– Аға, – деді бір інім, –
(кекесінін сездірмей),
Айтыңызшы ашығын,
осыншалық неге Сіз,
Тетелес пе,
теңдес пе –
жұрттың бәрін көзге ілмей,
көктен түсе қалғандай
кекірейе бересіз?
– Жер жарып-ақ екпінің,
тұр екен-ау, текті інім,
ренжітер өзіңді
ретім де жоқ бүгін,
менсінбесем тірлікте, –
менсінбедім мен, рас,
бәлекетін баланың,
әрекетін ептінің.
Көре тұра, Құдай-ау,
кердеңдеген езді мен,
көпе-көрнеу көлгірсіп,
қалай ғана көзге ілем?
Айнымалы қылығы,
аярлығы, былығы
жақпайтынын жасырмай,
жатпай-тұрмай сездірем.
Жүгінгендей болады
өзіңдегі жоқ арға,
кекіреймей, мен сонда
қол берем бе соған да?
Сұмырайды – ұрты қан,
сөге тұрып сыртынан,
көрген жерде қолпаштап
көлгірсіген оңар ма?
Артылам деп көршіден,
ауруы өршіген
ағайынға өзің-ақ,
асыл інім, берші дем,
біле тұра
ішінде ит өліп те жатқанын,
қылымсыған біреуді
қалай ғана менсінем?
інісініп күлгенге,
ірі ме деп жүргенде,
Кекірейіп кейбірі шыға келсе бір демде,
күнім түсіп тұрса да,
көпе-көрнеу көзге ілмей,
аулағырақ кеткенім артық шығар,
білгенге!
Азамат деп жүргенім,
айналғанда пендеге,
мүләйімсіп өтірік,
менсінейін мен неге?
тынымы жоқ тірлікте
таба алмай-ақ кетейін
таппасам да татарға ас,
ондайлармен қатарлас
шықпас едім төрге де.
Аңғармастан анығын,
артығырақ кеттің бе,
ренжітер өзіңді
ретім де жоқ мүлде, –
құбылмалы қылықтар,
бұлаң құйрық,
былық бар, –
әйтпесе,
мен біреуді менсінбейін деппін бе?»
Сәкен Иманасов