МАҚАНШЫ МӘНЕРЛЕРІ (Қабдеш Жұмәділовке)

Таулардың тарланы екен Тарбағатай,
Мінезі маң-маң екен Тарбағатай,
Қолаты қорған екен Тарбағатай,
Пай-пай, пай, оң қанаты-ай, сол қанаты-ай!
Тұрқына тұғыры сай Тарбағатай,
Тұрпатқа ғұмыры сай Тарбағатай,
Ызғарға жылуы сай Тарбағатай,
Пай-пай, пай, Ебі желі емге қат-ай!
Шыңдары қиыр-шиыр Тарбағатай,
Шежіре ию-қию Тарбағатай,
Асуың қиын-қиын…асу қиын,
Тағдырын түсіндім ғой енді, ағатай!
* * *
Махаббат болды ма өзі, болып па еді?
(Махаббат демеңіздер желікпелі.)
Махаббат болса – болды,
Онда оңды –
Мәңгі ме, минуттік пе, кемітпе оны.
Өйткені бір сәті де, мәңгісі де,
Жүректің жүгінгенде заңды ісіне,
Бағың боп,
Сорың боп та айналады
Кішкентай тағдырыңның «тәңірісіне».
 
Менің бүкіл өлеңім Отан жайлы,
Отан берген бойымда от ойнайды.
Отан – жүрек, жүректен нәр алмаған
Отықпайды ешқашан, отаймайды.
Отан – жүрек.
Жүректің әр дірілі –
Соққаны емес тамырдың, тағдыр үні.
Отан – жүрек, жүректің иесі – біз,
Біздің қолда мықтылық мәңгілігі.

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *