- Шаруаларды Қазақстан аумағына жаппай қоныс аударту себептерi. Егер ХIХ ғасырдың ортасына дейiн Қазақстанға көбiнесе Ресейден әскери топ пен казактар ғана қоныс аударып келсе, ғасырдың екiншi жартысы- нан бастап жағдай түбегейлi өзгердi. Ресей шаруала- рын қазақ даласына бұрын-соңды болып көрмеген кең көлемде жаппай қоныс аударту iсi мемлекеттiк тұрғыда қолға алынды.
Мұның бiрқатар себептерi болды. Бiрiншiден, 1861 жылы Ресейде ша- руаларды крепостниктік, яғни басыбайлы езгiде ұстау жойылды. Шаруа- лар басыбайлы тәуелдiлiктен құтылды. Бiрақ олар жерсiз қалды немесе ұлтарақтай шағын жерге ғана ие болды. Мұның өзi шаруалардың толқуын туғызды. Патша үкiметi шаруалар бүлiншiлiгiнiң өрши түсуiн болдырмау үшiн оларды Қазақстан мен Сiбiр аумағына жаппай қоныс аударту шарала- рын ұйымдастыру жөнiнде шешiм қабылдады. Екiншiден, Ресей империя- сы қоныс аударушы шаруалар есебiнен қазақ өлкесiнiң аумағында өзiнiң сенiмдi тiрегiн қалыптастыруды мақсат еттi. Үшiншiден, патша үкiметi орыс шаруаларын жаппай қоныс аударту арқылы қазақтарды егiншiлiкпен айналысатын отырықшы өмiр салтына көшiрудi ойлады. Өйткенi ондай жағдайда қыруар көп жер босап қалып, жергiлiктi халықты қатаң бақылауда ұстаудың тамаша мүмкiндiгi туар едi. Төртiншiден, патша үкiметiнiң жергiлiктi халықты христиан дiнiне енгiзу және орыстандыру жөнiнде арам пиғылы да болатын. Бесiншiден, қоныс аударушы шаруалар Қазақстанды орыс империясының сарқылмас мол астығы бар алып қоймасына айналдыруы тиiс деп үмiттендi. Өлкенi казактар арқылы отарлау экономикалық тұрғыдан ойдағы- дай оңды нәтиже бермедi. Казактар өлкедегi әскери гарнизондар мен шенеунiктер тобының өзiн де азық-түлiкпен жартымды қамтамасыз ете алған жоқ. Оның үстiне, Ресейдiң ол жақта қалған жерсiз шаруаларын жаңа жерде емiн-еркiн тамаша өмiр сүруге болады екен деген хабарлар мен хаттар елiктiре елеңдеттi. Мұның өзi орыс шаруаларын одан сайын жаппай қоныс аударуға қызықтыра түстi.
- Шаруалардың жаппай қоныс аудара бастауы. 1866 жылы Батыс Сiбiр Бас басқармасы шаруалардың Қазақстан аумағына өз беттерiнше қоныс аударуына рұқсат еттi. Алғашқы қоныс аударушылар Сiбiрдiң әртүрлi қалаларындағы мещандар және Тобыл губерниясындағы Қорған және Есiл округтерiндегi шаруалар болды. Олар Көкшетау округiнiң аумағындағы Саумалкөл деген жерге келiп орналасты. Қоныс аударушылардың бiр бөлiгi казак станицаларына жайғасты.
Қазақстанға қоныс аударғысы келген орыс шаруалары әдетте ең ал- дымен жер көрiп қайтушыларды (ходоктарды) жiбердi. Олар өздерiне қолайлы деген жерлердi таңдап, қазақтардан жалға алды, жыртып, тұ- қым септi. Жердiң құнарлы екенiне көздерiн жеткiзген олар, ұзақ мер- зiмдi жалға алу жөнiнде келiсiмшарттар жасасты, өздерiнiң жерлестерiн неғұрлым тезiрек жетуге шақырып, жанталаса әрекет еттi. Орыстардың елдi мекендерi пайда бола бастады. Кейiн ол жерлер өзiнiң бұрынғы иелерi байырғы халықтан тартып алынып, қоныс аударып келген орыс шаруаларының иелiгiне заңдастырылып берiлдi.
Шаруаларды iшкi Ресейден Қазақстанға қоныс аударту жөнiнде алғаш рет бастама көтерушiлердiң бiрi Жетiсудың әскери губернаторы г. А. Колпаковский едi. 1868 жылы оның тiкелей басшылығымен «Же- тiсуға шаруалардың қоныс аударуы туралы уақытша Ережелер» жа- салды. Онда қоныс аударушы шаруаларға бiрқатар жеңiлдiктер мен артықшылықтар беру көзделдi. Шаруалардың әрбiр ер-азаматына 30 десятинадан жер телiмi бөлiндi. Олар барлық алым-салық түрлерiн төлеу мен мiндеттi борыштарды атқарудан он бес жыл бойы босатылатын болды.
- Шаруалардың қоныс аудару қарқынының күшейе түсуi. 1892 жылы Транссiбiр темiржолының құрылысы басталды. Ол Қазақстанның солтүс- тiк өңiрiн басып өттi. Мұның өзi қазақтардың иелiгiндегi жердiң 4,2 мил- лион десятинасын қосымша тартып алуға жеткiздi. Темiржол құрылысы шаруалардың қоныс аударуына неғұрлым ұйымдасқан сипат бердi. Шаруалардың темiржол құрылысы аумағына (оның оңтүстiгiне қарай 100 шақырым жерге дейiн) қоныс аударуына Сiбiр темiржол комитетi де мүдделi болды.
Қоныс аударушы шаруалар адам тасуға бейiмделмеген қолайсыз вагондарда тасып әкелiндi. Петропавл және Омбы сияқты қалалардың темiржол торабы бекеттерiнде ондаған мың қоныс аударушы шоғырланды. Олар ашық аспан астында жатты, кейде ауа райының қолайсыз күндерiн де сонда өткiздi. Азық-түлiктiң жетiспеушiлiгi мен дәрiгерлiк көмектiң болмауы салдарынан адамдардың арасында ауру-сырқау көбейдi, тiптi өлiм-жiтiм де аз болған жоқ. Сондықтан да Омбы мен Петропавлда қоныс аударушылар пункттерi мен аурухана барактары жедел түрде салына бастады.
Ереже бойынша жергiлiктi халықтың «басы артық» жерлерiн, ондағы суару жүйесi мен су көздерiн қоса жаппай тартып алу көзделдi. Қоныс аударушыларға арналған қор құру үшiн «басы артық» жерлердi iздеп табу міндеттелінді. Патша үкiметi қоныс аударту басқармаларына қазақтардың жерлерiн тартып алуына және оларды ғасырлар бойы ежелгi отырған атамекенiнен күштеп қуып шығуына толық құқық бердi.
Қоныс аударып келген шаруалар өз алдарына жеке болыстарға бi- рiктiрiлдi. Алғашқы кезде олар уезд бастығына бағындырылды, кейіннен шаруалар бастығы деген лауазымды қызмет пайда болды.
- Жергiлiктi халық жағдайының нашарлай түсуi. Iшкi Ресейдегi шаруалардың Қазақстан аумағына қоныс аудару қарқыны мұндағы бай- ырғы халықтың жерiн жаппай тартып алуға ұласты. Қазақтар өздерi ғасырлар бойы отырған ежелгi қоныстарын, ондағы қыстауларын, ата- баба зираттарын тастап, қиыр шеттегi құнарсыз жерлерге көшуге мәжбүр болды. Отаршылдық саясат келiмсек орыс шаруалары мен жергiлiктi қазақтардың арасында ғана емес, қазақтардың өз араларында да жанжалды дау-дамайлар тудырды. Тартып алынған жерлердiң ең жоғары мөл- шерi Қазақстанның солтүстiк аймақтарындағы неғұрлым құнарлы жерлер едi. Мәселен, қоныс ауда- рып келген шаруалар қорына деп Омбы уезiнде бүкiл жердiң 52%-ы, Қостанай уезiнде – 54%-ы, Ақмола уезiнде – 73%-ы тартып алынды.
- Жетісу аумағына ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударуы. ХІХ ғасырдың 70–80-жылдары пат- ша үкіметінің бастамасы бойынша ұйғырлар мен дүнгендер Жетісу жеріне қоныс аудара бастады. Бұған дейін олар Қытайдың Іле өлкесінің аумағында тұрып келген еді. Ұйғырлар мен дүнгендер ХVІІІ ғасырда және ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қытай үкіметіне қарсы бірнеше рет көтеріліс жасады. Олар өздерінің ұлттық тәуелсіздігі жолында күресті. Алайда Қытай әскері оларды аяусыз басып-жаныштады.
1881 жылы Қытай мен Ресей империясы арасында Санкт-Петербург бейбіт келісімшарты жасалды. Ол бойынша ұйғырлар мен дүнгендер бір жылдың ішінде Жетісу облысының аумағына қоныс аударуға құқықты болды. Қазақстанға көшіп келген ұйғырлар мен дүнгендердің саны бір- те-бірте арта түсті. 1897 жылы қазақ жеріндегі ұйғырлардың саны 56 мыңға, дүнгендер 14 мыңға жетті. Қоныс аударушылар негізінен Жетісу аумағындағы Верный және Жаркент уездеріне орналастырылды. Ұйғырлар мен дүнгендер егіншілік, бау- бақша өсіру, ұсақ-түйек сауда жасау, басқа да әртүрлі кәсіп түрлерімен айналысты. Жергілікті халық пен қоныс аударып келген ұйғыр, дүнгендердің арасын- да тату-тәтті бейбіт қарым-қатынас орнады. Әйтсе де қазақтардың жер мәселесінің қиындап, нашарлай түсуіне өз әсерін тигізді.