Барды да бесатарды алды жұлып,
Николай қолтығына жатқан тығып.
Бір теуіп иығынан оятты да,
Бір тартып көз ілеспей кетті шығып.
Көк шұбар тұр белдеуде ерттеулі,
Далаға шыққанда оны көріп келді.
Тұлпардың жалын тартып бір-ақ ырғып,
Мінді де, қос тізгінге ерік берді.
***
Халқымның Әбдіғапар біліктісі,
Келмейді елдің ішін іріткісі.
Кешегі хан ордасы – «Көртоғайда»,
Қонақтап жатыр бүгін қырық кісі.
Бұл қазақ осындайда ырымшыл-ақ,
Мәнісін біле білсең мұның, шырақ.
Келіпті кек алмаққа – кеңес құрып,
Батырдың Амангелді құнын сұрап.
Сөйлесіп, бір-бірімен сыр алысып,
Сарқытын үлкендердің сұрап ішіп.
Халқымның қалпы да сол, салты да сол –
Күтетін жаудың өзін құрақ ұшып.
Қарасаң Үдербайдың ұлдарына,
Ешкімнің көнер емес ырбаңына.
Осы жол – жауласса да, дауласса да,
Шығады таразының бір жағына.
Осы жол – сыр ашысып, шешілмекке,
Айтылмақ соңғы шешім – кесім көпке.
Қалыпты қаны қатып, қасарысып,
Кешегі Бектепберген, Көшімбек те.
СЕРІК ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ