамандарының ғылыми зерттеулер жүргізген мәселелері, тақырыптары сан алуан. Қорыта айтқанда, Қазақстандағы психология ғылыми зерттеулер жүргізген мәселелері, тақырыптары салаларға тарамдалып, қанатын кеңінен жайып өркендеп келе жатқан ғылыми пәндер қатарына жатады.
Әдебиеттер:
- Селье Г. От мечты к открытию. М. 1987.
2.Феофраст. Психология личности. М.1982
3.Люблинская А.А. Мұғалімге бастауыш мектеп оқушысының психологиясы жөнінде. А.,1981 ж.
4.Немов Р.С. Психология в 3-х книгах. Кн.1. Психология образования. М. Владос,1998 ж.
5.Столяренко Л.Д. Основы психологии. –Ростов-на-Дону, 1996.
- 6. Джемс У. Многообразие религиозного опыта. М. 1992.
7.Гамезо М.И., Домашенко И.А. Атлас по психологии. – М., 1996.