Жолдастық туралы

Кім біледі,
өзімде де бар ма мін, –
өзгелерге ұқсамады талғамым, –
қанша жігіт жолықпады тірлікте,
бірімен де жолдас бола алмадым!
Артық міндет жүктедім бе,
кім білген,
түгі де жоқ бола тұра бүлдірген,
біреуінің қылдай мінін көрдім де, –
қайтып оған жолай алмай жүрдім мен.
Ыңғайына жығылды ма әлдінің,
қолтығына тығылды ма дәл бүгін? –
Бөтен елдің баласындай көрдім де,
кешіре алмай, кете бердім,
сәл мінін.
Шікірейіп шыға келіп, енді елге
шекесінен қараса бір шерменде,
жұрт ішінде жалбалақтап соған да,
қалбалақтап,
қол бергенін көргенде;
кешегі бір –
жақсылығы жұрты ұққан, –
кісіден де кеттім айнып пір тұтқан.
Енді көрсем –
үрейленіп тұрамын,
қорыққандай қосауызды мылтықтан!
Жекіргенмен,
жете қойсын кімге әлім,
досымнан да кеттім айнып бір ғалым.
көріп қалдым,
әйелінен жасырын,
теріс қарап,
тиын санап тұрғанын!
Тарпа бас сап,
тартып алар деді ме,
байқамаған болғансыды мені де,
Сондайларды құп алайын қалайша,
қалай ғана шығарайын төріме!
Кім біледі,
өзімде де бар ма мін,
өзгелерге ұқсамады талғамым,
Көп жігітке кезіксем де тірлікте,
көрінгенмен жолдас бола алмадым.
Өзгелерден биік пе еді шоқтығым,
осылайша өтті жылдар, өтті күн.
Енді келіп сезіп тұрмын, қайтейін,
жан қиысқан жалғыз жолдас жоқтығын!
 
Сәкен Иманасов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *