Бәрі өлшеулі.
Деміңе дейін өлшеулі,
Тағдырдың салдар-себіне дейін өлшеулі.
Жаялық-құндақ, тал бесігің де өлшенген,
Жастанар құйттай жеріңе дейін өлшеулі.
Өлшейміз бәрін.
Алысты шырқау жақынмен,
Жынысты-нуды жадағай-жайдақ тақырмен.
Гүлдерді оқпен салыстырамыз, атоммен,
Ақымақтықты салыстырамыз ақылмен.
Емшектің сүтін анаң де берген мөлшерлеп,
Мөлшердің бәрін атамаймыз ба өлшем деп.
«Көздің де жасы таусылады екен» дейтұғын
Соғыстан ұлы қайтпаған кемпір кемсеңдеп.
Салыстыру да, Салғастыру да – Бәрі өлшем.
Таусылу, туу. Бітпейді өлшем өле-өлсең.
– Біткені, – дейді тайғанап кетсе табаның,
– Жеткені, – дейді жүлдыздай жансаң егер сен.
Сүріну де өлшем, жүгіру де өлшем, жүру де,
(Көнген ғой пенде өлшеулі өмір сүруге.)
Өткелек өмір өрмекші құры секілді,
Салмағын соның болса ғой өлшеп білуге.
* * *
Өмір жылдам атқан оқтай зымырар,
Көңіл – құбылаң. Құбыласына жығылар.
Біз – пендеміз өз билігін өзі әлі
Ұстай алмай от пен суға ұрынар.
Пайғамбар жоқ, дін-шарғысы тозды оның,
Баса алмады ол ақыл-ойдың безбенін.
Бірақ әлі адамдардың көп көрем
Өз көңіліне өзі иілген кездерін…
* * *
Отанды сүй. Отқа түс от лауласа,
Ал егерде, егерде от болмаса,
Сүйгеніңді Отанды көрсетем деп
Жасай көрме, жарқыным, тек далбаса.
Кім анасын сүйем деп айқайлайды,
Сыйлағаны үшін кім той тойлайды?
Сыйлағанын, сүйгенін анасына
Айта алмайды айқайлап, айта алмайды.
Отан – ана…
Сүйе бер, сүй үнсіз-ақ,
Сол махаббат – мәңгілік жылу-шуақ.
Отан-анаң алады түбі сынап,
Түбің шикі болмасын…
Түбі, шырақ!
* * *
Отанды сүю, өзіңді сүю – бір ұғым,
Отаннан тарар
тамырың менен түбірің.
Отаның сонда жүрегің болып шықпай ма,
Өзіңнен артық кім білмек жүрек дірілін?..
Отаның, демек, өзіңнің кұйттай жүрегің,
Жүрегің қақса, сенің де заңды жүдеуің.
Жарыла жүрек, қуанар кезің болса да,
Қабынып жүрек, қорқа көрмесін – тілеуім.
Қуану, қорқу тұрар ма бірақ алмаспай,
Отаның – анаң, төзіміне адам нанбастай.
Ауырса анаң, таба алсаң емін болғаны –
Еш жақтан сондай балгер де іздеп, бал да ашпай.
Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ