ОТАНШЫЛ СЕЗІМ

Үлкен Отан, Ұлы Отан,
Балалық шақтан сезінген,
Сүйгеннен бауырың езілген.
Балалық шақтан бері біз –
Отанның құйттай төліміз.
Бір ауыз танбай сөзінен,
Бір елі таймай көзінен,
Бірге өсіп келе жатырмыз
Отанның Біздер өзімен.
Бар ұрпақ солай, әр ұрпақ
Отанға берер отттарын.
Отанға төлер тапқанын,
Отаннан алар жоқтарын…
Үлкен Отан, Ұлы Отан –
Ұлы тау, яки ұлы таң.
Шыңына бір шығарар,
Шұғыласына бір орар
Әр ұрпақтың соқпағын.
Отанмен атам жолықты
Сардарға, мүмкін, ергенде.
Өз әкем, мүмкін, ауылда
Алғашқы туды көргенде
Немесе сонау Берлинге
Сол туды ұстап келгенде.
Отаншыл сезім ешқашан
Қарамайды әсте көр-жерге,
Бөлектегенге, бөлгенге,
Көнбейді ол әсте құлдыққа,
Қорықпайды ажал төнгенде,
Өлмейді ол сен өлгенде!
…Қырықыншы жылдар соңының
Сөніп бір жанған жарығы,
 
Отаншыл сезім от болып
Біздерге қалай дарыды?
Аштықты біздер білмейміз,
Соғысты біздер көрмедік.
Терезе жұртпен тең болып,
Теңеді біздер өссек те,
Есерлікке ерік бермедік.
Жеңістің гүлі – Біздерміз
Өртеңге өскен өң беріп.
Ғарышқа қарап талпындық
Аяулы ана – Жер болып.
Отаншыл сезім біздерге,
Балалық шақтан дарыған.
Айрылған әйел жарынан…
Зәрезап едік зарынан.
Зарлай да жүріп сол әйел
Түйетін талқан тарыдан,
Түспейтін ұршық қолынан,
Сүйріктей саусақ кетпеннің
Сар мейіз еді сабынан,
Ұялап қалған сары су
Қақсайтын еді қарынан.
Сонда да «колхоз шаруасы,
Қалды-ау деп бітпей» налыған.
Бір ғажап мейірім болмысы
Білінуші еді бабынан.
Садаға еді сайтан сөз
Беттегі иман, арынан.
Бір үзіп берсе нанынан,
Шықпайтын едік жанынан.
Отаншыл сезім…Біздерге
Балалық шақтан бақ қонған.
 
Бар еді ағам балдақты
Аяғын соғыс ап қалған.
«Бір басқа бір көз, бір аяқ
Шүкірлік, қалқам, шақ болған»
Дейтұғын еді ол.
Бұл сөзі
Дүйім бір елге дәт болған.
Мінетін атқа бір ырғып
Сықырлап сол жақ қапталдан.
Түсетін аттан домалап
Құлаған тастай жақпардан.
– Өттік қой аман оттардан,
Қалдық қой тірі оқтардан…
Маңдайдан мені сипайтын
Сені тірі болсаң, –деп, – қарғам, –
Маңдайдан сипап бір күні:
– Ертеңің – ертек, – деп қалған.
Содан соң аз-кем тоқталған,
Артына мені мінгізіп,
Көпжиде жаққа ап барған.
– Көпжиде мынау шоқталған,
«Атамекенің», – деп қалған.
Кешегі қанды соғыста,
Бұл жерден, қалқам, алыста
Ағаларың да көп қалған…
Топырағын сосын уыстап
«Құнары-ай, шіркін» дегенде
Көзіне тамшы кеп қалған.
Отаншыл сезім біздерге
Ағадан солай кеп қонған.
Дарыған бізге бұл сезім
Адалдық, ардан, серттерден.
Қалғанда ер есен оқтардан,
Қалғанда ел аман оттардан,
Сондықтан да ол бірбеткей
Туатын мәрттей серттерде.
Ертеңге өскен гүлдердей,
Тас жарған аумас шөптерден.
Отаншыл біздің сезімге
Ғарыштық дәуір дөп келген.
Сондықтан біздің бұл сезім
Өшпейтін өмір от берген.
* * *
Он жеті жастан, он сегіз жастан сүйгенмін,
Жиырма бес ерек…
Отызда бөлек күйге ендім,
Отыз бесте де, қырық бесте де сүйгенмін,
Сүйе беремін қурап қалғанша сүйегім.
Сүйгеннен ернім жұқарса, мейлі, жұқарсын,
Сүйгеннен жүйкем жұқарса, мейлі, жұқарсын,
Сүйгеннен көңілім мұқалса, мейлі, мұқалсын,
Сүйгеннен өмірім қысқарса, мейлі, қысқарсын.
Тек сүйсем болды, минут па, әлде мәңгі ме?
Ұзағында ма, қысқасында ма әңгіме?
Дәнінде емес пе, дәмінде емес пе әңгіме,
Мәңгі есте қалар мәнінде емес пе әңгіме?..
Машақаты мен мұңында емес пе сыры, ізі,
Буынға түскен уында емес пе уызы?..
 
Мұңнан да рақат, удан да уыз ұюы,
Сол емес пе екен адамды адам сүюі?..
Сондықтан сүйем, сол үшін сүйем сонша көп,
Мұңнан да рақат, удан да уыз тамса деп.
Сүйе алмай налып болғаным да бар сонша әлек,
Сүйіп те қалып, күйіп те қалдым қанша рет.
Сонда да сүйем, сонда да сүйе беремін,
Бәріңді сүйем, бәріңді иеленемін.
Сүйе беремін, сүйе де сүйе шаршасам,
Махаббатыма маңдайды сүйеп өлемін.

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *