Ауылдан оқшау,
шеткі үйде,
елей де қоймай ұдайы ел,
өзімен-өзі,
тоқ күйде
тұратын еді бір әйел.
Тұратын еді бір өзі,
жұпыны ғана тірлігі,
суықтау еді мінезі,
тұйықтау еді – бір міні.
Айтпайтын ашып әсте сыр,
көңілін бұрып кешкі нұр.
Өзімен-өзі
жас жесір
оңаша ғұмыр кешті бір.
Кердеңдей басып,
керіліп,
керісіп кесір жеңгемен,
жесірмін-ау деп,
желігіп
жүргенін ешкім көрмеген.
Мұңданар әлде «жынданар»,
бар-жоғын білмей кеткенде,
сыпсыңдап суық бір хабар,
сумаңдап алып жетті елге.
Желпілдеп түгел түңліктер,
ыбыр да сыбыр кетті үдеп, –
дегбірі қалмай,
дүрлікті ел:
«Жәмила жүкті бопты!» – деп.
– Не дейді, құдай?
– Нансақ па?
– Масқара мынау! – деп халық
жүгіртіп ауыл сан-саққа,
бірінен-бірі кетті алып.
Жақының да бар, жатың да
көргендей қызық керемет,
он байдан шыққан қатын да
шымшыды бетін, не керек!
«Әйелдің жыртып намысын»,
жүзқара болған қарды аяп,
Әлекке түсті абысын,
алынбас өші бардай-ақ.
Алай да дүлей, таң ата
өткендей соғып бір дауыл,
жесірді жерге қарата
дүрлігіп барып…
тынды ауыл…
…Біртіндеп өсе түсті іші,
тоғыз ай, тоғыз күн өтті,
абысын-ажын пыш-пышы,
жесірді қанша жүдетті.
Алданып қалған сезім бе,
асырды ма әлде қулығын, –
тоғыз ай толған кезінде
толғатып барып, туды ұлын!
Жоқ еді жауы, жауыз да, –
(мұндайды бірақ жатқа бер).
бір елі ғана ауызға
екі елі қақпақ таппады ел.
Дүрлігіп тағы тұрды ауыл,
біріне-бірі жел берді,
толғағы жетіп туған ұл,
тоғыз ай өсек болды енді.
Шәйнегін сарқып әр үйдің,
абысын-ажын алқынды.
Сүйкімді ғана сәбидің
әкесін іздеп шарқ ұрды.
Ашпастан елге әсте сыр,
Тұрса да қайнап іштегі от,
жүретін еді жас жесір
қып-қызыл ернін тістелеп.
Жасаурап қойып көз кейде,
Қызығы болып ендігі!
Білмей де бірін,
сезбей де
уілдеп, өсе берді ұлы.
Бедеулеу жүрген кезінде,
бере де салған шаттығы –
ісі жоқ елдің сөзінде,
іңгәлап, өсіп жатты ұлы.
Тынарын біліп кесірлі үн,
тербеліп төрде ақ бесік,
арыстай ұлы жесірдің
алысып,
ойнап, жатты өсіп.
Аймалай сүйіп анасы,
құлақтан кетпес болды үні.
Көзінің ақ пен қарасы
осы деп біліп ендігі.
Біресе бойдан әл кетіп,
тағдырға мынау нали ма,
алдына ап ұлын,
әндетіп
отырар еді Жәмила:
«Әкесі бар жүз бала
тырнағыңа татымас.
Қырындарсың қызға да,
болмашы, ұлым, қатыбас.
Жақсыға да жаманға
жұрт өсегі бірдей өш. –
Сызат қалмай санаңда,
қаңқу сөзді білмей өс!
Кісі жолын кесе өтпе,
кетер дейсің кімге есең.
Қайдағы бір өсекке
құлақ түріп жүрме сен.
Ақ сүт берген анаң да,
әкең де мен ендігі.
Ақ жолыңды табарда,
еске сақта сен мұны.
Сырты – жылтыр,
бос кеуде
адам аз ба өмірде,
жат санауға, дос деуге
дәтің бармас, тегінде,
әлдекімге, қарағым,
түрің де ұқсап барады-ау:
қасы-көзің, қабағың,
танауың да –
бәрі… анау!
Онда сенің жоқ ісің,
анаң айтқан долбары.
…Со жазғанға…
тек ішің
ұқсамаса болғаны!
Тағар дейсің кім айып,
кінәламас көп, тегі,
Заманыңа лайық,
жігіт болсаң –
жеткені!»
«Сорым ба,
менің бағым ба,
берді, – деп, – құдай бір бала» – –
қызыға қарап сары ұлға,
қымсына сөйлеп жүрді Ана.
Табиғат тарлық еткен бе,
ой берді ұлға,
бой берді,
әрі де бері өткенде
ағайын:
«Қалқам!» – дей келді.
Жетім деп ешкім жасытпай,
шырадай жанып қос көзі,
оңтайлы,
оңқай асықтай,
ойлы да болып өсті өзі.
Түр берген,
өткір тіл берген,
өзгеден біраз озды иық,
жақындап барып
бір көрген
кете алмас еді көз қиып.
Қыстығып қана жүргенде,
қосылып ұлы дүрмекке.
Жәмила жесір
бір демде
ілінді, дейсің, құрметке.
Ақ таңдай болып әр атқан
нұр шашып айбат, кескіні,
аузына жұртын қаратқан
азамат болып өсті ұлы.
Мінез де, мін де жоқ қызба,
соңына салып құрбыны,
күйік те болып көп қызға,
Сүйіп те сұлу жүрді ұлы.
Бұйырды талай тұз дәмі,
қиырды кезді Ерұлан, –
абысын-ажын қыздары
шұбырып ерді соңынан.
Қанша бір қыздың анасы
қысылып жүрді ішінен.
Наласы да бар, жаласы…
Түсінем бәрін,
түсінем.
Көз тастап қойып жүрді Ұлға,
Кешегі гу-гу тіл байлап,
қызғаныш атты құрғыр да
қыңсылап, ішті тырнайды-ақ!
Айғыздап әжім жүзін шат,
қартайды Ана ақ көңіл, –
қамшыдай еді ұзын сап,
қысқарып бара жатты өмір.
Бетіне мезгіл салды ізін,
сындырды тірлік сағын көп,
жүргені дәйім жалғызын
маңдайға біткен бағым, деп.
Жүрегі сыздап нешеме,
білегі талай талды істе.
Бәріне шүкір,
Десе де,
ащы бір өсек қалды іште.
Жазбасын деңіз кесірге,
арманға бірден жетті кім,
Түсініп соны,
жесір де
жеткізіп барып кетті…
ұлын.
Өзгеден тартқан мұңы ма,
өзінде қандай күнә бар –
қиылатыны ұлы да,
сиынатыны – бір-ақ Ар.
Төңірек түгел дір еткен
үзілер сәтте жесір дем:
…Аналық үлкен жүрекпен
Бәрін де…
бәрін…
кешірген!
Сәкен Иманасов